Home » Мақалалар » «Алаш» қозғалысы-Тәуелсіздік бастауы

«Алаш» қозғалысы-Тәуелсіздік бастауы

Түркістан облысы  Созақ ауданы
№І Кеңесбаев атындағы жалпы
орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі
Курманбекова Айгерим Кабилбековна

«Ұлы тұлғаларын білмейінше бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Алаштың басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Алаш орыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті.Тарихтың қай кезеңінде болсын,олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген.»

                                                                                                 Н.Ә.Назарбаев

Алаш қайраткерлерінің өздері ұлт-азаттық қозғалыстың 1905 жылдан басталғанын меңзейді. Елдің егемендігін қалпына келтіріп қана қоймай, озық, өркениетті елге айналдыруды көздеген Алаш қозғалысы дәл осы заманда «қараңғы қазақ көгіне күн болып өрмелеп шықты». Қозғалыстың басында оқыған, саяси сауатты, ең бастысы – ұлтын сүйетін ұлы тұлғалар:  Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, М.Тынышбаев, Б.Қаратаевтар мен олардың ізін басқан: С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Шоқай, Т.Рысқұлов сынды саңлақтар тұрды.  Олар ұлты үшін аянбай қызмет етті, көздегені –  халықтың мүддесі, мақсаты – жастарды ұлттық дүниетаным негізінде оқыту,  ана тілін дамыту, осы ретте қазақ даласында оқу орындарын ашу болатын. Дегенмен большевиктер Алашордашылардың  өз бағдарламасын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді. Осылайша, барша қазақ халқының ұлттық рухының тамырын жою үшін алдымен осы қозғалыстың басында тұрған Алаш зиялыларының артына түсіп, оларды соттады, жер аударуға мәжбүр етті, соңында ату жазасына кесті. Алаштықтардың есімдері, олардың еңбектері, шығармалары жабулы күйінде қалып, тарих, әдебиет беттеріне енбей қалды. Бірақ тарих тұлғаның ел мен жұрт алдындағы ерлігін өз орнына қойып, оларға  лайықты бағасын беріп отырады. Ол туған халқының өсіп-өркендеу жолына өшпес еңбек сіңірген перзенттерін жадында мәңгі сақтайды. Иә, еліміз егемендік алып, оң-солымызды түгендей бастаған заманда Алаш қозғалысы, олардың мұралары шаң басқан мұрағат сөрелерінен жарыққа шығып, зерттеле бастады. Алаштықтар армандап өткен тәуелсіздікке қол жеткізген заманда осындай маңызды датаны ескерусіз қалдырғанымыз ұрпаққа сын болушы еді. Алаш қозғалысы, бұл – Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы.

Ия «Алаш» сөзі-киелі ұғым.

«Алаш»-осы төрт ақ әріптен құралған мазмұны терең елеулі сөз былай қарасаң айтуға оңай. Алайда осы сөздің астарында, қисапсыз қасіреттер, ұлты үшін құрбан болған қазақ зиялыларының қиын тағдырлары, қазақ халқының тарихы жатыр.

Алаш-Қазақстанның «Мәңгілік ел» ел мұратын саясат пен руханият тұрғысынан айқындаған, айшықтаған кезең атауы.
Алаш – Қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілік мүддесінің үзілмеген арқауы.
Алаш –Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасының батыл да бастамашыл білік пен парасат, білім мен жауапкершілік тарихына қараған айнасы.

Бір сөзбен айтқанда Алаш зиялыларының басты мақсаты бодаңдықтың бұғауынан құтылу болды.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.