Сагынганова Мереке Жасаганбергеновна,
Астана қаласы әкімдігінің
№93 «Айгөлек» балабақшаcы тәрбиешісі
Армысың, Әз наурыз!
Мақсаты: «Наурыз» мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт — дәстүрін көрсету және оны құрметтей білуге тәрбиелеу. Наурыз мерекесінің қазақ даласындағы орны, наурыз мерекесі туралы түсінік беру, Наурыз мерекесін ұлттық салт — дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен байланыстыра насихаттап, ұрпақтардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.
Көрнекілігі: киіз үй көрінісі, бесік, ұлттық тағамдармен жасалған дастархан.
Бала: (жүгіріп шығып) Сүйінші! Сүйінші! «Адал» ауылында Нұрипа әженің үйінде атқа мінер дүниеге келді. Алақай! Бесік тойға келіңіздер!
Музыка ойналып балалар кіреді.Алдынан бір топ әжелер шығып қарсы алады.
Әже: Қош келдіңдер, қонақтар! (шашу шашылады)
Тәрбиеші: Қош көрдік!Ұлыс оң болсын! Наурыз құтты болсын! Дүниеге келген сәбидің бауы берік болсын! Ауылдарыңызға алыстан ат терлетіп , «Бесік тойға» келіп қалдық. Құр қол келмедік ән мен жырмен қоржынымызды толтыра келдік.
Әже: Әп,бәрекелді, балаларым! Азан шақырып, бөбектің атын қою үшін ауылдың ақсақалына жол берейік әуелі
Ақсақал: Бұл сәби Самарханның көктасы жібіп, күн мен түн теңелетін жыл басы Наурыз тойының қарсаңында дүниеге келді. Сондықтан аты Наурызбай болсын!(құлағына 3 рет айғайлайды) Аллаһу акбар! Аллаһу акбар! Аллаһу акбар! Сенің атың Наурызбай! Сенің атың Наурызбай! Сенің атың Наурызбай!
Әже: ормал тон болмайды жол болады дейді қазақ , келін атаңа шапан жауып батасын алайық.(шапан жабады)
Тәрбиеші: Ал, енді бесікке салу ырымын жасайық әжелер!
Әжелер жиналып, бөпені бесікке салып, «тыштыма» жоралғысын жасайды
(түбектен тәттілерді салып, тыштыма деп сұрағанда, алған бала тышты деп жауап қайтару керек)
Бесікке 7 түрлі киім жауып, бөбектің ұйқысының қалың болуын тілейді.
Тәрбиеші: Ал,балалар бөпемізді бесікке бөледік, енді бесік жырын айтып ұйықтатайық .
Бесік жыры
Әже: Келінжан, бесікке салған әжелеріңе тойлығынды әкел, орамал жауып, жөн жоралғысын жасайық
(орамал таратады)
Тәрбиеші: Әжелер, сіздерден ауылдың алты ауызын сұраймыз!
«Дедім-ай ау» әні
Тәрбиеші: Ортамызда ашайық.
Ән мен күйді төгіп біз,
Інжу маржан шашайық!
«Қамажай» биі
Әже:Ау, балалар не отырыс? Ортаға шығып арқан тартысып, күш сынасып , бір сергіп алмадыңдар ма!
Ойын: «Арқан тартыс» (екі топқа бөлініп арқан тартады)
Тәрбиеші: Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы – Наурыз көже. Наурыз көже жеті түрлі дәмді астың құрамынан жасалады. Оның мәні жаңа жылда тойымшылық, молшылық, татымды өмір болсын деген ырымды, тілекті паш етеді. Наурыз тойындағы тағамдарда көбінесе ақ тамақ басым болады. өйткені бұл кезде төрт түлік төлдеп, ақ молайған кез.
Әже: Келін, балаларға наурыз көже құй.
Тәрбиеші: Бүгінгі тойға балаларыңыздың дайындап келген биі бар, тамашалай отырыңыз
Би
Тәрбиеші:Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар,
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар.- деп бүгінгі тойға үлкендерден бата сұрайық.
Әже: атасы, балаларға батаңды бер!
Бата:
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын.
Ұлыстың ұлы күніңде,
Ұлын оңға қонсын,
Менің берген бұл батам,
Алланың құлағына шалынсын!
Әумин!
Өте белсенді тәрбиеші