Жундесинова Жазира Алиайдаровна
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатбаев атындағы мектеп-лицейінің
қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі
Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне ертеден-ақ ерекше көңіл бөліп отырған. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан бай ауыз әдебиетіміз бен әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз де отбасының тірегі, елінің ертеңі – балаға тікелей қатысты. «Ел болам десең, бесігіңді түзе»-деп жарық дүниеге келген алғашқы күннен-ақ, халқымыз бала тәрбиесіне, ерекше көңіл бөлген. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі С.Торайғыровтың:
Сүйемін туған тілді – анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім. Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін,- деп толғана жырлауы – сөзіміздің дәлелі. Сәбиге айтар ақ тілек, келешегіне артар үміт пен сенім бесік жырынан анық байқалады.
Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жолға тиісіп, Батыр болар ма екенсің? Бармақтарын майысып, Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің? Таңдайларын тақылдап, Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің? – деп айтылатын бесік жырының тәрбиелік мәніне халқымыз ерте кезде- ақ назар аударып отырғандығын халық ауыз әдебиетінен білеміз.
Заңғар жазушымыз М.Әуезовтің «Тәрбие тал бесіктен басталады», -деп айтқанындай, әжесінің ертегісін, атасының нақыл сөзін, анасының бесік жырын тыңдап өспеген сәбиді ана тілінің мөлдір бастауынан мейірін қандыра сусындайды деп айта алмаймыз. М.Әуезовтің қанатты сөзі халқын сүйген азаматтың елінің ертеңіне үлкен сеніммен көз салуы екені даусыз. Бүгінгі таңдағы жас аналар бесік жырын айтуға дағдыланбағандықтан сәбиін қазіргі әндердің әуеніне салып, уілдеп жұбатады. Бесік жырындағы ақын, шешен, батыр болар ма екенсің деп болашағынан үміт күтетін ақ тілек ана әлдиі арқылы айтылмайды. Ана сүті арқылы берілетін ана тілінің құдіретін ұқпай, шөліркеген балаларымыздың тілін, ойын дамытуға көңіл бөлмедік. Қоршаған ортадағы әрбір заттың атауын білгісі келіп, сұрай бастаса, зекіріп тыйым салып, қызығушылығын төмендетіп алғандығымызды байқамадық. Қазақ балаларының ұяң, жатқаншақ болып өсуінің себебін анықтауға мән бермедік. Осы орайда Беркімбаева Шәмша Көпбайқызының «Ұлттың ең басты белгісі – тілі. Ана тіліне уызынан жарыған бала ғана халқының тарихына үңіледі, бай ауыз әдебиетінің ғажайып әлеміне жол тартады, саф өнеріне сүйсінеді, философиялық тұжырымдарға негізделген салт-дәстүрін меңгереді», — дегені бала тәрбиелеуден жіберген қатемізді еріксіз мойындатады.
Шынында да, ана тілінің асыл қасиетін бойына сіңірмеген балаларымызды мектеп табалдырығын аттаған соң –ақ, туған тіліне сусындатпай жатып, қазақ алфавитін терең меңгермегеніне назар аудармай, орыс тілі, ағылшын тілі пәнін қосақтап үйретуге тырысамыз. Балдырғандардың зейіні тұрақталмағанын ескермейміз, бірнеше тілді қатар игеру ауыр тиетіндігіне көңіл білмейміз. Осының әсерінен жасөспірімдердің сөз мағынасына терең үңілмей, ойын еркін айта алмай, варваризм, жаргон сөздерді пайдаланып, ана тілімізді шұбарлап жүргендігін байқамаймыз. Қазіргі мектеп оқушыларының ауызекі сөйлеу тілінде «базар жоқ, әңгіме жоқ, сындырамын, қуалап кетті, сырғанап келу, крышасы кетіп қалу, мамбет, қалқаман, шаригі кем, ужас» т,б. сөздер жиі кездеседі. Мұғалімдер мен тәрбиешілер дер кезінде ескерту жасап, орынды сөйлеуді талап етсе, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай күн өткен сайын көбейіп келе жатқан мұндай сөздерге тосқауыл жасалар еді. Білім негізі- бастауышта дегендей, үйдің фундаментіне сай кірпіші қалай қаланса, соған сәйкес ғимарат соғылатыны белгілі. Өзге ұлт мектебінде білім алған балаларымыз ойын бөгде тілде жұптап, ана тілін аударма түрінде қолданады. Қәзіргі кезеңдегі осындай ұрпақтарымыз өз тілін менсінбей, мінез – құлқында ұлттық психологиямызда сөз өнерінің қалыптасып, көркейіп, кемелдеуіне зор үлес қосқан сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің «Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді»-дегені ойға оралады. Қазақ мектептерінде балаларға терең білім бермейді деген сылтаумен мемлекеттік тіліміздің келешегіне сенімсіздікпен қарап, балаларын, немерелерін орыс мектептерінде оқытып жатқан ата-аналар жиі кездеседі. Олар отбасында балаларымызбен қазақша сөйлессек жеткілікті деп есептейді. Ана тілінің қадірін жете түсінбеген балаларын ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектептерге жіберіп, мемлекеттік тілімізді бөгде тілдің көлеңкесінде қалдырып, болашағымызға балта шауып жатқанымызға мән бермейміз. Балаларының мемлекеттік тілді жете меңгермеуін көптеген ата-аналар мектеп ұжымынан көреді. Олардың ана тілінде жарық көрген көркем шығармаларды, баспасөз басылымдарын оқымайтындығын қынжыла айтады. Отбасында телехабарды, телесериалды бөгде тілде тамашалап, халық әндерін тыңдаудан бас тартып, өзге әуенге еліктейтіндігін байқаса да ескерту жасамайды. Халқымыздың мақтан тұтар: күләш Байсейітова, Әмре Қашаубаев, Бибігүл Төлегенова, Ахмет Жұбанов т.б өнер қайраткерлеріміздің шығармашылығын ғана емес, есімін де толық білмейтіндер де кездесетіні жасырын емес. Егер отбасында осы мәселеге еркеше көңіл бөлініп отыратын болса, Шыңғыс Айтматов атамыздың айтуынша «мәңгүрттеріміздің» көңілін оятып, көзін ашар едік.
Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің ертеңі – білімді ұрпақ» — деп айтқандай, жас ұрпаққа сапалы білім,саналы тәрбие беруде мектеп пен ата-ана арасында байланыс нығайып, пікірлері бір арнаға тоғысқан жағдайда, егеменді еліміздің ертеңінің жарқын болатындығы айқын.