Әбдіманап Дана Қанатқызы,
ҚазҰПУ, Филология институты,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
мамандығының 2-курс студенті, 210-топ.
Ұстаздық мамандық – қыр-сыры көп, ерекше талант пен талғамды қажет ететін, қасиетті мамандық. Осынау киелі мамандыққа баулитын білім ордасы — Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқып жүріп, бір тамаша форумға қатысу мүмкіндігі туды. Бұл — 20-24 ақпан аралығында өткен «Әдістемелік десант: жас мамандар мен болашақ педагогтарға кәсіби қолдау» атты республикалық форумы. Әдістемелік десант жұмысының өтуіне университетіміздің кәсіби шебер ғылым-ұстаздары, академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. Н.А.Ильясова, п.ғ.д. Р.С.Рахметова, п.ғ.к. Б.Т.Қабатай, п.ғ.к. А.Қ.Рауандина, аға оқытушылар Н.У.Қылышбекова., Г.М.Текесбаева, Ш.Д.Құттыбаев ұйытқы болды.
Шараға Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы, Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты, «Өркен» ұлттық ғылыми-практикалық балалардың хал-ахуалы институты, Алматы облыстық оқу-әдістемелік орталығы, ЖОО ғалымдары, мектеп басшылары, сертификатталған коуч-тренерлер, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, студенттер қатысты. Жас мамандар мен болашақ педагогтерге инклюзивті білім беру, қазақ тілі мен әдебиетін оқыту, сондай-ақ, шағын жинақты мектептердегі оқыту мәселелері бойынша педагог-ғалымдар, мектеп басшылары, әдіскерлер, коуч-тренерлердің тәжірибесін көрсету, пікір алмасуды және кері байланыс жасауды мақсат тұтқан әдістемелік десант жұмысы қатысушылардың теориялық-әдістемелік тұрғыдан қарулануына жол ашты.
Әдістемелік десант жұмысында инклюзивті білім берудің теориясы мен тәжірибесін сабақтастырудың жолдарын білу, шағын жинақты мектептердің оқыту тәжірибесіндегі ерекшеліктерді түсіну, функционалдық сауаттылықты дамытуда қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың маңызын көрсету, коуч-тренерлердің тәжірибесінен сабақ алу, теория мен практика теңгерімінен алған білімдері бойынша кері байланыс тапсырмаларын орындау маңыздылығы жайында кеңінен қозғалды.
Форумда көтерілген мәселелер бойынша студенттер арасында «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында инклюзивті білім беруді ұйымдастыру әдістемесі», «Шағын жинақталған мектеп оқушыларына қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жолдары», «Қазақ тілі әдебиеті сабағында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға арналған тапсырмалар» тақырыбында байқау өткізудің өзі қатысушыларға ерекше шабыт сыйлады. Шыны керек, осы шараға қатысқаным, болашақ мамандығыма қатысты ақпараттар алғаным үшін қатты қуандым.
Маған форум несімен ұнады? Ең алдымен, жаңашылдығымен, тәжірибенің молдығымен, тренингтер мен әдіс-тәсілдердің қажет жерде орынды пайдаланылуымен ұнады. Көңілге қонымды, өте әсерлі, берері мол бұл форум тамаша естеліктерге толы болды. Қатысушылардың ерекше белсенділігі мен ұйымдастырушылардың, модераторлардың бірінен-бірі өтетін баяндамалары мен тренингтері ұстаздық мамандыққа деген сүйіспеншілігімізді одан әрі арттырды.
«Пленарлық мәжіліс инклюзивті білім беру және шағын жинақталған мектеп: теория және тәжірибе» тақырыбында өткен алғашқы күн Филология институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Таңжарықова Алуа Василийқызының модераторлығымен өтті. Шара Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма Төрағасы, ректор Біләлов Дархан Нұрланұлының алғы сөзімен ашылды. Бұдан кейін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы, PhD доктор Сақтағанов Балабек Кеніштайұлы «Білім беру ұйымдарындағы инклюзивті мәдениеттің психологиялық аспектілері», «Өркен» ұлттық ғылыми- практикалық балалардың халахуалы институтының аға ғылыми қызметкері психолог кеңесші, халықаралық сертификатталған коуч Абдикаликова Берикгуль Тулепбергеновна «Инклюзивті білім беру жағдайында шағын жинақталған мектептерде коммуникативті іс әрекетті жақсартуда психологиялық педагогикалық қолдау», Алматы облыстық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері, практик-психолог Камбаралиева Индира Талгатовна «Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді ұйымдастыру ерекшеліктері», «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша КДИ директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, PhD доктор Масимова Хуршидам Ташболатовна «Инклюзивті білім беру және шағын шинақталған мектептер мәселесін зерттеуде бірлескен жұмыстың маңызы», «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша КДИ-нің «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Бисенбаева Меруерт Кенжеғұлқызы «Шағын жинақты мектептердің біріктірілген сыныптарында оқу үдерісін ұйымдастыру ерекшеліктері» тақырыбында ойларын ортаға салды. Өзара сабақтасып жатқан аталмыш тақырыптар барысында өзекті, көкейтесті мәселелер қозғалды.
Форумның екінші күні академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ильясова Нағима Әбзелбекқызының модераторлығымен өтті. «Инклюзивті білім беру және логопедия» орталығының басшысы, «Дефектология» мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі Жунусова Жанар Азатбекқызы «Ерекше балаларға білім берудің әдіс-тәсілдері», «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы, Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты, «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, тренер Абдрахимова Жадыра Жолдасбековна «Девиантты оқушылардың психологиялық сипаттамасы және алдын алу жолдары» тақырыбындағы ақпараттарымен бөлісті.
Келесі күні Жетісу облысы Көксу ауданы Жеңіс орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Керімбекова Әлия Ержанқызы «Шағын жинақталған мектепте мектепшілік бақылау жүргізудің ерекшеліктері мен проблемалары», Алматы облысы Жамбыл ауданы Сұңқар орта мектебінің директоры Тиктенбаев Мамед Адилханович «Серіктестік жұмысының шағын жинақталған мектеп ұстаздарының кәсіби өсуіне әсері», «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша пәндерді оқыту ерекшеліктері кәсіби даму институты» «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, тренер Карсыбаева Арай Байжановна «Шағын жинақталған мектепте тілдік ерекшеліктерді оқыту» тақырыбында ойларын ортаға салды.
Ильясова Нағима Әбзелбекқызының модераторлығымен 23 ақпан күні де өте қызықты өтті. Бұл күні қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессорлары сөз алды. Атап айтар болсақ, п.ғ.д. Балтабаева Жаңалық Қылышовна «Түрлі құрылымдағы мәтіндер негізінде жазылым дағдыларын жетілдіру», п.ғ.к. Қабатай Бидана Тұрсынханқызы «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша оқырмандық сауаттылықты қалыптастыру: жаңа форматтары мен тәжірибелері», п.ғ.к. Рауандина Айтжамал Қалкенқызы «Грамматикалық дағды − дұрыс сөйлеудің кепілі», п.ғ.к. Бораш Рыскүл Байділдәқызы «Әдебиет сабағында кейіпкер бейнесін талдау: теориясы мен әдістемесі», аға оқытушы Бақбергенова Роза Қожабайқызы «Ыбырай Алтынсарин және функционалды сауаттылық мәселесі» тақырыбындағы баяндамалары мен тренингтері қатысушылардың көңілінен шығып, алған әсерлерін білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Форумға қатысу арқылы қазақ тілінің күллі жаратылысты, ғылымды, білімді танудың кілті екендігіне тағы да бір көз жеткізгендей болдым. Неге десеңіз, ана тіліміз арқылы әрі оны жетік білу арқылы білім, ғылым көкжиегінде еркін қанат қомдаймыз. Ал оны оқыту — ұстаздардың еншісінде, десе де оқытудағы қиындықтар, ең алдымен, оқушының оқимын деген талпынысына тікелей байланысты. Тіл құдіретін тануға тырысса, ұстаздың бағы жанғаны. Ал ұмтылыстың аздығы еңбектің нәтижелігін де әлсіретеді. Жұмыс бар жерде қиындық кезігері хақ, форумда оларға тоқталып, қиындықты еңсеру жолдарын ұсынылды. Оқушылардың пәнді ең оңай пән деп қабылдауы да кедергі келтіреді, бұл ретте, біздер, болашақ ұстаздар керісінше пәнді терең білу оның басқа да пәндерді жылдам игеруіне жол ашатынын түсіндіруге, маңыздылығын ұқтыратындай тапсырмалар беру қажеттілігіне тоқталды. Келесі кезекте жиі кездесетін кедергілер — ретінде оқушылардың мәнмәтін мен грамматикалық тапсырманы байланыстыра алмауы. Берілген мәнмәтінді игеруде аса ұқыптылықтық қажеттігін, жауапкершілік жүгін сезінудің маңыздылығын түсінген оқушы тез-ақ игереді, тек күтілетін нәтижені ұғына жұмыс жасауы керек. Ал грамматикалық тапсырмалар алған білімді теорияда қолдануға машықтандырады. Сол себепті бала алған білімін практикада қолдануға ұмтылуы керек. Ол үшін грамматикалық тапсырмалар оқушы үшін өте қызықты болғаны абзал. Бұл оқушылардың функционалды сауаттылығының жоғары деңгейде болуына да ықпалын тиігізері хақ. Оқушылардың тіл байлығының аздығы да көптеген қиындықтарға жол ашады. Ол үшін біз ауыз әдебиеті үлгілері жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтел, шешендік өнермен жұмыс жасағанымыз әлдеқайда тиімді болмақ. Бала әр сөздің мағынасын түсініп өскенде ғана, ана тілінде айшықты мысал келтіріп, көркем сөйлеп, құлақ құршын қандыра жыр оқитын халге жетеді. Осы орайда, тіл білімі салаларын бір-бірімен байланыстыра жұмыс жасау әлдеқайда тиімдірек деп ойлаймын. Мысалы, бір сөйлем беріп, оның ішінен кемі екі сөзге лексикалық, фонетикалық талдау жасатып қана қоймай, синтаксистік және морфологиялық талдауды да қатар қамтып жасату тіпті нәтижелірек болмақ. Синтаксистік талдауда сөйлем мүшелеріне ғана емес, сөз тіркестерінің түріне де талдау, ал морфлогиялық талдауда сөз құрамымен қоса, сөз таптарына да толық талдау жасаса, нұр үстіне нұр болар еді. Иә, әрине талдау жасау үшін ережені білу шарт, ережені қатар қамтып талдап отыру, өткен біліммен алдыңғы біліммен байланыстыруына жол ашады. Ең алдымен, қиындық неден туындады, оны жеңу үшін не істейміз деп, оқытушы да, оқушы да алдын-ала керібайланыс жасап, одан кейін жүйелі жоспар түзіп жұмыс жүргізіп, қажет жерде, дер кезінде түзету жасаса, әлдеқайда сапалы әрі нәтижелі жұмыс болмақ. Осы жолда ұстаздар қауымына тек сабырлық пен шеберлік жәрдемші болары анық.
Аталмыш форум маған ерекше шабыт сыйлады. Болашақ ұстаз ретінде өзіме-өзім есеп беріп, жаңа жоспарлар құруды мақсат тұттым. Мен өз болашағымды елімнің болашағымен байланыстыра отырып, ұстаздық мамандықты, соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болуды таңдадым. Таңдауымды қолдап, қиялыма қанат бітіріп, шағармашылығыма шабыт берген, арманымның орындалуына мүмкіндік жасаған ұстаздарыма шексіз алғыс білдіремін. «Қазақ қызы» деген атқа лайық болып, инабаттылығыммен, көркем мінезіммен, кемел біліміммен, өнегелі тәрбиеммен болашақта ұстаздарымның, ата-анамның, елімнің үмітін ақтағым келеді. Қазіргі таңдағы мақсатым — сауатты да, саналы шәкірт тәрбиелеп, еліміздің гүлденуіне өз үлесімді қосу. Осы бағыттағы жұмыстарымда аталмыш форумнан алғаным мен түйгенімді пайдалануды жөн санадым.