Home » Мақалалар » Қазақ халқының рухани көсемі — Ахмет Байтұрсынұлы

Қазақ халқының рухани көсемі — Ахмет Байтұрсынұлы

Ұрпақтың рухани танымдық құндылығын арттыру — өткеннің өнегесін танытумен сабақтас екендігі белгілі. Яғни, баланың біліктілігі мен білімінің негізгі нұсқаушысы — тарихи  тұлғалардың тағылымды жолдары мен ағартушылық еңбектері болмақ.

Мен ұйымдастырған көрмедегі негізгі нысан (1-ші суретте көрсетілген) Ахмет Байтұрсынұлының өмірлік жолынан мағлұмат беретін кодталған арнайы фотосурет. Біз ұстаздар өткеннің педагогикалық мүддесін өзіміздің оқыту философиямызға негіздей отырып, оны жаңашылдықтың бояуымен реңкін түрлендіріп, заман талабына сай ұсына білуіміз басты міндет деп білемін.

Осы жайтты ескере отырып, мектебімізде Алаш ардақтысы — Ахмет Байтұрсынұлын ұлт көсемі ретінде ұлықтап, сауаттандыру мен сананы оятудағы ұлы ұстаздық жолын шәкірттердің ілім игеруінде үлгі болуы негізінде арнайы бірлестік аясында іс-шарасы өткізілген болатын.

 

Бұл нысанда — әр оқушы өз ұялы телефонының көмегімен ұлы ғұламаның тарихи болмысымен толық таныса алады. Кітап бетін ақтару, әр бөліктен білім көзін іздеуде енжарлық танытатын балаларға да, тіпті үздіктен алға озған оқушының да жаңаша бағытта тыңғылықты ақпарат білуіне ұйымдастырылған көрнекілік болатын.

Әр түрлі мәдениет пен еліктеудің негізгі субьектісі өзгерген қазіргі қоғамдық құбылыстарда кешегі ұлт зиялыларын таныту, оларды оқушылар танымында білуі тиісті тұлғаға айналдыру, ұстаздар қауымының басты мақсаты екендігі анық.

Ахмет Байтұрсынұлы — өзінің шекті өмірінде шексіз ағарту еңбегін қалдыра алған, бүтіндей ғұмырында елдің қамын ойлаған идеологиялық ізденістер мен саяси қыспақтың құрығын қысқартуға тырысқан ерліктері үшін сан мәрте түрменің тұтқыны атанған күрескер. Оның қараңғылықпен құрысқан темірдей қапаста қамалуы — өзінің жазықты ісінен емес, халқының ертеңгі өмірінің тәуелсіз, сапалы күндермен өтуін қалаған ішкі арпалысының сыртқа шығуымен орын алған болатын. Ахмет Байтұрсынұлының — билік тарапындағы қара халықтың сауатсыздығын пайдаланып, кең байтақ жері мен қоса рухани ойлау кеңістігінде тарылта түсуге талпынған жымысқы әрекеттерін әшкерелеп, үнқағазға үн қатып, маса болып оятып, мысалменен адамдардың бойкүйезгі әрекеттерін әшкерелеп, білімді болуға шақырған және сол жолда ғылымның дамуы мен оның қазақ тілінде сөйлеуі үшін қызмет қылған әрекеттері қай заманда болмасын ұлы есім етіп ұлықтауға тұрарлық.

Кешегі тарих бүгінгі білімдік тәрбие, ертеңгі ұлттық мұра, халықтық құндылық.

Жетісу ауданы,
№102 ЖББМ
«Қазақ тілі мен әдебиет» пәні мұғалімі
Рабилова Айгерим Орынбасаровна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.