Назаркулова Сара Камбаровна
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатпаев атындағы мектеп-лицейі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Оқытудың жаңа технологиясының бірі – педагогика ғылымының докторы, профессор Ж.Қараевтың деңгейлік оқыту жүйесі іліміне сүйене оқыту болып табылады. Нәтижеге жету үшін оқушылардың білімі мен деңгейіне байланысты тапсырмалар құрастыру қажет. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру үшін ойлай білетін, өз ойын қазақ тілінде жеткізе алатын, сауатты, еліне еңбек ете білетін, қабілетті жастар керек. Оқушының ойлау және сөйлеу тілін дамыту мақсатында деңгейлік тапсырмалар беру ұсынылады. Сол арқылы оқушының деңгейі анықталып, білімін тереңдетіп, белсенділігін күшейтеді. Деңгейлік тапсырмаларды дайындап, оқушылармен жұмыс жүргізудегі негізгі мақсат: баланың қабілетін ашу, шығармашылығын шыңдау, іздендіру, пәнге деген қызығушылығын арттыру.
Деңгейлік тапсырмалар арқылы оқушының қабілеті, ақылы, біліктілігі, сөздік қоры жетіледі. Әр деңгейлік тапсырманы орындаған сайын оқушы жақсы орындауға талпынады. Мұғалім де, оқушы да шығармашылықпен жұмыс жасайды, сондықтан да оқушыларды өз бетімен жұмыс істеп, білімін тереңдету үшін оларды іздендіру керек. Деңгейлік тапсырмаларды орындату арқылы оқыту технологиясы — деңгейлік оқыту технологиясы. Бұл технология оқушылардың ізденушілік, өзіндік жұмыс істеу, білімді сапалы қабылдау, шығармашылықтарын арттыра түсуге бағыттайды, мәселені тиімді шешудің жаңа мүмкіндіктерін анықтайды. В.П.Беспалько оқу материалын меңгерудің 4 деңгейін ұсынады:
1.Оқушылық
2.Алгоритмдік
3.Эвристикалық
4.Шығармашылық
Ғалым оқушылық деңгейден бастап шығармашылық деңгейге дейінгі даму кестесін былай көрсетеді.
Оқушылық деңгейде білімнің берілуі, деңгейлік тапсырмалардың іске асырылуы бағдарлама талабына сәйкестігіне байланысты.
Алгоритмдік деңгейде оқу материалының түсініктілігі, мазмұны деңгейлік тапсырмалардың күрделене түсуінен аңғарылады.
Эвристикалық деңгейде білімнің берілуі жүйелілігі, сабақтастығы, іздендірушілік ерекшелігі басым болып, деңгейлік тапсырмалардың танымдық жағынан жетілуіне, тереңдетілуіне айрықша назар аударылады.
Шығармашылық деңгейде баланың дарындылығы, таланты, тапсырмаларды орындаудағы ізденімпаздығы танымдық, рухани интеллектуалдық шеберлікке ұштасады. Сонымен, оқыту технологиясы бұрыннан келе жатқан классикалық педагогика жетістіктерін пайдалана отырып, оны жаңа әдістермен байытып, білім алуды оқушының өзіндік іс – әрекеттері арқылы ұйымдастыруды талап етеді.
Сабақ кезінде деңгейлік тапсырмалар орындау барысында оқушы төменгі деңгейді орындап қана шектелуі мүмкін немесе бірнеше деңгей тапсырмасын ұқыптылықпен, жауапкершілікпен меңгеруі мүмкін. Егер аз уақыттың ішінде оқушы көп тапсырма орындап үлгерсе, ол оқушының іскерлігі, шеберлігі, белсенділігі мен қабілеттілігі жоғары. Оқушының осындай зеректігін одан әрі дамыту үшін де деңгейлік тапсырмалар қажет. Мұғалім деңгейлік тапсырмалар арқылы сбаақ кезеңдерінде оқушының танымдық ойын, белсенділігін, икемдігін арттыру жұмыстарын шеберлікпен жүргізе алады. Деңгейлік тапсырма негізінде оқу объектілерінің терең де шығармашылық ара қатынасы ескеріледі. Оқушының өзін – өзі тануына, өз күйін өзі сезінуіне, ізденімпаздық тудыратындай әлеуметтік – мәдени кеңістік жасау қажет.
Деңгейлік оқыту технологиясын келесідей қылып қолданамыз. Оқушыларға деңгейлік тапсырмалар беріледі. Деңгейлік тапсырмалар үш деңгейде жүргізіледі. Әр сыныпта оқушылардың өз бетімен жүргізген жұмыстары тоқсандық қорытынды жұмыстары, бақылау жұмыстары есепке алынады. Әр оқушының жеке дамуының көрсеткіші жасалады. Оқушы өзін – өзі бақылайды. Жыл соңында әр оқушының білім сапасы қорытындыланады. Жыл бойы құрылған әр оқушының білім сапасының мониторингісінен оның білім деңгейі анықталады.
Деңгейлік тапсырмалар құруға қойылатын талаптар мынадай: біріншіден, мұғалім деңгейлік тапсырма құрылатын сыныптың бағдарламасын, мемлекеттік, стандартты, базалық оқу жоспарын толық білуі тиіс.
Екіншіден, оқушының физико – психологиялық ерекшелігі, қабілеті, білім деңгейі назарға алынғаны жөн.
Үшіншіден, оқушылардың басқа пәндерден алған білімдері ескеріліп, пәнаралық байланыс жүзеге асырылады. Әсіресе орыс сыныптарындағы қазақ тілі тапсырмаларына әдебиет материалдарын пайдалану өте тиімді.
Төртіншіден, деңгейлік тапсырмалар қызықты, баланың ойлау қабілетін дамытатын, көркемдігі жоғары, тілі түсінікті болуы қажет.
Бесіншіден, тапсырмалар біртіндеп күрделене келіп, оқушының жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыру мақсатына сай мазмұны терең, жан – жақты болғаны жөн.
Деңгейлік тапсырмалар дегеніміз – оқушылардың ойлау, сөйлеу қабілетін дамытатын, әлеуметтік көзқарасын қалыптастыратын, ізденушілікке баулитын, жеңілден қиынға, қарапайымнан күрделіге қарай сатылы түрде орындалатын жұмыстар жүйесі. Мұндай жұмыстар төрт деңгейлік тапсырмалардан тұрады.
Бірінші деңгей тапсырмалары білімнің минималдық шегі, мемлекеттік стандарт талабына сәйкес, бағдарлама мөлшерінен аспайтын, оқушының жас ерекшеліктеріне сай болады. Оқушы тыңдап, айтып, оқып, аударып, жаза алады. Адамдардың айтқанын түсінеді, сұрақтарға жауап береді. Естігенін қайталап айтады. Жеңіл ережелерді жаттап алады. Фонетиканы толық меңгереді. Грамматикалық, лексикалық тапсырмаларды игереді. Мәтінмен жұмыс жасайды.
Екінші деңгей тапсырмалары түрленіп, күрделене түседі. Оқушылар сынып бағдарламасына сай тақырыптарды меңгеру барысында жұмыстың барлық түрлерімен танысады. Оқушы өз бетімен ізденеді, жеке қабілетіне қарай еңбек етеді. Баланың ықыласы өседі. Оқушының сөйлеуі, хабарды түсінуі, қабылдауы, жазба жұмыстарын орындау көрсеткіштері міндетті деңгейден әлдеқайда жоғары болады. Осындай талаптарға байланысты оқушы сөздерді дұрыс құрастыру, сөйлемді толықтыру, сұраққа жауап, диалог құру сияқты тапсырмаларды еркін меңгере бастайды.
Үшінші деңгей тапсырмалары танымдық – іздену, алған білімді жинақтау, бекітуге бағытталады. Бұл тапсырмалар оқушылардың пәнге дәрежесінің жоғары болуымен, баланың өз жеке басының белсенділігімен өз ісіне талдау жасай білуімен, білімді жаңа жағдайға сай пайдалануымен сипатталады. Ол хабарлау, суреттеу, тілдік жағдайға, ортаға байланысты бейнелеу тапсырмаларын орындайды. Ситуацияға байланысты әртүрлі нұсқада диалог құрады. Мәтін бойынша сұрақ қояды. Талдау, жинақтау, салыстыру жұмыстарын жүргізеді. Танымдық іздену түрдегі жұмыстарды іске асырып, өз бетімен орындайды. Оқушы үйренген сөздерінен, тіркестерден өзінше тұжырым жасауға ұмтылады.
Бірінші сатыда оқушы мұғалім көмегімен бағдарлама бойынша тиянақты білім алады, не оқыса соны қайталап айтып береді, орындаушылық қызмет атқарады. Екінші сатыда осы алған білімін тереңдетіп, түрлендіріп, өзгертілген тапсырмалар орындау арқылы оқушы өз бетімен еңбек етеді. Үшінші сатыда танымдық – іздену жолындағы тапсырмалар орындап, бала өз тұжырымын жасайды.
Сонымен, қазақ тілінен қолданылатын деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту дегеніміз – оқыту үрдісінің белгілі түрі және сапалы оқытуды ұйымдастыру формаларының жиынтығы, оқыту жүйесі.
Оқушылардың сөйлеу тілін дамыту үшін жүргізілетін деңгейлік тапсырмалар бір жағынан, оқушынығ білімін дамытушы, ал екінші жағынан, әдістемелік міндеттерді жүзеге асырушы.
Қорыта келгенде, деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту орыс тілінде білім алатын оқушылардың қазақ тілін үйренуіне өте тиімді. Өйткені, мектеп оқушыларының зейіні, қабылдауы, есте сақтау қабілеті әртүрлі деңгейде. Деңгейлеп оқыту жеке тұлғаның өздігінен дамуына жағдай жасайды. Ең маңыздысы, әрбір жеке тұлға өзінің деңгейіне сай тапсырмалар орындау барысында шығармашылығын шыңдай алады.