Home » Жаңалықтар » Қастерлейтінім — қазақ тілі

Қастерлейтінім — қазақ тілі

Алматы қаласы, Түрксіб ауданы,
№203 жалпы орта мектебінде Республика күні қарсаңында
«Қастерлейтінім — қазақ тілі»тақырыбында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат” орденінің иегері, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистровамен кездесу өтті.

       
Қазақтың қара домбырасын шертіп, күміс көмей даусымен қазаққа танымал болған Татьяна Николаевна 2003 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Алматы қаласындағы «Ұлттық өнер» мәдени орталығының басшылық қызметін атқарып, Республикалық «Айтыс» байқауында қазақ халық әндерін орындаушы ретінде жеңімпаз атанған. Он жастан бастап домбыраны қолына алған әншінің Естай Беркімбаев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев сөздеріне жазылған әндемен қатар, қазақтың халық әндері, бұрынғы композиторлардың шығармалары, өсиет ретінде айтылған термелері бар.

Кездесу шымылдығы әншінің әсем әуенімен ашылып, әдемі естелік әңгімеге ұласты. Халық көзайымына айналған өнер иесі жиылған ұстаздар мен оқушылардың көкейдегі сұрақтарына жауап беріп, әннен шашу шашты. Тағылымды кездесуде күміс көмей әнші өмір жолы мен өнер жолындағы қызықты сәттерімен, өмірден түйген парасатты пайымдарымен бөлісті. Қазақ поэзиясының тұнығынан қанып ішкен орыс қызының сөз саптауы мен шешендігі көрерменді тәнті етті. Айтылмай кеткен халық әндері мен халық композиторларының әндерін ел назарына ұсынып жүрген әнші көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Бала тәрбиесінде ұстаздың орны ерекше. Ұстаз балаға үлгі бола білуі керек. Сондықтан да осы жолда талмай еңбек етулеріңізді, дендеріңіздің саулығын тілеймін. Шәкірттеріңіз еңбектеріңізді ақтасын», — деп тілек білдірді әнші ұстаздар қауымына.
№203 жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Құдайберген Майгүл Қуатқызы өнер иесіне арнаған өлең жолдарын оқып, табыстады. Ал, жас өнерпаздар төгілтіп күй тартты.

      
Кездесу соңы көрерменнің тілегі мен ұстаздардың дайындаған сый-сияпатын табыстаумен аяқталды. Татьяна Николайевнаның иығына шапан, басына ақ жаулық жабылып сый-құрмет көрсетілді. Осы кездесуден оқушылардың рухани азық алып, ерекше сезімге бөленуіне арқау болып, жас мамандарға үлгілі жол көрсетіп отырған мектеп басшысы Дайрбаева Расима Султаналиевна мен мектеп ұжымына алғысымызды айтамыз.
Еңбектеріңіз жемісті, шәкірттеріңіз үздік болсын!

«BILIM AINASY»
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.