Home » Жаңалықтар » ҚазҰУ – мүмкіндіктер мекені

ҚазҰУ – мүмкіндіктер мекені

Алатаудың баурайындағы шырайлы шаһар Алматының төрінде орналасқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ келешекке анық қадам бастырар саналы ғұмырдың бір айғағы секілді. Қара шаңырақтың қол астына жиылған студенттер, магистрантар мен докторанттар талабын қанағаттандыруға барынша жағдайлар жасалған. Әрине мұны ғажайып әлем десе де болар, ең бастысы талай бала кыранның қанатын ұштап, қияға самғатқан студенттер сарайы, тарихы тереңде жатқан ҚазҰУ бір сәтке көз алдына елестететін жеке мұражай, заман талабына сай жабдықталған үш жүз адамдық интернет орталығы, тағысын тағылар, айта берсең толып жатыр. Адамзат баласы осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін мынау дүниеде қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да өміріндегі ең бір ұмытылмас кездер университет қабырғасындағы керемет шақтар. Біздің Алатаудай асқақ арманымыз бізді Алматы шаһарына, Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне жетеледі. Осы жерде білім алатын барша студенттер үшін жан-жақты даму үшін, көшбасшылық қабілетті қалыптастыру мақсатында, өз-өзін кемелдендіріп, еркін, заманауи дамыту үшін бар жағдай жасалған. Сол бар мүмкіншілікті пайдалана білу, әр студенттің өз қолында. Мәселен, интернет орталығы, Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, мұражай, студенттерге қызмет көрсету орталығы «Керемет», компьютерлі- техникалық жабдықтар, WI-FI сымсыз интернет желісі, ауқымы кең спорттық кешен сынды орталықтар орналасқан. Онымен қоса ең бай кітапхана – Әл- Фараби атындағы кітапхана орналасқан. Қойнауы кітапқа бай, зәулім сарайлы кітапханамызда әр студент өзінің керегіне еш қиындықсыз қол жеткізе алады.

Өз білімі мен дарынына сенетін көңілді де ізденімпаз жастарды тәрбиелейтін университетіміздің физика-техникалық факультетінің «Плазма, нанотехнология және компьютерлік физика» кафедрасы ерекше орын алады.  Осы кафедраның магистранты атану біз үшін үлкен қуаныш. Себебі, талай білімпаздар мен халқымызға еңбегі сіңген қайраткерлеріміздің жолымен жүргенімізге ризамыз.

Плазма, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасы мол профессорлық-оқытушылық құрамға ие. Кафедрамызда тек қана республика аумағында ғана емес, сонымен қатар халықаралық дәрежеде еңбектері еленген оқытушылар сабақ береді. Айта кететін болсақ, «Еңбек ері», «Құрмет ордені», «ЖОО үздік оқытушысы», «ҚР ғылымды дамытуға сіңірен еңбегі үшін» сияқты  мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері жұмыс істейді. Кафедраның академигі Ф.Баимбетовтың ғылыми мектебінен түлеп ұшқан қазіргі таңда, әлемдік аренада плазма физикасының мәселелерімен айналысып жүрген 7 ғылым докторы және 50-ге жуық ғылым кандидаттары қызмет істейді. Бұл мектептен ұшқан түлектердің ғылыми еңбектері жоғары рейтингті ғылыми басылымдарда АҚШ, Англия, Германия, Франция, Жапония, Ресей Халықаралық мәртебелі ғылыми ғылыми конференцияларда жарық көріп келеді. Ерекше айтып өтетін жағдай, қазіргі уақытта кафедрамыз АҚШ, Германия, Корея, Жапония, Испания елдерінің әртүрлі университеттері және ғылыми  ұйымдармен  бірлесіп плазманың қасиетін, теориялық зерттеу негізінде, бөлшектердің өзара әсерлесу моделін компьютерлік өңдеу жолымен зерттеп келеді. Осы оқытушылардың салған дара жолымен жүре білсек, біз де білікті маман атанып, келешек ұрпақты білім нәрімен сусындатарымызға сенімдіміз.  Оқытушылар біздерге тек қана білім беріп қана қоймай, сонымен қатар тәрбие де береді. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған болса керек. Болашақ ұстаз ретінде алдымызға қояр мақсатымыз тәртіпті, білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда қара шаңырақтың бізге үйретері көп.

 

Авторлары: ҚазҰУ-нің «Физика мұғалімдерін даярлау» мамандығының  1 курс магистранттары: Акперов Н., Бағыбай Б.Е., Егенова Б.Ж., Құралбек Р., Мұхаметхан М.А.,  Парзиева М.К., Төкен Н.Н. және Шажалиев А.К. Куратор-эдвайзері, аға оқытушы Туреханова К.М. жетекшілігімен жазылды.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.