Home » Мақалалар » «ӨЗГЕРІСКЕ ТОЛЫ ӘЛЕМДЕГІ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІНІҢ МИССИЯСЫ МЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ» атты конференция өтті.

«ӨЗГЕРІСКЕ ТОЛЫ ӘЛЕМДЕГІ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІНІҢ МИССИЯСЫ МЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ» атты конференция өтті.

Рахлетова Ажар Төлепбергенқызы, «Дарын» РҒПО

15-16 тамыз күндері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының 25-жылдық аясында Қаскелен қаласында (Алматы облысы) Сүлейман Демирель атындағы университетте мамандандырылған білім беру ұйымдарына арналған «Өзгеріске толы әлемдегі дарынды балаларға арналған білім беру кеңістігінің миссиясы мен құндылықтары» тақырыбында республикалық педагогикалық конференция өткізілді.
Конференцияға еліміздің барлық аймақтарынан 200-ден астам мамандандырылған білім беру ұйымдарының директорлары мен орынбасарлары, дарынды балалармен жұмыс жөніндегі өңірлік орталықтардың басшылары және психологтары, ардагер ұстаздарымыз,  дарындылық саласындағы тренерлер мен сарапшылар және ЖОО ғалымдары қатысты.
15 тамыз күні конференцияның қатысушылары үшін «Әлем – дарынды балалар көзімен» фотогалереясы, панельдік сессиялар, республика мен облыстардың инновациялық идеялар панорамасы, «Біздің күшіміз – бірлікте!» педагогикалық қонақжай ұйымдастырылды.
16 тамыз  күні конференция жұмысы «Дарынның дара жолы» видеофильмінің көрсетілімімен ашылып, қатысушыларға құттықтау сөздерін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің атынан Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Гульнар Мансуровна Умарова, педагогика саласының еңбек ардагері – Тілдаш Рысқұлбекқызы Битуова, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ректоры – Әлімжан Бекежанұлы Игенбаев арнады.
Өз құттықтауында Гульнар Умарова «Дарын мектептер желісі – бұл Қазақстан білімінің маңызды даму күшінің бірі. Дарын мектептерінде білім алу – ауыл балаларының дүниежүзілік бәсекеде қабілетті болуына бірден бір мүмкіндік. Сондықтан ауылдық жерлерде тірек мектептері көптеп болып, әр баланың ғылым, білім жетістерін игеруге мүмкіндіктер болсын!» — деп атап өтті.
Сонымен қатар, пленарлық отырыста «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тұрсынов Ғаждембек Қуанышұлы баяндама оқыды.
«Бүгінгі таңда мамандандырылған мектептер оқушыларды жан-жақты үйлесімді тәрбиелеуге бағытталған білім беру және тәрбие саласындағы көптеген инновациялық жобалардың бастамашылары болып табылады. Осы жобаларды сәтті жүзеге асыруда әр мұғалімнің қомақты үлесін атап кеткеніміз орынды.
Жыл сайын мамандандырылған білім беру ұйымдары педагогтерінің ҚР ОАМ «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары атанатынына барлығымыз куәміз. 2022 жылы 47-нің 22 педагогі (46%) мамандандырылған мектептерден» — деді ол өз баянамасында.
– «Соңғы 25 жыл ішінде Қазақстанның дарынды оқушылары әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадаларда 2581 алтын, 3942 күміс, 5799 қола медаль жеңіп алып, әлемдік интеллект нарығында өздерінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп келеді.
2023 жылдың 7 айы ішінде оқушыларымыз 18 халықаралық олимпиадаға қатысып, 23 алтын, 71 күміс, 134 қола, барлығы 228 медаль жеңіп алды». – «Зияткер, бәсекеге қабілетті жастарға интеллектуалдық білім беріп қана қоймай, олардың бойына өз еліне деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді ұялату және мемлекетімізге қызмет етуге тәрбиелеуді қолға алуымыз қажет.  Құрметті, ұстаздар – елдің ертеңін ойлайтын, елге қызмет жасайтын ұрпақты тәрбиелеу — Сіздердің қолдарыңызда» — деп орталық басшысы өз сөзін түйіндеді.
Конференцияның салтанатты бөлімінде білім беру саласында дарынды оқушылардың тәрбиесі мен кемел келешегіне ықпал етіп, сапалы білім, саналы тәрбие берудегі қажырлы еңбегі үшін ғалымдар мен жаттықтырушылар, мектеп басшылығы мен педагогтар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, «Ең үздік мамандандырылған білім беру ұйымы – 2023», «Үздік көшбасы – 2023», «Олимп шыңын бағындырған» номинациялары және «Дарынға 25-жыл» төсбелгілері табысталды.
Педагогикалық конференцияның мақсаты — дарынды балаларды   оқыту, тәрбиелеу процесінің сапасын арттыру тәжірибесінің перспективалық дамуы, сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі басым құндылықтарды анықтау.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.