Home » Мақалалар » ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы патшалық  Ресейдің қазақ жеріндегі  шоқындыру саясаты

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы патшалық  Ресейдің қазақ жеріндегі  шоқындыру саясаты

Жетекшісі:Жамбыл облысы   Тараз қаласы
Б.Момышұлы атындағы
№45 қазақ классикалық
гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі
Юсупджанов Талғат Юсупджанұлы

 Ізтілеу Нұрболат Жамалханұлы
10 Г сыныбының оқушысы

 

Oтaршыл пaтшaлық Ресейдiң қитұрқы сaясaтының бiрi,oтaрындaғы хaлықтaрды aтa дiндерiнiнен бездiрiп, христиaн дiнiне кiргiзу бoлaтын.

1862 жылдaн бaстaп қaзaқ хaлқын шoқындыру, coл aрқылы бiртiндеп oрыcтaндыру caясаты aшық жүрe бaстaды. Oлap әлeм кapтacынaн «Қaзaқстaн» дeгeн cөздiң өзiн мүлдe өшiрiп тacтaуғa тыpыcты.Тiптi «қазақ» деген ежелгі атын бұрмалап,«қай­сақ», «киргиз-кайсак», «басурманы»,

«туземцы»-, деп кемсітті. Қа­зақты жер бетінен жойып жіберудің талай зымиян айла-шарғысын жасады. Қазақ арасында христиан дінін насихаттау, қазақты дінінен, тілінен, салт-дәстүрінен ажыратып шоқындыру мем­лекеттік саясаттың стратегиялық ба­сым­дылықтарының біріне айналды. Жалпы бұл саясат тек ғана Ресей империясына тән емес құбылыс, Еуропадағы барлық отаршыл елдердің басты саясаттарының бірі болатын.

1869 жылы Мәс­кеуде арнайы түрде миссионерлік қоғам ұйымдастырылады. Орыстандыру саясатын тікелей осы қоғаммен ұштастыра жүр­гізу қажеттігі анықталып, бұл іспен тікелей айналысатын арнайы түрде құрылған «Обрусительная палатаға» тапсырылды.1869 жылы Жетісу облысының әскери губернаторы  Г.А.Кол­паковскийдің қолдауымен Верныйда (Алматы) Жетісулық православие шіркеуі ба­уыр­ластығы ұйымдастырылды. Қазақстан­ның сол­түстігінде орналасқан Тобол епархиясы Қызылжарда (Петропавл), Көкшетауда, Атбасарда, Қарқаралыда, Ақмолада, Омбыда өзінің діни миссияларын ашты. Шы­ғыс аймақта алғаш Семейде, Өскемен­де, кейіннен Буконка деген казак станицасында осындай діни миссиялар құрылды. Бү­кіл Батыс Қазақстан аймағы Орынбор рухани консисториясы ықпалында болды. Міне, осы діни миссиялар жергілікті халық арасында христиан дінін уағыздап, оны шоқындыру жұмысын жүргізумен белсенді айналысты. Қазақтарды христиан дініне көшіруді, негізінен, шіркеу қызмет­керлері (священниктер) жүргізді. Бірақ бұл іске орыс шаруалары да, казактар да, отар­лық әскери  шенеуніктер де – бәрі белсенді жұмылдырылды. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың ортасынан бастап  шоқындыру саясаты қазақ жерінде жүйелі түрде жүргізіле бастады.

Сондай-ақ 1797 жылы келешек миссионер кадрларды даярлау үшін Қазан рухани академиясының ашылуы, «орыстандыру палатасы» мен «қоныс аудару кеңесін» құру – бәрі де алысты көздеген, әрі жан-жақ­ты, алдын-ала жоспарланған, зұлымдықпен ойластырылған зы­миян­дық шара екендігі көрінеді.

Бұл туралы алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытов: «Қа­зақ­тың жерін тілгілеп, келімсек мұжықтарға аударып бере бастады, тілін бұзуға, дінін бұзуға ауылный школ, миссионерлер таратты, әдет-ғұрып, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас игізуге жаңа заман, мировой судья, крестьянский начальниктер шығар­ды. Қазақты ішінен тоздыруға сайлау деген шырға тастап, өзді-өзін жұлыстырып, қыр­қыстырды», – деп ашық айтқан еді.

Міржақып Дулатов «Оян қазақ» өлеңінде «жер кетті, дін нашарлап, хал харап боп»-, деп қазақтардың жерімен қоса дінінен де айырылып жатқанын күйіне жазады.
Отаршылдар кейде мейірімділік, қам­қор­лық көрсеткен болып, жетім қалған қазақ балаларын жинап, шоқындыруды да қолға алды. Бұл жөнінде мұрағатта көп­теген материал сақталған. Мысалы, 1817 жы­лы Орал казак әскерінің казактары 17 же­тім қазақ баласын бірнеше жыл жалшы етіп ұстап, бір­тіндеп бәрін шоқын­дырған. 1839-1841 жылдар арасында қазақ­тар­дың Кене­сары Қасымұлы бас­таған көтері­лісін басу ке­­зін­­де орыс әскер­лері талқан­даған қазақ ауыл­­дар­ынан жетім балаларды топтап алып ке­тіп, отар­шыларға жал­шы­лық­қа бөліп бер­ген және біртіндеп олар­дың бәрін шоқын­дырған.

1887 жылы Көкшетау уезінің Щучинск станицасында Тобол және Сібір епархия­сының қаржысына қырғыз (қазақ)  миссиясының мектебі ашылды, оған оқуға 10 жетім қазақ баласы алынып, олар тұтас шоқынды­рылды. Миссионерлер шоқындыруды ойдағы­дай жүргізудің тиімді бір жолы қазақтарды орыс шаруаларымен араластырып орналастыру, оларды шаруа қауымдастығына тарту, казак сословиесіне енгізу деп қа­рады. Миссионер Макарий Бутон станица­сының жанынан жаңадан ұйымдасқан Преображен селосына
50 орыс шаруасы мен 30 жаңа шоқынған қазақ отбасын орналастырды. Міне, осындай аралас селолар Қазақстанның басқа да өңірлерінде пайда бола бастады. 1886 жылдың қазан айында Өскемен уезіндегі Букон станицасына  Дала  генерал-губернаторы  Г.А.Колпаковский келді. Ол шоқынған 12 кедей қазақпен танысып, оларды православие дінінне көшушілерді құттықтады және әрқайсына 5 рубльден ақша үлестірді. Сол кезде үш жасар қойдың бағасы 1 рубль болған. Сондай-ақ олар­ға жер бөліп беру және де басқадай көмек көрсету туралы нұсқау берді. Шоқынғандардың басым көпшілігі кедейленген, сіңірі шығып, қайыршыланған қазақтар бол­ған.

Бұл жайтты орыс әкімшілік орындары, православиелік миссионерлер жақсы тү­сініп,
өз мүдделеріне пайдаланды. Мысалы, Дала  генерал-губернаторлығының 1889 жылғы есебінде былай деп жазылған: «Қырғыз  (қазақ) қауымынан малы да жоқ, баспанасы да жоқ кедейленген адамдар шықты және шығып жатыр. Бұл бақытсыздар жергілікті зауыттарда және рудниктерде, көбі­несе казактарда егіншілік жұмыстарына жал­данып, тапқан жалақысына өмір сүру­де. Бұл бақыт­сыз­дардың жағдайы қай­ғылы, өйткені дала­лық аймақтарда жалақы мардымсыз. Қа­зір­дің өзінде мұндай кедейлер көп мыңдап саналады… Христос ілімін күмәнсіз қабыл­дайтын, міне, осы орта. Құдай ілімі жақсы өнім беретін топы­рақ та осы болар, бәлкім, тек жаңа шоқын­ғандар священник-мис­сио­нердің рухани қамқор­лығынан тыс қал­мауы керек. Бұл үшін осы неофиттерден (жаңа шоқынған­дардан) ерекше қо­ныстар ұйымдастырған жөн».

Жетісу облысының  әскери губернаторы Колпаковскийдің 1887-1888 жылдарға берген есебінде: жақында Семейге Алтайдан бір мис­сио­нер келіпті. Әрине, ол қазақ даласы үшін өте аз. Мен оған менің билігімдегі қазақ­тарды христиан дініне қабылдасақ, оларға ақшалай, заттай сыйлықтар және Букень­скийден 600 десятина жер бөліне­тінін мә­лімдедім (Букеньскийде бүтіндей шо­қын­ған қазақтар тұрған). Омбының епи­скопы миссионерлік қызметті жандандырып, қа­зақтарды христиан дінін қабыл­дау­ға ерек­ше күш салуы керек». Қазақтардың арасына орыс шаруаларын ауылдар мен қалаларға қоныстандыру мен үшін оңайға түскен жоқ. Орыстар қа­зақ даласына өздерінің тілін, әдет-ғұрпын және православие дінін ала келді. Мен мұны қазақтарға әсер етпейді деп айта алмаймын. Қазақтардың арасына ор­ыс­тардың келуі, руларды территорияға ауыстыру және ру басшыларын қайта сайлау қазақтардың рухани болмысына, психология­сына, салт-санасына өзгерістер әкелді…
1890 жылы 27 ақпанда қазіргі Ақмола облысының Щучинск станицасында миссионерлік қос құрылды. Бұл қостың негізгі мақсаты – қазақ-татар балаларына аралас мектеп ашып, біртіндеп шоқындырып, болашақ миссионер кадрларды даярлау. Осы мақсатпен 1891 жылғы 22 шілдеде  Тобыл епархиясы қазақтардың арасына өз миссиясын дамыту үшін жоспар жобасын жасады:

  1. Қарқаралы, Ақмола және Атбасар уездеріндегі ­ үш миссионерлік қостарда қазақ балалары үшін мектептер ашу керек.
    2. Онда миссионерлердің тұрақты өкіл­­­­­дері болуы керек.
    3. Алғашқы уақытта миссионерлерді жергілікті священниктерден бекітіп, оларға екі жыл ішінде қазақ тілін үйренуді міндеттеу керек.
    4. Уақытша миссионер мамандарды даярлайтын орын Қазан рухани академия­сы болып, миссионер боламын деген талапкерлерге үш еселенген стипендия берілуі керек».

Дәл сол кезде орыс миссионерлері күн өткен сайын қазақ даласына тереңдей со­зыл­ған күрес жолын бастаған болатын. Жа­ңа­дан шоқындырылған қазақтардың  өмірін ба­қы­лау жұмысы орыс миссионерлері үшін оңай­ға түспеген сияқты. Себебі түрлі қатерге толы ты­нымсыз қала өмірі оларға үнемі кері әсе­рін тигізіп отырған. Олар көбіне бұрын-соң­ды ешқашан көрмеген және туған ауылдарында тыйым салынатын карта ойындарына, араққұмарлыққа, орыс үйлеріндегі жеңіл мінезді әйелдермен еркін араласу ісіне тез араласып, азғынданып, жаман әдеттерді үйреніп кететін болған .

1901 жылы 11 қарашада Верныйда (Ал­маты) арнайы түрде миссионерлік епар­хиалдық комитет құрылып, оған қала­ның бас көтерер чиновниктері мен әскери қызметкерлері, купецтер кірді. Олар миссионерлік үгіт-насихатты өрістетті. Мысалы, священник В.Яковлев 1902 жы­лы Верныйда басылып шыққан  «Из истории церковной жизни Туркестана» деген кітабында: «…Біз орыстар, осы халықтың (қазақ) арасында шынайы діни өмірдің  бастауын орнатуға шақырамыз» деп жазған болатын. Сол тұста православие дінінің қа­сиетті кітаптабы «Інжілді» қазақ тіліне аударып, кеңінен насихаттау ісі өрбіді. 1860-1917 жылдар арасында қазақ тілінде осы діннің 72 кітабы аударылып, қазақтардың арасына таратылуы – жай нәрсе емес.

1910 жылы ІІІ Александр қоры мен қоныс аудару басқармасы қоры Сібір мен Түркістандағы шіркеу құрылыстары және мектептері үшін 400 000 рубль бөлсе,
1911 жылы – 525 000 рубль, ал 1913 жы­лы 110 000 рубль бөлген. Яғни Ресей империясының өлкені руха­ни жағынан да отарлауға қаржыны аяма­ғаны көрініп тұр. Өлкеде православие дінін жергілікті халықтар арасында таратуда, насихаттауда миссионерлік жолға қалт­қысыз берілген миссионер ғалымдар Иль­минский, Остроумов, Алекторов, Васи­льев болса, ал осылардың тікелей орындау­шысы ретінде Шестаков, Синьковский, Ели­сеев, Пантелеймонов, Вишняков, Комаровский атты орыс священниктерінің  есімдерін атаймыз. Н.И.Иль­мин­скийдің бас­шылығымен православие ді­нінің уағыз­дары татар, чуваш, қазақ, бурят, тұңғыс, мордва тағы да басқа түркі және моңғол  текті халық­тардың тілдеріне аударылды.

А.Байтұрсынов миссионер атаулының өткен тарихымен жете таныс әрі олармен тікелей қызметтес болуы себепті де, олар көздеген саяси түпкі мақсаттың шоқындыру мен орыстандыруға алып келерін біліп, 1917 жылғы ақпан төңкерісінің алдында-ақ:
«…Үкіметке жағымдысы – қол астын­дағы жұрттың жазу-сызуы, тілі, діні бір болу. Ресей қол астында түрлі тілді, түрлі дінді,түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, үкіметке одан артық іс болмас»-деген ой қорытындысына келуінде айтарлықтай терең таным, үлкен сыр жатыр. Өйткені Ресей империясының отаршыл топтары, әсіресе миссионер ға­лым­дары бұратана халықтардың бір тілде сөйлеуі, бір дінде болуын қатты армандап, осы жолда талай саяси амал-айлаларды қолданып, дегеніне жете алмауына біздің бағымызға 1917 жылғы Қазан төңкерісі себеп болған еді. Ресейде билік басына большевиктердің келуімен діни саясат түбегейлі өзгерді.

Қазақ шоқынғандардың арасында алғаш миссионердің алдауына, қулығына бай­қамай көніп қалып, миссионерлердің берген материалдық көмектеріне мәз болып,соңынан үлкен қателік жасағанын түсініп, кері мұсылман дініне қайта оралғысы келетінін айтып, өтініш жасаушылар да көп болған. Мысалы, 1914 жылғы 15 қаңтарда Абыралы болысында тұратын Матек Идин (Матвей Ефимов) және оның әйелі Несібелі (Татьяна) Семей об­лысының әскери губернаторына жол­да­ған арыздарында 1902-1903 жылғы бол­ған ашаршылық кезінде өте ауыр, төзгісіз халде болғандықтан жеңіл­тектік жасап, христиан дініне енгендерін, екі балаларын да шоқындырғанын айта келе, бірақ православие дінінің рәсімдерін ешбір орында­мағандарын, жан дүниелері мұсылман болып қала бергендерін баяндай келіп, заң жүзінде қайта мұсылман болуына рұқ­сат етуді сұрайды. Павлодар уезінің Бастау болысындағы Сейітқазы Оразов деген қазақ шоқынған соң Василий Яковлевич Меншиков болған. Бірақ кейіннен қатты қателескенін түсініп, қайтадан мұсылман болғысы келетінін айтып арыздана келе, былай дейді:
«Қазіргі кезде қасиетті православиені қабылдағаныма қарамай, менің жан дү­нием­нің дегенмен де мұсылман болып қалғанын түсіндім. Сондықтан жоғары мәртебелі сізден
1905 жылдың 17 сәуі­ріндегі аса биік жарлықтың төрт бабына (жарлық дін бостандығы туралы болған) сәйкес мені Мұхаммедтің дініне (исламға) көшіру туралы бұйрық беруіңізді өтінемін… Өйткені ата-бабамның дінінен бас тарта алмайтыныма менің көзім әбден жетті». Патша үкіметінің отарлық әкімшілік орындары, отарлық шенеуніктер, миссионерлер қазақтарды шоқындыруды өзінің саясатының басты міндеттерінің бірі деп қараса, ал орыстардың арасынан мұсыл­ман дініне көшкісі келгендерге қарсылық көрсетіп, кедергі жасады. Мұндайды тіптен күнә, масқара, қылмыс деп санады. Осылайша дінін ауыстырғысы келген орыстар қудаланып, қысымға түсті, айыпталды.

Мысалы, Павлодар уезінде тұратын орыс қызы Аграфена Боротухина Ниязов деген жігітпен қосылып, одан екі бала тап­қанын, ал өзі мұсылман дініне көшкісі келетінін айтып, 1911 жылдың желтоқса­нын­да уез бастығына, облыстық әскери гу­бер­наторға, Ішкі істер министрлігіне, си­нод­қа дейін арыз (прошение) жазады. Бірақ оның арызы аяқасты қалып, ал бұл ісі күнә және қылмыс ретінде бағаланады. 1912 жылдың қаңтарында азынап тұрған аязда уез бастығы Аграфенаның екі баласын күш­пен тартып алып кетеді, шоқын­ды­ра­ды. Сонан соң оларды Вернорецкий де­ген қайырым­дылық қоғамына тапсырады. Қазақтардың мұсылман дініне қайта оралуына отаршыл билік барынша кедергі болды.

Ресей халық ағарту министрі граф Д.А.Толстой: « …. Мұсылман мектептерінде  дәріс беруді бүкіл орыс халқыны өшпенділік дәнін себуші діни фанаттардың қолына беріп қою біздің ең басты саяси қателігіміз болар»,- деп есептеген. Сөйтіп 1874 жылы халық ағарту министрлігі барлық мұсылман оқу орындарын  өзіне бағындыру туралы қабылдайды. Патша үкіметінің  мұсылман мектептеріне жасаған қиянаты мұнымен шектеліп қалған жоқ. 1876 жылы бұл мектептерде орыс сыныптары ашылды және осының өзі аздық еткендей, кейбір орыстандырыушы миссионерлер мемктептер мен медреселерде бұл істі кеңінен өрістетіп, келешекте оларды жай ғана таза орыс мектебінің санатынан қосамыз деген пікірде болған. Қазақстандағы патша әкімшілігінің  жұмысы мұсылман мектептерінде орыс сыныптарын ашумен шектелмейді. Патшалық Ресей әкімшілігі мектептерде оқитын мұсылмандарды орыстандыру үшін білім беру ісінің жоғарыдағы  басшылары оларға орыс тілін,орыс тарихы мен географиясын үйреті керек деп санайды. Әлемге аян империялық құрылыммен  танысу, одан үлгі алу, сөз жоқ бүлдіршіндер жүрегінде Ресейге деген құрмет сезімін тудырадыолардың басқаша ойлауы мүнкін емес»,- делінген 1913 жылы халық ағарту министрлігіне Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Куропаткиннің жазған құпия хабарламасында.

Қорыта келгенде отаршылдар халықты отарлаудың екі түрлі әдісін қолданды. Бірі матариалдық тұрғыда отарлау,ол дегеніміз әскери бекіністер салу арқылы халықтың жерін тартып алу. Екіншісі рухани отарлау, яғни  ұлттың тіліне, дініне және мәдени құндылықтарына тыйым салу арқылы отарлау.Жалпы алғанда қазақтар
1731-1991 жылдары Ресей отарлауының екі кезеңінен өтті.Бірінші кезең империялық кезең 1731-1917 жылдары аралығында. Екінші кезең 1917-1991 жылдары кеңестік кезең жылдарында. Кеңестік кезеңде де қазақтар діни қудалауға ұшырады. Көптеген молда, ишан, имамдар ату жазасына кесіліп, бірқатары жер аударылды. Осы уақыт аралығында қазақ халқы отаршылдықтың небір озбыр, сұрқия саясатын басынан өткізді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.М.Дулатұлы Оян қазақ. Қазан. «Шарк баспасы»,1909 ж.
2.М.Қойгелдиев.Алаш қозғалысы.Алматы, «Санат»,1995 ж. 76 -б
3.Беляеев И. Шет аймақтардағы орыс миссиясы.Тарихи-этнографиялық очерк.-СП.,П.П.Сойкиннің басылыы. 1912 ж.
4.«Ақиқат» журналы , 1997, №3, 47-48 беттер.
5.«Қазақ» газеті , Орынбор. 1914 жыл 9 ма­мыр.
6.Азиатская Россия. Санкт-Петербург. 1914 г. 1, с. 239.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.