Омиралина Жанаргуль Куанышевна
Астана қаласы әкімдігінің
№52 «Еркетай» балабақшасы
тәрбиеші
Адам өмірінде мамандық тандау, өз жолы табу, қоғам мен келер ұрпақтың дамуына үлес қосуы әрдайым маңызды орын алады. Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпынысы болып табылады. Менің мамандық тандауым саналы түрде, үлкен жауапкершілікпен қабылданған шешімдерімнің бірі. Себебі тәрбиеші адам өмірінің бағдарын жасаушы, келешек ұрпақтың сәулетшісі. Сондықтан «өзгенің бақытын аялаған» тәрбиеші маманы жаныма жақын болды.
Бала қалай өседі? Ол мейірімді, жауапты адам, шығармашылық тұлға бола ма? Бұл негізінен күнделікті жұмысқа, әдептілікке және рухани жомарттылыққа байланысты. Біздің балабақшаның барлық күш-қуаты әрбір баланың айналасында махаббат пен түсіністік қалыптасқан, өскелең ұрпақтың дарынды тұлға болып қалыптасуына негізделген үлкен еңбек пен мейірімдік ұялаған асыл жандар тұрады. Балабақша есігін ашқан әрбір бүлдіршінді, жер топырағына жаңа отырғызған ағаш талымен салыстыруға болады. Оның терең тамыр жайғаны, жасыл бүршік жарғаны, жайқалып өсуі бірден күтіп өсірген маман иесінің еңбегіне байланысты. Қиындығы мен қызығы, ауыртпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстаным – әр баланың бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, білім бұлағының көзін ашып биік шыңдарға жетелеу.
Біздің білім ошағындағы баланы тәрбиелеудегі негізгі мақсат — дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, бойында игі қасиеттер қалыптасқан, сонымен қоса мейірімділікті, қайырымдылықты, кішіпейілділікті бойына сіңірген өскелең ұрпақ тәрбиелеу.
Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала ролде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір, алайда, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Бұл деген өте үлкен бақыт. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Баяғы Сократтың «Таным – бұл жақсылық» деген пәлсәпалық қағидасы дәл осы жерде тікелей мағынасына ие. Баланың жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын тәрбиеші оның тұлға ретінде жетілуіне септігін тигізе алады. Алдымда отырған жас бүлдіршіндерімнің сүйкімді де, әдемі, байсалды да, ақылды жүздерін көрсем үлкен бақытқа кенелемін.
Баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз тәрбиешілердің еншісінде.