Таскараева Жанат Ахметовна
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатпаев атындағы мектеп-лицейінің
қазақ тілі пәнінің мұғалімі
Қазақ тілі сабағында заманауи әдістерді қолдану мүмкіндіктері
Қазіргі кезеңде білім берудің стратегиялық мүмкіндіктері мұғалімнің педагогикалық процесті ұйымдастыруына қолайлы жағдайлар жасайды. Мұғалімнің кәсіби өсуі мен шеберлігін жетілдіруі бүгінгі қоғамның негізгі міндетіне айналды. Себебі, болашақ ұрпақтың білімді, тәрбиелі болуы мұғалімнің қызметіне байланысты. Мұғалім қоғамда болып жатқан ақпараттық, цифрлық өзгерістерді тез қабылдай алуы керек. Сол өзгерістерді негізге ала отырып, өзінің педагогикалық жүйесін қоғам талаптарына сәйкестендіруі қажет.
XXI ғасыр – жаңашылдықтың заманы. Әсіресе, білім беру саласында бүгінгі заман талабына сай ұстаз болу үшін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін, озық технологияларын, инновациялық педагогикалық технологияларды игеру маңызды. Ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында».
Білім беру үрдісіндегі интеграциялық байланыстар әлем кеңістігіндегі жаңалықтарды қабылдауға жол ашады. Мұғалімнің шеберлігі жаңа әдістерді игеруімен өлшенеді. Заманауи әдістер, инновациялық технологиялар ұғымы біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Елімізде болған пандемия індеті білім беру жүйесінің мазмұнын өзгертті. Соның нәтижесінде қашықтан оқыту, онлайн платформалары, электронды ресурстар, виртуалды лабораториялар пайда болды. Оқушы мен мұғалім қашықтан білім алуға мүмкіндік алды. Бұл да еліміздің ақпараттық әлемде даму тенденциясын көрсетеді. Заманауи әдістерді пән мазмұнында қолдану заманауи талаптардан туындаған алғышарт болып табылады.
Қазіргі мектептің басты мақсаты- әр оқушының қабілетін ашу, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны өмірге дайындау, заманауи білім, дағдылар мен қасиеттерді дамыту. Дәстүрлі репродуктивті оқыту бұл міндеттерді шеше алмайды. Оларды шешу үшін жаңа педагогикалық технологиялар, оқу процесін ұйымдастырудың тиімді формалары мен белсенді әдістері қажет.
Сол пәндердің бірі қазақ тілі. Қазақ тілінде жаңа әдістерді қолдану пән мазмұнын тереңдетеді.
Заманауи әдістер ұстаздар мен оқушылардың аз ғана күш жұмсап, ең жақсы нәтижелерге жетудің тиімді принциптері мен әдістерін анықтауға бағытталады.
Біз қарастырып отырған қазақ тілі сабағында жаңа әдістерді қолдану оқушылардың төмендегі мүмкіндіктерін ашады:
- Коммуникациялық қабілеттерін дамыту;
- Ақпарат көздерімен жұмыс жасау;
- Шығармашылық қабілеттерін дамыту;
- Оқу үдерісіне белсене қатысу;
- Оқу мотивациясын арттыру;
- Ақпараттық қоғам жетістіктеріне жақындау.
Қазақ тілі сабағында компьютерді қолдану мәтіндер мен ақпараттарды білуге жол ашады. Танымдық белсенділігін және орфографиялық, лексикалық дағдыларын қалыптастырады.
Қызығушылықты ояту – жаңа білімге апарар жол. Бұл кезеңде оқушылар белгілі бір тақырып төңірегінде бірнеше сөздер атап, оларды байланыстырып сөйлеуге, мағыналық жағынан топтастыруға, жаңа ұғым жасауға үйренеді. Бірін-бірі қайталамауға үйренеді. Ойлау, оқу арқылы жазуды жүзеге асыра отырып, бірте-бірте шығармашылық жүйеге түседі. Мағынаны тануда оқушы әртүрлі болжам жасау, бұрынғы білетіндерін жеке және топта айту арқылы жаңа білімге деген қызығушылықтары артады. Олар «Мені түсін» әдісі арқылы мәтінді өз беттерінше оқу, тезис құру арқылы көлемді материалдарды өздеріне керек тұстарын ғана алуға, екі жақты түсіндірме күнделігін жасау, талдау, зерттеу, салыстыру, терминдермен жұмыс, бірін-бірі толықтыру арқылы оқушы жаңа білімді өздігінен меңгеріп, жаңалық табу, шығармашылықпен жұмыс істеу сатысына көтеріледі.
Тапсырманы орындауда «Хикая картасы» әдісін қолдану оқушының сыни тұрғыдан ойлау дағдысын қалыптастырады. «Хикая картасын» толтыру үшін, оқушылар берілген суреттерді мәтін мазмұнына сай ретімен орналастыра отырып, берілген тірек сөздерді пайдалана отырып, суреттерді сипаттайды. Ретімен сипаттай отырып, мәтін мазмұнын, негізгі ойды баяндайды. Топпен орындау оқушылардың ұжымдық, коммуникативті қарым-қатынас стилін дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақ тілі сабағында белсенді әдістер жиі қолданылады. Соның ішінде, кластер, инсерт, тезарус құру, синквейн, Блум таксономиясы т.б.
Сабақ бойынша өз пікірлерін және сыни ойлау деңгейінің қаншалықты артып отырғанын анықтау мақсатында сабақта «ББҮ» стратегиясы, «Екі жұлдыз, бір тілек», «Күнделік жазу» арқылы кері байланыс жасап отыруға болады. Рефлексия жасау оқушылардың пікірлерін дәйектеп, ойларын жүйелі, сөздерін нақты жазуға дағдыланады.
Қазақ тілінде үй тапсырмасын тексеру барысында «Ақиқат, жалған» әдісін қолдануға болады. Топтағы оқушылардың алдында қызыл және жасыл түсті қиылған қағаздар беріледі. Мысалы, «Дыбыстар екіге бөлінеді, дауысты және дауыссыз; н-дауыссыз үнді дыбыс» — деп белгілі бір тұжырымды айтқан кезде оқушылар ақиқат болса жасыл түсті қағазды, жалған болса қызыл түсті қағазды көрсетуі керек. Бұл әдіс оқушыдан шапшаңдықты талап етеді. Топта оқушылар бір-бірімен жарысып, берілген тапсырманың мазмұнына сәйкес ақиқат және жалған екенін анықтайды.
«Шығармашылық шеберхана» әдісі білім алушылардың шығармашылық дағдысын дамытуға көмектеседі. Сабақ барысында олар мәтіннің мазмұнына сәйкес суреттер, иллюстрациялар дайындайды. Сонымен қатар эссе, өлеңдер, әңгімелер жазады.
Заманауи әдістерді қазақ тілі пәнінде қолданудың маңызы ерекше. Себебі, оқушының көркем сөйлеу және ойлау қабілеті тіл арқылы қалыптасады. Оқушылар арасында еркін, ашық шығармашылық қарым-қатынас болады. Заманауи әдістердің бірі «Венн диаграммасы», «Еркiн жазу», «Семантикалық карта», Эйлер шеңбері, SMART әдісі т.б.
Мәтіндегі ақпаратты анықтау, тірек сөздерді дұрыс қолданып, иллюстрацияларды сипаттау мақсаттарын жүзеге асыру барысында оқушы әрекеті белсенді оқуға бағытталады. Мәтін ішінен топтарға жекелеген тапсырмалар беріледі. Бұл жұмыс түрі мәтіннің негізгі ойын түсінуге шоғырланған дайындық жұмысы. Әр топқа бір суретті немесе сөз тіркесін мәтін ішіндегі бар сөздермен сипатта немесе мәтіндегі сөз тіркестерімен бер, — деп тапсырмаға уақытты шектеп бергендіктен, қызығушылық та, бәсекелестік те арта түседі.
Қазақ тілі сабақтарында бұл мәселені шешу жолдарының бірі әртүрлі әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану, жаңа технологияларды енгізу. Сабақта оқушылардың тілін диалог, монолог арқылы дамытуға болады. Диалогтық, монологтық сөйлеу барысында туындайтын қиыншылықтар да бар.
Қорыта айтқанда, қазақ тілі сабағы әрі тартымды, әрі қызықты, әрі сапалы болуы әр ұстаздың өзіне, білім деңгейіне, кәсіби шеберлігіне байланысты.