Home » Мақалалар » Елімнің бақытын тербеткен — менің Қазақстаным!

Елімнің бақытын тербеткен — менің Қазақстаным!

25 қазан — Республика күнінің тарихта өзіндік орны бар. Сонау 1990 жылдың дәл осы күні «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Декларацияның қабылдануымен еліміздің егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Сол сәттен бастап қазақ елі еңсесі биік, өзгелермен терезесі тең жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Сондықтан бұл мереке жылда ерекше қуанышпен, сән-салтанатымен атап өтіледі.
Алматы қаласы Әуезов ауданы  білім басқармасына қарасты № 119 мектеп-лицейінде  атаулы күнге орай  «Елімнің бақытын тербеткен — менің Қазақстаным!” атты мерекелік концерт өтті. «Біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында  «Даналық мектебі» аясында ата-аналармен бірлесе дайындаған іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
       
Мерекелік іс-шара шымылдығын «Даналық мектебінің» аясында жұмыс істеп жүрген  “Аналар” клубының  белді мүшесі, дәстүрлі әнші   Абибекова Назгүл Данелқановна әсем әнімен ашты. Назгүл Данелқановна қазақтың ұлттық аспабы жетігенді оқушыларымызға таныстыру үшін     өзімен бірге ала  келген екен.  Ұлттық құндылығымызды бала бойына сіңіруді мақсат етіп жетіген аспабының шығу тарихына тоқталды, сонымен қатар қазақтың халық әндерінен папури орындады. Өнер иесі жетіген аспабын кейінгі ұрпақ еншісіне қалдырған музыкатанушы, қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жинаушы Болат Сарыбайды да тілге тиек етті.

Мектебімізде төрт  даналық клубы бар. Сол даналық мектебінің — бірі “Әжелер”клубы. Осы әжелерімізге ризамыз, қандай мереке болса да өз үлестерін қосып жүреді. Ақ жаулықты әжелеріміздің амандығын тілеп келеміз. Өнегелі істерімен, құнды сөздерімен кейінгі ұрпаққа қалдырар тәлімі мен тағылымы мол өсиеті бар әжелеріміз мәңгі жасасын дейміз! Бүгін де әжелеріміз өз өнерлерін ортаға салды. Сахна төрінен көрінген әнші әжелеріміз әннен шашу шашып, ақ тілектерін білдірді.
Одан әрі мереке  Шарипова Мадинаның   әсем әнімен жалғасын тапты. Ол «Ана» әнін орындап, жиналғадарды тәнтті етті.
     
Бүгінгі мерекелік концерт бағдарламасы жүректі тербейтін, көңілде сөнбейтін, ешқашан өлмейтін патриоттық әндерден құралды. Жұртты жұдырықтай жұмылдырып, рухын асқақтата түсетін әндерді шырқаған оқушылар күй де ойнап көрермендерді тәнті етті. Бір ғана «Ерке сылқым» күйінің өзі әр қазақтың бойындағы ұлтжандылық сезімді оятпай қоймасы анық.
Екі желі, үш қазық,
Тоғыз ноқта домбыра,
Ойнатайын он саусақ,
Құлындайын құлдыра.
Бозда-бозда бота күй,
Қашағанды қудыра,
Құлшына тарт, домбыра! — деп, мектеп оқушыларынан құралған домбырашы күйшілер осы күйді орындады. Сонымен қатар, әнші оқушыларымыз «Көк тудың желбірегені» әнін орындап көрермен ризашылығына бөленді.
Домбыра сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма,
Тілден анық үн барда.
Домбыраның күші мол,
Көмейінде күй барда, — дей келемектеп оркестрі «Секіртпе» күйін орындады.

— Республика күні мерекесі құтты болсын! Жыл сайын бұл мерекені атап өтудеміз. Ұлттық құндылығымызды дәріптеп, әр оқушыны ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу алтын ұя мектеп қабырғасынан басталары сөзсіз. Қашан да осы өсіріп отырған ұрпағымыздың болашағы жарқын болуына тілектеспін. Әрқашан еліміздің көк туы көкте желбіресін, мерекеден мерекеге жете берейік,- дейді мектеп директоры Батырбекова Жаныл Сатаевна.
Ұжым болып, ұстаздар қауымы болып біз де осы атаулы күні Отанымыз — Қазақстан Республикасына өркендеу мен амандық тілейміз. Халықтың бірлігі, татулығы мен келісімі біздің мемлекетіміздің мәңгілік берік тірегі болсын!

Алматы қаласы Әуезов ауданы
№ 119 мектеп-лицейі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Курманбаева Жанаргуль Омирзаковна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.