Мустафаев Аскар Омирзакович
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатбаев атындағы мектеп-лицейінің алғашқы әскери және
технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында қызмет ету әрбір азаматтың борышы болғандықтан, білім беру ұйымдарында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнін оқыту маңызды.
Аталған пәнді оқыту – патриоттық тәрбиемен ұштастырылып, әскери жаттығуларды дұрыс меңгеруіне ықпал етіп келеді. Негізгі мақсат – келешекте отанын, елін, жерін қорғай алатын ұлттық намысы жоғары азамат даярлау, Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тағайындалуын және әскери антты түсіну. Бұл – пән мұғаліміне үлкен жауапкершілік жүктейтін жауапты мамандық.
Оқушылардың алғашқы әскери дайындық пәніне деген қызығушылығын арттыруда түрлі әдістер пайдаланылып келеді. Мысалы: әртүрлі деңгейдегі сұрақ-жауаптар, психологиялық және математикалық тренингтер мен тарихта аты қалған ұлы тұлғаларды тілге тиек ету. Атап айтатын болсақ, Бауыржан Момышұлының жауынгерлік ерліктері мен отансүйгіштік қасиеті.
Ұлттық және тәрбиелік шараларды жоспарлауда патриоттық ғылыми байланысы бар негізгі қағидалар басшылыққа алынады. М: жас мөлшері, болмыс ерекшелігі, патриоттық сезімін ұғу, ұжымдық тәрбие, тәрбие мазмұнының біртұтастығы мен жасына сай ақыл-ойын дамыту.
Түрлі тиімді тәсілдерді және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қағидалар мен тәртіптерді негізге алып, ұлтжанды ұрпақты қалыптастыру алғашқы әскери дайындық пәнінің негізгі миссиясы.
Басқа пәндер сияқты алғашқы әскери дайындық сабағының да өзіндік ерекшелігі бар. Ол — төзімділік. Себебі: кез-келген жетістік пен жеңіс жолында төзімділік ауадай қажет.
Еліміздің еңсесі биік, қамалының берік болуы төзімді және білімді жастардың қолында. Сондықтан мектеп қабырғасындағы бүгінгі оқушыны ертеңгі сарбаз өміріне дайындауда алғашқы әскери дайындық сабағының тиімділігі зор.