Home » Мақалалар » СҰЛТАН БЕЙБАРЫС – ҚАЗАҚ ПАТРИОТИЗМІНІҢ ҮЛГІСІ  

СҰЛТАН БЕЙБАРЫС – ҚАЗАҚ ПАТРИОТИЗМІНІҢ ҮЛГІСІ  

Тарихтың тамаша үлгісі ұлт ұландарын тәрбиелеу барысында қашан да ұтымды әдіс – тәсілдер қатарынан табыла бермек. Әсіресе, кіші жастағы бүлдіршіндер үшін батырлар ертегі кейіпкерлері іспеттес. Қиялы жүйрік, ойлау жүйесі енді қалыптасып келе жатқан мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне патриоттық рух қалыптастыру әсте қиын емес. Бар болғаны оқиғаны қызықты баяндап, батырлардың бар болмысын бейнелей білу. Мәселен, биыл ел көлемінде мерейтойы дүркіреп тойлануға жоспарланған Сұлтан Бейбарыс туралы балабақша бүлдіршіндеріне кеңінен таныстыруға болады. Өз заманында алғырлығымен, батырлығымен, ерекше қайсарлығымен көзге түсіп, құлдықтан билікке дейін жеткен жанды дәріптеу расымен жас жеткіншектердің бойындағы ұлттық рухты одан әрі арттырары сөзсіз. Топ мүшелеріне Сұлтан Бейбарыстың кішкентай кезінде көрген қиыншылықтарын баяндай келе, әсерлі әңгіме түрінде оның өткен өмірбаянан шолу жасауға болады. Әрине, халық ауызында, үлкен ғимараттарда көптен бері таныс есімнің өздері секілді кішкентай бала болғаны, білімге, ғылымға ұмтылғаны балабақша тәрбиеленушілерін одан әрі ынтықтыра түсері сөзсіз. Бұл кішкентай бүлдіршіндердің алға мақсат қойып, өздеріне деген сенімділіктерін оятуға негіз болмақ. Қаншама елді мойындатқан жанның өзі «бала» болған екен ғой деген ой, оларды да игі істерді атқаруға итермелеп, тәрбиелік мәнін ұғындырары сөзсіз.

Кіші жастағы балалардың бойында еліктеу қасиеті жоғары. Олар күші мығым, ақылы мол адамдарға қарап бой түзеп ұқсағысы келеді. Ол көбіне өкінішке орай, шетелдік мультфильмнің бас кейіпкерлерімен астасып жатыр. Ал, ең сенімді адамдары – алғашқы ұстаздары тәрбиешілердің тарапынан батырлардың ерлігі ерекше дәріптелсе, олардың кумиры өзгеріп, батырларға лайық іс – әрекет жасауға ұмтылып, халық ауыз әдебиетіне, тарихқа деген ынтала артары сөзсіз. Бұл ұлттық нақышта анимацияларға көңіл аударып, мән беруге түрткі болмақ. Сұлтан Бейбарыс туралы «Балапан» арнасы түсірген қысқа метражды фильмдердің бар екендігін ескерсек, патриоттық сезімді дамыту мақсатында, оның үзінділерін бүлдіршіндер назарына ұсынуға болады.

Сонымен қатар, Сұлтан Бейбарысты кеңінен насихаттау үшін ақпараттық технологияларды да пайдаланған артық етпейді. Жаңартылған мазмұнда білім беру заман талабы болғандықтан, батырдың бойындағы ерлік пен өрлікті презентациялар көмегімен интерактивті тақта арқылы көрсету, қызықты викториналық сұрақ – жауап дайындау, ойын ұйымдастыру, тың технологиялар көмегімен кейіпкерлерді таныстыру тәрізді сәттерді сәтті пайдаланған абзал.

Жалпы, Сұлтан Бейбарыстың өмір шежіресіне мән беріп қарайтын болсақ, оның жас кезінде қаншалықты қиындықты көп көргенін айқын аңғаруға болады. Тек өзінің еңбекқорлығы мен қырығылығының арқасында қалың ел билеушісіне айналып, ауызына алты Алашты қарата білді. Биілікке иелік еткен тұста халықтың әл – ахуалын жақсартып, өзінің әділетті көшбасшы екендігін дәлелдеді. Мысыр елінің маңызды мәселелерін шешіп, өзінің маңызды тұлға екендігін дәлелдесе де, бойындағы өз ұлтына деген құрметі еш ортайған жоқ. Үнемі қазақтың салт – дәстүрін берік ұстанып, бойындағы тектілігін еш ұмытқан емес. Қанша уақыт өтсе де, тарихта алтын әріптермен жазылып, атағы әлемге тараған жанды жас жеткіншектерге дәрәптеу олардың бойындағы патриоттық сезімді одан әрі дамытып, өткенге құрметпен қарауға тәрбиелейді. Сондықтан, Сұлтан Бейбарысты балабақша тәрбиеленушілеріне таныстыру барынша жан – жақты жүргізілгені дұрыс. Біз тарихқа тағзым жасай отыра кемелдеңген келешекке нық қадамдар жасай аламыз.

Арайлым Ғабдуллақызы
«КМҚК «ЕрТөстік» бөбекжайының тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.