Бухарова Малика Калмырзаевна
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы
Қ.Сатбаев атындағы мектеп-лицейінің
қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Ұстаз болу — ауыр әрі ғажап. Ауырлығы сол: қаншама балаға ата- анадай тәрбие беріп, өмірлік азық болатындай білім беріп, саған сенген көптеген адамдардың сенімін ақтау. Ғажаптығы сол: қандай мамандық иелері болсын ең алдымен ұстаздан үлгі,өнеге, білім алады, ұстаздың алдынан өтеді. Сондықтан ұстаз бала үшін екінші ата-ана, ал мектеп — екінші үй. Шәкіртінің жетістігіне қуанбайтын ұстаз жоқ, себебі шәкіртінің жеңісі — ұстазының жемісі. Ұстаздың әр сабағы өмірде сабақ болатындай өтуі тиіс. Сондықтан әр ұстаз, әр жаңашыл ұстаз өз сабақтарында түрлі әдіс- тәсілдерді пайдаланады. Әр пәннен беретін ұстаздардың өзіндік сабақта қолданатын әдіс- тәсілдері болады. Бүгін менде өзімнің сабақтарымда қолданылатын оқыту әдісі — ойын және оның түрлеріне тоқталмақшымын. Сабақ барысында осы оқыту әдісін пайдалану тиімді деп санаймын.
Себебі осы әдісті қолдана отырып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын оятуға болады. Ойын ойнағаннан балалар шаршамайды әрі үйренгісі келгенін ойын арқылы үйренсе, тез үйреніп алады. Мектеп оқушылары ең алдымен балалар екенін ұмытпайық. Енді осы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінде қандай ойын элементтерін пайдалануға болады және оны басқа да қандай пәндермен байланыстыруға болады, соған тоқталайын.
Оқыту мақсатына қарай тілдік ойындар: лексика-фонетикалық, грамматикалық болып бөлінеді. Тілдік ойындардың бұлай бөлінуі шартты түрде ғана, себебі фонетикасыз, фонетиканы лексикасыз, лексиканы грамматикасыз қарастыру, меңгерту мүмкін емес.
Лексика-фонетикалық жаттығулардың негізгі мақсаты — оқушының сөзді дұрыс айтуын, дұрыс сөйлеуін қадағалау, дауыс ырғағын дұрыс қалыптастыру. Бұл ойын сабақтың алдыңғы сатысында көп қолданылады. Сабақтың кейінгі сатысында оқушыларды меңгерген лексикалық материалын тәжірибелік тұрғыда қолдану, сөздерді бір-бірімен байланыстырып сөйлем құрау, оқушыға өз ойын жүйелі түрде жеткізуге машықтандыру үшін грамматикалық ойындар қолданылады.
Лексика тарауы бойынша жаңа сөздерді, термин, көнерген, табу, тұрақты тіркестерді қайталау барысында «Сақина салу» ойынын ойнатуға болады.
Ойынның мақсаты: оқушылар меңгерген тақырыптары бойынша алған білімдерін тексеріп, қазақ тілінің сөздік қорын қаншалықты меңгергенін тексеру. Ойынның шарты: сөз жазылып жасырылған қағазды мұғалім әр оқушының алақанына салып шығады, қағаз кімнің алақанында қалса, сол жауап береді. Бұл ойын түрін әрі сергіту сәті ретінде пайдалануға болады. Сонымен қатар, орыс сыныптарында сөздікпен жұмыс жүргізу барысында да тиімді деп ойлаймын. Мысалы, мұғалім сөздің орысшасын жасырады, ал балалар қазақшасын айтуы керек.
Фонетика тарауы бойынша «Адасқан әріптер» ойынын ойнатып, дыбыстар мен әріптерді меңгертуге болады. Ойынның мақсаты: қазақ тіліндегі қырық екі әріпті, дыбыстарды, үндестік заңдылығын меңгерту. Ойынның шарты: мұғалім орындары ауысып кеткен әріптер жазылған карточкаларды оқушыларға таратып, оқушылар адасқан әріптерді орнына қойып, сөздерді айтылуы және жазылуына қарай бөліп айту. Мысалы: н,қ,ұ,л,ы — құлын. Айтылуы- құлұн, жазылуы — құлын. Сонымен қатар, мұғалім мұндай бірнеше сөздерді карточкаларға жазбай — ақ, тақтаға да жазып қоюға болады және бұл ойын түрін үлгерімі нашар оқушылармен жүргізсе де болады деп ойлаймын.
Морфологияны қайталау барысында «Тоғызқұмалақ» ойынын ойнатуға болады. Морфология
- сөз таптарын қарастыратын тіл білімінің саласы, ал қазақ тілінде сөз таптарының саны — 9. Әр сөз табын оқыту ретімен белгілеп, яғни бірден тоғызға дейінгі сандарды пайдаланып, тасты лақтырып, түскен сан бойынша сөз табына сипаттама беру. Ойынның мақсаты: тоғыз сөз таптарын меңгертіп, ұлттық ойынымыз «Тоғызқұмалақты» қайтадан жаңа қырынан жандандыру. Ойынның шарты: Морфология — сөз таптарын қарастыратын тіл білімінің саласы, ал қазақ тілінде сөз таптарының саны — 9. Әр сөз табын оқыту ретімен белгілеп, яғни бірден тоғызға дейінгі сандарды пайдаланып, тасты лақтырып, түскен сан бойынша сөз табына сипаттама беру. Ойынның мақсаты: сөйлем құрау барысында бес сөйлем мүшесінің ойды анық жеткізу үшін қажет және оны пойыздың вагондары сияқты тіркестіріп, бір — бірімен байланыстырып, ойдың нақтылығын жеткізу үшін сөйлемнің қаншалықты қызмет атқаратынын ұқтыру. Ойынның шарты: мұғалім сөйлем құрау үшін берілетін бес сөйлем мүшесінен пойыздың вагондарын жасап, ойдың нақтылығын анықтау мақсатында сөздерді орнына қойып, сөйлем құрау. Мысалы: пойыздың басын бастауыш деп, ал қалған сөйлем мүшелерін пойыздың вагондары деп тіркестіру арқылы сөйлем құрастыру немесе сөздерді пойыздың вагондары сияқты тіркестіріп, сөз тіркестерін құрастыру. «Кім тапқыр?», «Кім жылдам?» ойындарын өткен тақырыптар бойынша қайталау барысында ойнатуға болады. Ойынның мақсаты: оқушылардың өткен тақырыптар бойынша білімдерін тексере отырып, жылдам ойлауға, жылдам жауап беруге үйрету. Ойынның шарты: мұғалім үйден қайталауға арналған тақырыптар бойынша сұрақтар дайындап әкеліп, берілген уақыт ішінде сұрақтарға кім жылдам әрі дұрыс жауап берді соны бақылап, бағалау. Керісінше, мұғалім қайталауға арналған тақырыптар бойынша белгілі уақыт ішінде бір — біріне сұрақтар жасырады. » Ханталапай» ойыны. Бұл ойын түрін де өткен тақырыптарды қайталау немесе үй жұмысын тексеру мақсатында ойнатуға болады. Ойынның мақсаты: асықпен ойнатылатын ұлттық ойынымызды дәріптей отыра, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, шапшаң ойлап, шапшаң жауап беруге үйрету. Ойынның шарты: ойын үш бөлімнен тұрады.
Оқушыларды үш топқа бөлеміз. Әр бөлімде сұрақ дайындауға үш минут уақыт беріп, жауап беруге он минут уақыт беріледі. Қорытындыға бес минут беріледі. Ойынға он бес сұрақ дайындылып, әр топқа конвертке салынып, нөмірленіп бес сұрақ беріледі. Әр топқа бірден беске дейін нөмірленген асық беріледі. Асықты мұғалім ортаға тастайды, ойыншылар қай нөмірлі асықты алса, сол конверттегі сұрақтарға жауап береді. «Не? Қайда? Қашан?» ойыны. Бұл ойын түрін әдебиет сабағында ойнатуға болады. Ойынның мақсаты: ақын -жазушылар өмірбаяны мен шығармашылығына қатысты мәліметтерді қаншалықты меңгерді соны анықтау және есте сақтау қабілеттерінің қаншалықты жақсы екенін анықтау. Ойынның шарты: өтілген тақырып бойынша, яғни бір ақын — жазушының өмірбаяны мен шығармашылығына байланысты не? қайда? қашан? деген сұрақтарға жауап іздеу. Мысалы: Абай Құнанбайұлының өмірбаяны мен шығармашылығын оқу берілсін. Ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты «Не?» деген сұраққа: Абайдың «Он жетінші қара сөзінде» Ақыл, Қайрат, Жүрек үшеуі не жөнінде таласты? «Қайда?» деген сұраққа: Абай Құнанбайұлы қайда дүниеге келген? «Қашан?» деген сұраққа: Абай Құнанбайұлы туралы Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы қашан жарияланды? деген сияқты сұрақтар қоюға болады.
Осындай сұрақтарды оқушылардың өздеріне дайындатқызуға да болады. «Жатқа айту» ойыны. Бұл ойынды әдебиет сабағында ойнатуға болады. Ойынның мақсаты: жаттаған өлеңдерін тексеру, есте сақтау қабілеттерін ұштау, жылдамдыққа үйрету. Ойынның шарты: сынып оқушыларын үш топқа бөліп, өлеңдерден жаттаған үзінділерін айтудан жарысады. Бірінші топ бір өлеңнен екі жол айтса, екінші топ жалғастырып екі жолын айтады, басқа өлеңнен екі жол айтады, оны үшінші топ жалғастырып бірінші топқа айтады. Ойын соңында қай топ және қай оқушы көп ұпай жинаса, сол жеңіске жетеді. Қорытындылай келе, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті сабақтарында ойын элементтерін пайдалану өте тиімді деп санаймын. Жалпы ойын сабақтың қызықты өтуіне зор ықпалын тигізеді. Қазіргі заман технологиялар заманы болған соң, заман талабына сай білім беру саласында да түрлі өзгерістер болуда. Міне, заманға сай сабақ түрлерін өткізсек, еңбегіміз жемісті болады деп ойлаймын. Оқушы қанша жасқа келсе де, ол ең алдымен бала екенін ұмытпауымыз керек. Ал баланың көңілі ойында. Сондықтан сабағымызда да ойын элементтерін тиімді пайдалансақ, ұйқы басып, шаршап отыратын оқушылар аз болар деп ойлаймын. Бала ойын арқылы түсінбегенін түсініп алады деп ойлаймын. Сабағымыздың бір сарынды өтпей, қызықты өтуіне осы ойын элементтерінің пайдасы зор деп білемін.