Көрісу күнін еліміздің батыс өңірінде «Амал мерекесі» — деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін, ыза -кегін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейтін күн.
Бұл күні жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көріседі. Кем үш үйдің есігін ашу керек!- деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге бірінші кіру керек деп жатады.
Наурыздың басталуы шығыстың күнтізбесі бойынша «амал» айының 1 — ші жұлдызы болып есептеледі екен. Амал дегеніміз «Хамал» айы деп аталған деседі.
Хамал (амал ) деп отырғанымыз парсы тілінде Тоқты шоқжұлдызының ескіше атауы. Осы айда күн мен түн теңеліп, амал кіріп, «тоқты шоқжұлдызы туады»- деген түсінік те бар.
Ақиқатында, «Наурыз» сөзі «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.
Ерте заманда бұл күнді «наурыз» емес «амал» деп атаған. Бұл күні адамдар бір бірімен көрісіп, бір бірінен кешірім сұрап, бауырларына бір- бірін қысып, «кешірдім » деп, кішірейген екен.
Одан соң, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың хайырлы болсын!», Кірген жаңа жыл жанымызға жақсылығымен енсін! — деген секілді бауырмал тіркестерге толы сөздерді бір бірінен аямаған. Келген жаңа жылда үйіміз таза тұрсын, деген ниетпен үйлерін ескі құсқыдан тазартып, жаңа жылды дайындықпен күткен.
14 наурыз күні таң кірі бастаған шақта ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе, қарты бар үйлер ерте оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады. Міндетті түрде әр үй дастарханын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті нан пісіру дәстүрге айналған.
Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды және ол күні үйдегі жайылған дастархан жиналмайды. Көп адамдар бұл күні бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Түске дейін нағыз мейрам сезіледі.
Көрісе келген адамдар өздерімен балаларын ертіп жүреді. Оны көріп өскен бала да мейірімді болып өседі. Адамдар сол күні жаңа не таза киім киеді. Өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, дастарханға шақырады.
Егер де біреуден біреу қарыз алса, оны да шамасы келгенше кешіретін жандар да жоқ емес. Көрісу күнінің рәсімі бойынша ер адамдар құшақтасып, төс түйістірсе, әйелдер құшақтасып, беттерінен сүйеді. Келіндердің ғана аталарымен және қайынағаларымен көрісулеріне болмайды!- деген ырым бар.
Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүру керек.
Сондықтан да, бір бірімізге ренжіп, өкпемізді ренішке толтырмай, береке мен бірліктің мейрамында сыйластықтың құнын арттыра берейік!
Жаңа жастарыңызбен құттықтаймын!
Зинара Ерланқызы