Сарсенбаева Меруерт Қылышбековна
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатбаев атындағы мектеп-лицейінің
қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі
ХХІ ғасыр – білім, ғылым, технология ғасыры. Жаһандану қарқын алып, адам ресурстaры бaсты кaпиталға айналған уақытта құндылықтар өзгеріп жатыр. Сондай өзгерістердің бірі – кітап оқуға, шығарма, эссе жазуға деген қызығушылықтың төмендеуі, жастардың кітапты ұялы телефон, гаджеттермен алмастыруы. Сондықтан да оқушының жазу дағдыларын жақсарту өзекті мәселе.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық, функионалды сауаттылық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» — деп көрсетті. Бұл үздіксіз білім беру жүйесіне үлкен талаптар жүктейді. Себебі, білім мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Білім саласында жүргізіліп жатқан реформалар, оның өзгеруіне, жаңаруына, модернизациялануына жол ашады.
Еліміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама болды. Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Білім беру парадигмасының ауысуы, оның тұжырымдамалық негіздерін қайта бағалау, білім беру мақсаттарын, міндеттерін, мазмұнын қайта пайымдау жалпы білім беру жүйесінде күрделі өзгерістерге алып келді.
Білім мазмұнын жаңарту – білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін қайта қарастыру болып табылады.
Жаңартылған білім беру мазмұнына сай қазақ тілі пәні қоғамға араласуға қажетті тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын дамытады. Бұл дағдылар оқушының өмірде еркін қарым- қатынас жасауына, өзгелермен пікір алмасып, көзқарасын еркін білдіре алуына, өз ойын нақты жеткізуіне, кез-келген ақпаратты тиімді қолдануына, оқығаны бойынша өзіндік қорытынды жасап, тың идеялар жасауға мүмкіндік береді.
Қазіргі мектептің басты мақсаты — әр оқушының қабілетін ашу, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны өмірге дайындау, заманауи білім, дағдылар мен қасиеттерді дамыту. Оқушының аталмыш дағдылары оқыту процесінде жүзеге асады. Бұл дағдыларды дамытуда қазақ тілі сабағының орны ерекше. Өйткені осы пән арқылы оқушының тіл байлығы, сөйлеу мәдениеті, ұлттық дүниетанымы, т.б. құндылықтары қалыптасады.
Қазақ тілі пәнінің басты мақсаты – тілдің орфографиялық нормасын сақтау, сауатты жазу, сөздерді дұрыс байланыстыру, сөз тіркесін жасау, сөйлемдерді дұрыс орналастыру, сөйлем және мәтін құрау, оқушының дұрыс жазу дағдысын қалыптастыру. Сабақта оқушылардың сөйлеу әрекетін айтылым, оқылым, жазылым, тындалым арқылы дамытуға болады.
Қазақ тілі сабағында оқушылардың қызығушылығын арттыруға байланысты бірқатар тапсырмалар жасауға болады. Олардың жазу дағдыларын дамыту барысында терме диктант, грамматикалық диктант, эссе, шығарма сияқты жұмыстар жүргізуге болады. Қазақ тілінде сауатты жазудың бірден-бір жолы ережені білу, үйрену болып табылады.
Қазақ тілінің оқу бағдарламасына шолу жасайтын болсақ, мұғалім тыңдалым/айтылым, оқылым, жазылым және әдеби тіл нормалары бойынша берілген оқу мақсаттарына жетуді негізге алады. Оқушылар жоспар құруды, әртүрлі жанрда мәтіндер құрастыруды, жазба жұмыстарын ұсынуды, эссе жазуды, мәтіндерді түзету және редакциялау сияқты коммуникативтік дағдылары қалыптастыруы шарт.
Сонымен қатар оқушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру үшін жаңа инновациялық әдістерді қолданған жөн. Атап айтсақ, «Пазл» әдісі немесе «Хикая картасы» бойынша тапсырма беруге болады. Оқушы сюжетті суреттерді әңгіме желісі бойынша орналастырып, талдау жасайды. Содан кейін өз ойын жинақтай отырып әңгіме құрастырады.
Жаңа технологияларды қолдану оқушының шығармашылық әрекетін дамытуға мүмкіндік береді. Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың пікір айту, ауызша, жазбаша сауатты сөйлеу, қоғамның өзге өкілдерімен дұрыс қарым-қатынас жасау, яғни әрбір адамға керекті коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру мәселелерін шешу маңызды.
Қазіргі таңда мұғалімдер іс-тәжірибеде инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жақсы нәтижелерге жетіп жүргені аян. Солардың бiрi — сын тұрғысынан ойлау.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерiнен түзiледi. Осы технологияны мұғалімдер әр сабақтың ерекшелiгiнет қарай лайықтап қолдануына болады. Олар: «бес жолды өлең», «Венн диаграммасы», «Еркiн жазу», «Семантикалық карта», т.б.
Сабақта оқушыларды топқа бөліп, проблемалы сұрақтар құрастырып, соларға тез жауап алу мақсатында «Миға шабуыл», «Дисскусиялық карта» әдістерін қолдануға болады. Қазақ тілі сабағында мәтінмен жұмыс істеудің әртүрлі тәсілдері бар.
Сонымен қатар оқушылардың жазу дағдысын дамыту үшін жоба әдісін қолдану тиімді болып табылады.
Жобаны жазу барысында оқушылар тақырыпқа байланысты фактілер мен аргументтер іздестіреді. Тапсырмаларды орындау барысында оқушыдан ақпаратты жүйелеу және талдау, фактілерді, құбылыстарды жалпылау, қорытынды жасау қабілеті талап етіледі.
Қазақ тілі сабағында интеграциялық байланысты оқушыларға көрсету маңызды процесс екені белгілі. Себебі, интеграциялық байланыс табиғат пен қоғам, мәдениет пен адам арасындағы сабақтастықты тереңдететіні белгілі. Жоба оқушылардың зерттеушілік мәдениетін қалыптастырады.
Осындай жұмыс түрлері оқушының зерттеушілік мүмкіндіктерін ашуға көмектеседі. Сабақ үрдісінде әртүрлі әдістерді қолдану дидактикалық принциптерді дамытуға және әдістемелік тәжірибені жетілдіруге көмектеседі. Зерттеушілікке бейім оқушының бойында ерекше шығармашылық мүмкіндіктері жоғары болады. Шығармашылық жұмысты орындау барысында оқушыға әсер ететін мотивтер болады. Осы мотивтер арқылы оқушы жобаны орындап шығады.
Олар:
- мәселені көре білу;
- сұрақтар қою;
- болжамды ұсына білу;
- дағдыларын анықтау;
- топтастыра білу;
- бақылау ;
- эксперимент жүргізу;
- қорытынды жасау;
- материалды сұрыптау;
- өз көзқарасын дәлелдеу және қорғау
Осындай құрылымды пайдалана отырып, жоба жазуға икемделеді. Қорыта айтқанда оқушының жазу дағдысын дамыту барысында белсенді әдістердің рөлі ерекше.