Home » Мақалалар » Оқушылардың ауызекі тілде сөйлеу дағдыларын қалыптастыру          

Оқушылардың ауызекі тілде сөйлеу дағдыларын қалыптастыру          

Альмуханова Динара Усеновна
Қарағанды облысы, Абай ауданы
Б.Момышұлы атындағы тірек мектебі
(ресурстық орталық) КММ
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

 Оқушылардың ауызекі тілде сөйлеу дағдыларын қалыптастыру                                                        Еліміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыртын тың бағдарлама болды. Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Білім беру парадигмасының ауысуы, оның тұжырымдамалық негіздерін қайта бағалауды, білім беру мақсаттарын, міндеттерін, мазмұнын қайта пайымдауды қажет етеді.

Әлемдік деңгейдегі білім берудің қазіргі мақсаты оқытудың нәтижеге бағдарлануы, оқушының жеке тұлғасына бағытталуы, ал оқыту әдістерін тұлға аралық қарым-қатынастарға бейімдеу болып отыр. Демек, оқушы білімді дайын күйінде мұғалімнен алмай, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйену арқылы жаңалық ашуы, шығармашылық тапсырманы орындау кезінде әр түрлі өнімдер жасауы тиіс. Нәтижесінде оқушының дүниетанымы кеңейіп, өзіндік пікірі мен көзқарасы қалыптасуы керек. Осы өлшемдер білім беру процесінің негізгі белгісі болып табылады.

Қазіргі мектептің басты мақсаты- әр оқушының қабілетін ашу, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны өмірге дайындау,  заманауи білім, дағдылар мен қасиеттерді дамыту, оқушының ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыру.

Біз қарастырып отыған қазақ тілі сабағында оқушылардың ауызекі сөйлеу дағдысын мәтінмен жұмыс жасау арқылы дамытуға болады.

Сабақ өткізу, оқыту барысында өткізілетін ең күрделі жұмыс түрлерінің бірі – сабақта мәтінмен жұмысты ұтымды ұйымдастыру. Мәтінмен жұмыс барысында оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысы қалыптасады. Ауызекі сөйлеуде қазақ тілінің грамматикасы білу маңызды. Мәтінмен жұмыс істегенде оқушыларды жаңа сөздермен, сөз тіркестермен таныстыру қажет. Мәтінмен жұмыс істеу барысында бірнеше жаңа белсенді әдістерді қолдануға болады.  Миға шабуыл әдісін қолдану арқылы оқушылар мәтіндегі негізгі мәселелерді анықтайды және оның шешімін іздестіреді. Сонымен қатар миға шабуыл әдісі оқушылардың ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастырады. Себебі, оқушылар проблемалық сұрақтарға жауап айтады, осы мәселенінің нақты шешімін табу үшін ақпараттар іздейді, электронды ресурстар мен контенттер негізінде тақырыптың идеясын анықтайды.

Мысалы: Қазақ тілі сабағында «Бос уақыт және хобби»  мәтінін өткен кезде оқушыларға мынандай проблемалық сұрақтар қоя отырып, олардың ауызекі дағдысын дамытуға болады. Олар өздерінің ойларын ауызша айтады.

  1. Уақыт алтыннан да қымбат- деген сөзді қалай түсінесіздер?
  2. Уақыттың адам үшін маңызы қандай?
  3. Бос уақытты адамға қалай жоспарлауға болады ?
  4. Өз уақытын пайдалана білген адам нені үйренеді?

«Суретті сөйлет» әдісін қолдану арқылы оқушыларға суретті таратып беруге болады. Суретке қарап, оқушылар уақыт сөзін қолдана отырып, сөйлем құрастырады. Сонымен қатар оқушылар өздерінің уақыттарын қалай тиімді жоспарлауға болатыны туралы шағын хабарлама дайындайды. Уақыт тақырыбына байланысты халықтың ауыз әдебиетінен мысалдар келтіреді және ақындардың өлеңдерін, яғни лирикалық шығармашылықпен байланыс жасайды. Бұл оқушылардың сөйлеу мәдениетін, әдеби тілін қалыптастырады. Қазақ тілін әдебиетпен байланыстыру арқылы интеграциялық үрдіс жүзеге асады.

Қазақ тілі сабағында оқушылардың ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыруда жиі қолданылатын ойын технологиясы. Оқушылардың тілдік дағдысын қалыптастыру барысында грамматикалық ойындар қолдану сабақтың тиімділін көрсетеді.  Ойын технологиясы оқушының іскерлік қасиетін, тапқырлығын, сөйлеу дағдысын қалыптастырады. Әртүрлі грамматикалық тапсырмалар арқылы ойын сюжетін құруға болады. Ертегі кейіпкерлерін персонаждарға бөлу арқылы оқушылардың диалогтық, рөлдік, актерлық шеберлігін дамыту мүмкіндігі туады. Оқушылар ертегідегі жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің образын сұрыптауға, олардың шынайы бейнесін жасауға үйренеді. Педагогикалық процестегі осындай тапсырмалар оқушының ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастырады.  Ойын ойнату арқылы оқушының ауызша сөйлеу дағдысын, коммуникациялық қарым-қатынасын, шығармашылық қабілетін жетілдіруге болады.

Тіл арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, болмысы танылады. Мәдени мұраларды меңгеру арқылы оқушылардың тілі дамиды.

«Шығармашылық шеберхана» әдісі оқушылардың  шығармашылық дағдысын дамытуға көмектеседі.  Сабақ барысында оларға мәтіннің мазмұнына сәйкес суреттер, иллюстрациялар ұсынылады. Сонымен қатар эссе, өлеңдер, әңгімелер жазады. Олардың шығармашылық әрекеттері нәтижесінде керемет туындылар пайда болады.

Ауызекі сөйлеу әдісінің бірі — диалог арқылы дамыту. Диалог құру үшін белгілі бір тақырыпта оқушының сөздік қорын дамыту, жаңа сөздер үйретіп, мағынасын ұқтыра отырып, оларды жасайтын формаларды меңгертіп, сөйлем құрауға үйрету, сөз бен сөзді байланыстыруға, ауызша ойларын жүйелі айтуға, әңгімелеуге жаттықтыру керек. Сонда оқушы диалог құру кезінде сауатты сөйлеуге, қазақ тілінің граматикасын ескере отырып, диалог дұрыс құруға тырысады.  Бұл оқушының тілін дамытады.

Диалогтік әңгімеде мұғалім сұрақтары мен оларға берілген жауаптары, сонымен бірге оқушылардың да жауаптары маңызды. Мұғалім оқушылардың өз ойларын анық жеткізуге, дамытуға және кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазақ тілі сабағында оқушыларды ауызекі сөйлеу, тіл байлықтарын дамыту,  дұрыс қолдана білуге, өз ойын орнықты жеткізуге, еркін сөйлей білуге жетелейтін тәсілдің бірі- тіл дамыту жұмыстары. Тіл дамыту мақсатындағы жүргізілетін жұмыстар оқушының ойлау қабілеттіне, сондай-ақ өз ойын жеткізе білуіне, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Оқушының білімі ғана жетіліп қоймайды, қабілетінің, дарын көзінің ашылуына түрткі болады.

Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың пікір айту, ауызша, жазбаша сауатты сөйлеу, қоғамның өзге өкілдерімен дұрыс қарым-қатынас жасау, яғни әрбір адамға керекті коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру мәселелерін шешу маңызды.

Сонымен қатар  сабақта  үй тапсырмасын тексеру барысында «Еркін микрофон», «Бір сөзбен»  әдістерін қолдануға болады.  Осы кезде оқушы бойында шапшаңдық  пен артистік қабілет, айтылған жауапқа  байланысты сұрақ түрлерін жүйелі құрастыра білу дағдылары қалыптасады. «Кезбе тілші» әдісінде интервью алу барысында оқушы өзін сұрақтар тізбесін қоюшы ғана емес, сөйлеу дағдысын дамытуға мүмкіндік алады.

Қазақ тілі сабағында барлық жаттығулар оқушылардың тілін дамытуға бейімделе жүргізілуі тиіс. Тіл сабағы негізінен оқушыларымызға тілімізді меңгертуді мақсат етіп қояды. Сондықтан да, оқу мен жазу сабақтарында әдеби тіліміздің нормаларын сақтау дағдысы бірдей дәрежеде берілуі қажет. Грамматиканы меңгеретін болса, оған қосымша ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыратын тапсырмалар берілуі қажет.

Қазақ тілінде  үй тапсырмасын тексеру барысында «Ақиқат, жалған» әдісін  қолдануға болады. Топтағы оқушылардың алдында қызыл және жасыл түсті қиылған қағаздар беріледі. Мысалы, «Дыбыстар екіге бөлінеді, дауысты және дауыссыз; н-дауыссыз үнді дыбыс» — деп белгілі бір тұжырымды айтқан кезде оқушылар ақиқат  болса, жасыл түсті қағазды, жалған болса, қызыл түсті қағазды көрсетуі керек. Бұл әдіс оқушыдан шапшаңдықты талап етеді.

«Жалғасын тап» әдісі үй тапсырмасын тексеруде  тиімді әдістің бірі. Оны ұйымдастыру үшін сөйлемнің басы жазылған парақшаларды оқушыларға таратып, әрі қарай  олар ойды жалғастырып сөйлемді толықтырады. Сөйтіп, мәтін мазмұнын өздері шығарады,  барлық оқушы қатысады.

Белсенді әдістердің бірі «Үштік әдіс».  Қазақ тілі сабағында оқушылардың оқылым, айтылым, тыңдалым дағдылары қалыптасады. Оқушылар бірнеше жұптарға бөлінеді. Бірінші оқушы мәтінді оқиды немесе мазмұндайды, екінші оқушы тындайды, үшінші оқушы керек жерлерін түртіп алады, кейін өз пікірін айтады. Бұл әдіс оқушылардың мәтінмен жұмыс жасау шеберлігін дамытады.

Қорыта айтқанда, қазақ тілі сабағы әрі тартымды, әрі қызықты, әрі сапалы болуы әр ұстаздың өзіне, білім деңгейіне, кәсіби шеберлігіне байланысты.

Әдебиеттер тізімі

  1. Аймағамбетов А.А. Отандық ғылымда жаңа серпіліс болады
    https://egemen.kz/article/233068-askhat-aymaghambetov
  2. Садуова Ж. «Инновациялқ технологияларды білім беруде қолдану». // Білім. Алматы, № 5, 2006ж., (22-24).
  3. Хамзина Н.Х.Қазақ тілін оқытуда жаңа технологияларды қолдану //Білім айнасы. 2019ж

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.