Құдайбергенов Серғазы Ережепұлы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы
Шәри Ислам
мәдениеттану мамандығының 2 курс магистранты
Постмодернизм дәуірінің мәдениетіне тән белгілер, атап өтетін болсақ, фрагментарлық ойлау, эпатаждылық, плюрализм, пастиш, жанрлар арасындағы шекараның ашықтығы, өткен дәуір стильдеріне сілтеме жасау секілді сипаттамалар заманауи бұқаралық медиаға кеңінен таралуда. Соның ішінде БАҚ-тың алар орны үлкен. Бұқаралық ақпарат құралдары әлемді қалай көрсетсе, көрермендер де қоршаған ортаны солай қабылдауға ұмтылады. Сонымен қатар, ақпараттық қызмет саласының мамандары да БАҚ ережелерін ұстана отырып, көрермендердің назарын өздеріне аударту үшін барлық шараны іске асырауда. Мысалы, соңғы болып жатқан оқиғалардан хабар беріп қана қоймай, көрерменді сол оқиғаның қатысушысы ретінде көрсету үшін жаңалықтарда шынайы кадрлар, видеоматериалдар ұсынылады.
Әйгілі француз ойшылы Ж.Бодрийяр айтқандай, қоғам симулякрларға, яғни «түпнұсқасы жоқ көшірмелер» немесе «бос белгілерге» толып кетті. Расымен де, теледидарды қоссақ та, ғаламторға кірсек те жарнамадан көп дүниені аңғару қиын. Бұл жарнамалардың жасалыну жолдары да бір-біріне ұқсас. Онда тұтынушыға ұсынылып тұрған тауардың сапасы мен жеке қасиеттері емес, брендтің, фирманың атауы мен имиджі бірінші орынға шығады. Жарнамалар сайттың қос қапталына шығып тұратын баннер түрінде ғана емес, видео түрінде де шығатын болды. Кезінде телеарналарда бірнеше минут сайын қайталанып отыратын жарнамалар телевизия саласының халық арасында танымалдылығының төмендеуінің салдарынан ғаламтор беттеріне көшуде. Мысалы, ВКонтакте әлеуметтік желісі немесе YouTube видеохостинг қызметі арқылы бейнероликтер қарағыңыз келсе, әрдайым жарнамаға «ұрынасыз»; Instagram-да басқа қолданушылар жариялаған Stories-терді тамашалар отырған сәтте де «свайп» функциясы арқылы лезде жарнама берушінің парақшасына не веб-сайтына өте аласыз. Жалпы алғанда әлеуметтік желілер жарнама берушілер үшін тиімді ортаға айналды. Себебі айтпаса түсінікті шығар деп ойлаймын. Өйткені жарнама адамдардың тұтынушылық қабілетіне әсер ететін құрал ғана емес, соны жариялап отыратын жеке тұлғалар немесе сайт, парақша иелері үшін үлкен табыс көзіне айналды.
Жарнама жайында барлығы түсінікті шығар. Ендігі кезекті қазіргі кездегі масс медианың үлкен бір саласы – шоу-бизнеске көшсек. Кезінде телевизия дәуірі өз дамуының шырқау шегіне жетіп тұрғанда көптеген өнер өкілдері, соның ішінде әншілер арнайы теларналар арқылы танылып, жұлдыздарға айналатын. Сонымен бірге, көп қаралған, көп тыңдалған, көпшіліктің көңілінен шыққан әндер немесе хиттар топтамасы шығып тұратын. Қазіргі күні масс медианың ғаламтор беттеріне қанат жаюы көптеген жас жұлдыздардың танылуына мүмкіндік беріп отыр. Музыкалық клиптер, релиздер, альбомдар лезде әлеуметтік желілерде, арнайы сервистерде (iTunes, Яндекс.Музыка, Spottify және т.б.). Сонымен бірге, YouTube желісінің ән орындаушыларының қаралымдар мен «лайк» жүйесі арқылы олардың танымалдылығын арттыруда орны үлкен.
Ғаламтордың халық арасында кеңінен тарала бастағандығын ескере отырып, көптеген телеарналар видеохостинг қызметтерінде және әлеуметтік желілерде өздерінің жеке парақшаларын ашуда. Мысалы, қазақстандық «GakkuTV» арнасы бұл идеяны жақсы жүзеге асыра білді. Қазіргі күні YouTube-та бұл арнаның 2 млн-нан астам жазылушысы бар.
Әлбетте, қазіргі күні жаңадан пайда болған орындаушылар үшін әуеннің әсемдігі жеткіліксіз деп ойлаймын. Кеңінен танымал болу үшін кейбір орындаушылар көрерменнің есінде қалу үшін, жоғарыда атап өткеніміздей, эпатаждылыққа негізделген, ерекше үлгідегі, әсіресе китч стиліне тән шаш және киім үлгілерін, жалпы алғанда имидждерін қалыптастырады. Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге, көптеген елдерге танымал болған Отандық топ – 2015 негізі қаланған Ninety One тобы. Лирикалық әуендерімен аты шыққан бұл топ Қазақстан қоғамында бастапқы кезде үлкен резонанс тудырды. Кореялық «k-pop» бағытындағы орындаушыларға еліктей отырып жасалынған шаш және киім үлгілеріне еліміздің көптеген азаматтары қарсылық білдірді, пикеттер жарияланды. Осындау шудың нәтижесінде Ninety One тобы еліміздің түкпір-түкпірінде танымал бола бастады. Олар шығарған махаббат тақырыбындағы әндер көпшіліктің көңілінен шығып, фанаттар саны күрт өсті. Осылайша, сыртқы бейнедегі эпатаждылық бір музыкалық топтың танымалдығына себепкер болды.
Біз жоғарыда заманауи масс медиада жанрлар арасындағы ашықтық пен өткен дәуірлерге сілтеме жайында айтып кеткен болатынбыз. Соларға мысал келтіре кетсек. Қазіргі күні музыка саласында ХХ ғасырдың 80-жылдардағы әуенлерге еліктеушілік байқалуда. Американдық ән орындаушысы «The Weeknd»-тің осы жылы танымал болған «Blinding Lights» туындысында сол замандардағы синтезатордың үні көп қолданылады. Кейбір тыңдармандар 80-жылдарды қайта аңсап, ностальгиялық сезімді бастан өткергендерін айтқан. Дәл осы заманның әуені посткеңестік елдер үшін де үлкен әсер қалдырған. Беларусь жерінен шыққан «Молчат дома» тобы кеңестік музыкаға сай келетін пост-панк және синти-поп жанрындағы «Судно», «Клетка», «Дискотека», «Утонуть» әуендерінің арқасында, ең алдымен, Еуропа елдерінде, содан кейін ғана өз Отандарында танымал болды. Бұл әуендер кезіндегі кеңестік панктық музыканың жарқын өкілі Виктор Цойдың ғана емес, сол замандағы кеңестік дәуірдің әндеріне ұқсас келеді.
Қорыта келгенде, қазіргі күнгі бұқаралық медиа салаларында постмодернизмге тән белгілер көптеп қолданылады. Көріп тұрғандарыңыздай, өнер иелері өздері шығаратын туындылар арқылы ғана емес, сыртқы образдарындағы эпатаж бен китч арқасында жұлдыз атануда. Сонымен бірге, ностальгия сезімін тудыратын өнімдер өткен заман мәдениетін қайтадан жаңғыртып, жұртшылықтың қызығушылықтарын оятуда. Постмодернизм дәуірінің бұқаралық ақпарат құралдар заманымен ұштасуы медиа салаларында осындай өзгерістерді туындатып отыр.