Home » Жаңалықтар »  Балабақшада жігіт сұлтандары сайысқа түсті

 Балабақшада жігіт сұлтандары сайысқа түсті

Ұлы Абайдың туғанына — 175 жыл!

 Алаштың ардақтысы – Сұлтанмахмұт Торайғыров өмірден өткенде «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында із қалдырған»,- деп қайғырып жырға қосқан Ұлы ақын, хакім Абай атамыздың 175 жылдығы Павлодар өңірінде кеңінен насихатталып, түрлі іс-шаралар легімен жалғасын табуда.

Осындай мерекелік іс-шаралардың бірі – жақында №33 сәбилер бақшасының би залында мекеме басшысы Айнұр Исабекованың ұйымдастыруымен өтті. Айнұр Еркінқызы балабақша тәрбиеленушілерінің қатысуымен, танымдық, тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Қалалық деңгейде жүзеге асқан Жігіт сұлтаны сайысына: №1, 30, 43, 46, 93 балабақшалардың дарынды таланттары қатысты.

Мерекелік ертеңгіліктің қадірлі меймандары ретінде және өнерпаз балалардың өнеріне төрелік етуге: Павлодар облысы «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Жақсыбаева Қайырлы Сағындыққызы, «Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің балалар секторының басшысы Асқарова Жансая Аманкелдіқызы және республикалық «Білім айнасы» ақпараттық, ғылыми-танымдық газетінің меншікті тілшісі Айгүл Молдаш шақырылды.

Жігіт сұлтаны сайысы: «Таныстыру», «Өнер алды – қызыл тіл» — мәтелді жалғастыру», «Жігітке жеті өнер аз» — ақын өлеңін жатқа мәнерлеп оқу, «Ойға шабуыл» — сұраққа жауап беру және «Білгенге — маржан» — көрермендерге сауал жолдау болып бес кезеңге бөлінді. Қатысушылар тапсырмаларды орындау барысында ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жеті атасын мүдірместен бір демде тарқатып берді. Ал, ақ көйлекті кішкентай ханшайымдар мың бұрала би билеп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Барлық бес кезеңде де №30 тәрбиеленушісі Ерлан Естай үздік өнерімен, зеректігімен ерекшеленіп, І орынға ие болды. ІІ орынды №46 балабақшаның атынан  шыққан талапкер Әмір Дүйсенбекұлы жеңіп алды. Сондай-ақ, Болат Жәнібек (№1 балабақша), Шәкіртхан Мұхамедияр (№43 балабақша) және Мейерали Нұрисламдар (№93 балабақша) да жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлады.

Көрермендерін қуанышқа бөлеп, көзайым болған жігіт сұлтандары арнайы Дипломдармен марапатталып, мерекелік сыйлықтарға ие болды.

І, ІІ орын иегерлері «Бейбітшілік әлемі» қайырымдылық Қорының Павлодар қаласында өткен «Мәңгілік ел — Қазақстаным» халықаралық байқауына шақырылып, жүлделі І орынға ие болды.

 

 

Айгүл МОЛДАШ,

Павлодар.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.