Республикалық «Білім айнасы»
сайтының бүгінгі қадірлі қонағы —
Павлодар облысы білім беру басқармасының
Білім беруді дамытудың инновациялық орталық
басшысы Аушахманова Бакытгуль Тулегеновна
Қош көрдік, құрметті Бакытгуль Тулегеновна!
— Бакытгуль ханым, дәл қазіргі кезде ұстаздардың білім-біліктілігі бағаланып жатқандықтан, сізге өңір педагогтарын аталмыш сынақтан өткізіп отырған жауапты мекеменің басшысы ретінде бірер сауалдарымызды қойсақ деп едік. Ағымдағы жылы педагогтарды аттестациядан өткізу ережесіне сәйкес нақты қандай өзгерістер енгізілді?
— Жалпы ережелердің екі тармағына негізгі ұғымдар енгізілді: біріншісі, кәсіптік стандартқа сәйкес педагогтердің біліктілік санаттары теңестірілді. Екіншісі, педагогтердің білімін бағалау қағидаларына сәйкес «педагог-тағылымдамашы» біліктілік санаты қосылды.
— Аттестаттаудан өту тәртібіне байланысты не айтар едіңіз?
— Педагогтердің аттестаттаудан өту тәртібі аталған құжаттың 2 тарауы 15-тармағында көрсетілгендей, педагогикалық біліктілікті бағалау, қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау және эссе жазу арқылы жүзеге асады. Бірақ, бұл кезеңді техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пәндерінің оқытушылары тапсырмайды.
— жас мөлшері зейнетке шығуына төрт жыл қалған педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады. Егер біліктілік санатын жоғарлатқысы келсе, жалпы негізде өтеді. Біліктілік санатының қолданылу мерзімі өтініш негізінде зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады.
— педагогикалық білімі жоқ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне біліктілік санаты тиісті бейіні бойынша қайта даярлаудан немесе біліктілігін арттыру курстарынан өткен соң беріледі.
— 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар, бірақ ескі жүйе бойынша «бірінші», «жоғары» санаттары бар педагогтер «педагог-модератор» біліктілік санатына ауысса, біліктілік тестілеуден босатылады және аттестацияның екінші кезеңі бойынша портфолио тапсырады. «Педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санатын алғысы келсе, жалпы негіздерде өтеді.
— педагог аттестаттау кезеңінде біліктілік санатын беруге (растауға) өтінішті уақтылы бермесе, біліктілік санаты бір деңгейге төмендейді.
— жұмысқа арнайы бағдарлама бойынша қабылданған және «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші» санаты бар педагогтерге жеке өтініш негізінде аттестаттау рәсімінен өтпей-ақ, бір саты жоғары санат тағайындалады. Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында жұмыс істейтін ЖОО түлектеріне «педагог-модератор» санаты бірден беріледі. Алған біліктілік санаты басқа жұмысқа ауысқан кезде алдыңғы біліктілік санаты қайтарылады.
— Өткен жылмен салыстырғанда биылғы педагогтердің біліктілігін бағалаудың айырмашылығы мен артықшылықтары қандай?
— Биыл педагогтердің білімін бағалау тапсырмаларының саны қысқарып, шекті балл төмендетілді. Уақыты бойынша: «Математика», «Физика», «Химия», «Информатика» пәндері үшін – 125 минут; «Мектепке дейінгі білім беру» бағыттары мен «Қосымша білім беру» бағыттары үшін — 80 минут; басқа мұғалімдер үшін 90 минут болып өзгерді.
— Биыл Павлодар облысы бойынша қанша ұстаз аттестациядан өтуге өтініш жасады?
— Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын санамағанда 2098 өтініш қабылданды.
— Сіз үшін өмірде не маңызды?
— Адал еңбек ету.
— Нені ұнатпайсыз?
— Әділетсіздікті.
— Өздері жоспарлаған біліктілік санатына өте алмаған жағдайда педагогтердің қандай санатқа ие болу мүмкіндіктері бар?
— 2022 жылғы 30 желтоқсанда бекітілген №533 бұйрық негізінде егер педагог жетістіктері өтініш берген санатқа сәйкес болмаса, бір саты төмен санатқа ие бола алады. Комиссия бұйрықтың 43 тармағы бойынша педагогтердің портфолиосын қарау арқылы шешім шығарады.
— Биыл тест тапсырмаларының мазмұны мен шекті балл деңгейінің өзгеруіне не себеп болды? Мұғалімдер тым білімді болып кетті ме, әлде оларға деген талаптар күшейді ме? Неліктен?
— Педагог білігін бағалау тест тапсырмаларының мазмұны мемлекеттік білім беру стандарты аясында құрастырылған. Яғни, пән аясы мен оқыту әдістемесі бойынша болатын сұрақтарды қамтиды.
— Көптеген педагогтердің аттестаттау сынағынан өте алмауының себебі неде деп ойлайсыз?
— Әртүрлі жағдай болуы мүмкін…
— Осындай қыруар жауапкершілікті атқарып шығу үшін сізге не көмектеседі?
— Өзіме деген сенімділік, табандылық пен күш-жігер.
— Әлеуметтік желіден аттестацияға қатысты әртүрлі пікірлерді оқуға болады. Педагогтердің біліктілігін бағалау жалпы, қажет пе, жоқ па?
— Педагогтердің біліктілігін бағалау даму үшін қажет. Қазіргі керемет заманның мүмкіншілігін дұрыс пайдалану үшін прагматик болып, өмір бойы оқып, жетілу қажет.
— Мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін бағалауда нақты қандай құжатқа сүйенесіздер?
— Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» № 83 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы (Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 533) заңнамасын басшылыққа аламыз. Бұған қоса, №533 бұйрықтың 36 тармағына сәйкес, сараптама кеңесі нысан бойынша оқуларды бақылау парақтарын және педагогтердің, басшының, әдіскерлердің, ата-аналардың пікірлерін ескере отырып, біліктілік санаттарын бағалайды. Ал аттестациялық комиссия №533 бұйрықтың 43 тармағына сәйкес шешім шығарады.
— Алтындай уақытыңызды қиып, маңызды ақпараттарыңызбен бөліскеніңіз үшін Сізге алғысымыз шексіз!
— Сізге де рақмет!
«BІLІМ АINASY»,
Айгүл МОЛДАШ.