Отебаева Салтанат Жайлаубаевна
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатбаев атындағы мектеп-лицейінің
қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі
Көпен Әмірбек шығармаларының тәрбиелік мәні
Сатиралық шығармаларды ертегі түрінде жазу – әдебиетте бұрыннан бар үрдіс болып табылатыны белгілі. Орыс әдебиетінде сатиралық ертегілерді, әсіресе Салтыков-Щедрин өнімді жазса, төл әдебиетімізде І.Жансүгіровтің ертегі формасымен сықақ жазғаны мәлім. Көпен Әмірбектің те туындыларында көптеген шығармалары тура осы бағытта жазылып, өзіндік рең мен түр беріп отыратыны анық. Сықақталушы құбылыстың түріне, шенеуші күлкінің сипатына, сондай-ақ автордың айтпақ ойын жеткізуінің амал-тәсілдеріне қарай Көпен Әмірбектің сатиралық өлеңдері репортаж, хат, баяндама, мінездеме түрлерінде де кездеседі.
Көпен Әмірбек сатиралық өлеңдерінде санамақ, жұмбақ формаларында пайдаланған. Оларда ауыз әдебиетіндегі сол үлгілерді келтіріп, сосын ойды қазіргі кезге лайықтап немесе өзі айтпақ болған мәселеге байланысты өрбітеді. Ақынның жұмбағы мен оның шешуі келтіріліп, одан әрі осыған ұқсата отырып, бір мекемеге жаңадан ауысып келген бастықтың «сау желген саяқтарын» осы мекемеге тықпақшы болған әрекетін әшкерелейді [1, б.19].
Көбінесе шағын сюжетті өлеңмен, кейде кейіпкер монологы түрінде, енді бірде шағын сатиралық шумақ, эпиграммаларымен тоғышарлық пен тоңмойындықты әшкерлейді. Ақын шығармаларында мысал, ертегі түріндегі сатиралық өлеңдер де мол ұшырасады. Мансұқталар мін мен кесір-кемшіліктердің сипатына қарай күлкінің де өткірлігі мен өрнегі өзгеріп, бір өңнен екінші түрге ауысып жатады. Әдемі әзілден әжуаға, мысқыл-мазақтан кермек келеке мен зілді кекесінге ойысатын күлкі етудің сан түрлі нақыштары суретшінің полотноға жаққан бояуындай құбылып, өміріміздегі олқылықтарды кесірлігімен де, есерлігімен де көз алдымызға әкеледі. Әйтсе де Көпен Әмірбек өлеңдерінде көріксіз көріністерді күлкімен кестелеудің арқауында юмордан гөрі сатираның салмағы басым жатады. Соның өзінде, ащы айтса да айғайға салмай, мінді көрсете отырып, кемшілікке көпшіліктің көзін жеткізуді мұрат тұтады. Сондықтан оның өлеңдерінде оқырманын күлдіре отырып ойлантып, сосын күйіндіретіндей қуат бар.
Көпен Әмірбектің шығармаларының, жазған туындыларының ерекше берер тәрбиесі молынан екенін ол туралы айтылған пікірлерден де анық көруге болады. Мысалы, Жарасқан Әбдіраш өзінің сатирик туралы жазған туындыларында ерекше мән беретін тұстарын атап кетіп жатады. Жастарға берер тәрбиесі мен жаман қылықтар мен әдеттерден ары жүруді үйрететін Көпен Әмірбек сатирасының мағынасы тереңде жатқаны туралы деректер де жетерлік.
Кім білмейді
Әмірбеков Көпенді?!
Әзілімен танытады әкеңді!
Бір қарасаң –
Алдаркөсе атасындай пып-пысық,
Бір қарасаң –
Қожанасыр атасындай «әпенді».
Кім білмейді
Әмірбеков Көпенді?!
Қалжыңымен түсіреді… бөпеңді!…
Танымасаң –
Жібереді «пешкі» қылып «ферзіңді».
Танымасаң –
Жібереді «ешкі» қылып «текеңді» [2,б.76],- деп сатирик
туралы ойын білдірген болатын. Алдар мен Қожаның атасындай көретін пікір иесі тіпті қалжыңымен бөпеңді де түсіретінін айтып, қалың көпшілікті күлкіге қарқ қылатыны да шындық.
Әдебиетті өнер деп танитын Зейнолла Қабдолов өзінің «Сөз өнері» еңбегінде «қоғамдық сананың айрықша саласы – өнер десек, мұның жалпы адамзат мәдениетінен алар орны өзгеше, адамдардың парасат дүниесінде атқарар қызметі орасан зор» деп бағалайды. Ал көпшіліктің ойынша, өнердің көп салаларының ішіндегі ең бір қадірлісі әрі қасиеттісі – көркем әдебиет екендігін білген ек. Осы тұста сөз өнерінің басқа өнерден айырмашылығын атап өткенді жөн.
Қазіргі таңда Көпен Әмірбекті көптеген жастардың әзіл жарыстарында қазылық етіп отырған жерінен табуға болатынын көпшілік жасырмайды. Шыны керек, Есен Елеукен, Тұрсынбек Қабатов сынды әзілкештердің жүргізетін кештерінде әділқазы алқасының мүшелерінің қатарында отыратын Көпен Әмірбек төл өнеріміз айтыста да өз ойын айтатындай дәрежесі бар екені мәлім. Ел астанасына қоныс аударып, алпыс бес жасына аяқ басқан кезде ат ұстары дүниеге келген Көпен Әмірбектен жас журналистердің бірі сұхбат алса керек. Журналис сатириктен астанаға қандай үлес қосқаны туралы сұрақтарды қойып, жаудырса керек. Сол кезде, сөз тапқанға қолқа жоқ демекші, Көпен Әмірбек Елбасының Есілдің бойына қала жасаса, өзінің сол қалада ойнайтын бала жасағаны туралы айтып дүйім жұртты қарқ еткен жайы бар.
Қалың оқырман мен көз көрген көрерменнің бүгінгі таңда орын алған сатира әлемінің негізінен Қалтайдай жанның қағытпа қалжыңын, Уайдиннің уытты да өткір тілін, Оспанханның осып түсер сарказмын, Шонаның шақпа әзілін іздеп әрі әлек болып жүргені жасырын емес екені белгілі. Қазіргі таңдағы сатира қоғамдағы өмірдің қалтарысы мен бұлтарысын, адам табиғаты мен мінез-құлқының ұңғыл-шұңғылын, көз шала бермейтін қия беткейін ашып, аршып, көрсетіп беруге қауқарлы болып табылатыны кез келген адамды шынымен мазалайды.
Көпен Әмірбектің айтуынша қазіргі кезде немесе жалпыламада қаламгерлер қауымының шығармаларының жиынтығы бақшаға ұқсаса, сықақшылар бағбан сияқты қызмет атқарады. Барлығына белгілі, бағбанның атқаратын жұмысының қандай екені. Нақтырақ түсінікті болу үшін олар арам шөбін жұлады әрі тазалайды, бірлі-жарым болып келетін қисық өскен бұтақтарды қырқып отырады, уақытында суарады, соншама жерге кеткен түбін қопсытып, баптайды. Неше түрлі құрт-құмырсқа өрмелеп шығып жемістерін жеп қоймас үшін де сол ағаштың діңгегін көктем бастала сала ақтап қоятыны тағы бар. Жоғарыда тізбектелгеннің барлығы сырт көзге ұсақ-түйек көрінгенімен, қыруар жұмыс болып келетіні де шындық.
Кешегі Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Сейіт Кенжеахметұлы, Қажытай Ілиясұлының кезінде барлық сықақшы бағбан сияқты әдебиеттің бау-бақшасынан шықпайтынын Көпен Әмірбек жасырмайды. Өзара сұхбаттасып болғаннан кейін де артық-тыртықтарын жұлып тастап отыратынын барлығы да жақсы біледі. Мысалы, бір ғана Шона Смаханұлын тілге тиек етуге болады. Сол өткен замандағы атақты жазушы Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» атты үш томдық кітап жазғаны барлығына мәлім. Сол аталмыш шығарманың санынан гөрі сапасы жағынан күдіктенген Шона ағамыз мынадай эпиграмма арнады. «Бірінші кітап – Ақ Жайық. Екінші кітап – Ақ Жайық. Үшінші кітап – Ақ Жайық. Жайыққа Жайық қосылып, Суға кетіп қалмайық» немесе «вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың атақ-даңқы шарықтап шыға бастағанда жанашырлықпен екі ауыз эпиграмма арнады. «Өмірде екі Шәмші бар. Бірінен жақсы ән шығар. Бірі арақты қамшылар. Одан қандай мән шығар?», — деп айтқан болатын [3, б.14].
Бетіне айтқанның айыбы жоқ деп білетін Көпен Әмірбек қазақ әдебиетінде эпиграмма жазудың ең соңғы тұяғы Жарасқан Әбдірашұлы болғанын айтып бір күледі. Өзінің жиырма бес жылдай жазған пародия, эпиграммаларымды жинақтап, «Па, шіркін, пародия» деген бір томдық шығарды да, ол да тоқтады. Неге? Сынға құлақ асып жатқан кім бар? Түзелейін, түзетейін демеген болатын. Ал памфлеттің көрін қазып, оны баяғыда жерлеп қойған тағы бар. Әлемде болып жатқан адам шошитын оқиғалар дайын памфлет қой. Солардан алып сойып салып памфлет жазса, бүгінгі жастарға тәлім-тәрбиесі күшті болатынына сеніп болашақ жастардың тәрбиесіне қатты алаңдатушылық білдіреді.
Жат елдің жат қылықтарынан жирендіретін сатиралық жанрдың озық түрі осы памфлет. Тіпті де бүгінгі нарық заманында эпиграмма, пародия, фельетон сияқты жанрларды жандандыру үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі газеттерде байқау өткізіп тұруы керектігі туралы да ой тастайды. Сонда ғана оның маңдайы жарқырайды әрі қоғамда қозғалыс туғызатынына кәміл сенетін Көпен Әмірбек не жазса да қалай жазса да барлығының мақсаты бір. Ол-сынай жүріп, болашақтағы келеңсіздіктерді болдырмау, әрине…