Айтешова Гаухар Қошайқызы,
№6 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәндерінің мұғалімі,
Ақсай қаласы, БҚО
Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» – деп, ұлы даланың дара тұлғаларының есімін ерекше атап өткен болатын. Адам танымынан бастау алып, оның қызметі, рухани өмірімен ұштасып жатқан құндылықтары жөнінде өшпес мұра қалдырған Әл-Фараби есімі бүгінде тек қазақ даласы емес әлем мойындаған Аристотельден кейінгі Шығыстан шыққан Екінші ұстаз мәртебесіне ие болуы – біз үшін де үлкен мақтаныш. 2020 жылы Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде Қазақстанда әлем халықтарымен бірге аталуының өзі зор құрметті білдіреді.
Осы орайда адамды қадірлейтін, өзінің төл құндылықтарын дәріптейтін, сақтай алатын, кейінгі ұрпаққа дінді, адамды, табиғатты құрметтеуді үйрете білетін, құндылықтарын табыстай алатын ел ғана қайырымды мемлекетті құра алады деген ойға келетін ғұламаның «Қайырымды қала тұрғындары» атты шығармасына ерекше тоқталғым келеді. Әу баста бұл шығарманы оқи отырып, шынайы, риясыз біздің өмір сүріп жатырған қоғамызды анық байқандай болдым. Құдды өзімізге немесе ұл-қызымызға қажетті сабақ алардай дәйекті ойлардың өзі адамға үлкен бір жауапкершілікті жүктейді. Әсіресе, көрікті ойымның дәлелін шығармадан алынған үзінділермен сабақтасам:
- Ақшаны үнемдеуде және жұмсауда көрінетін шамаға қарай жомарттық туады. Шектен тыс үнемшілдік және ақшаны көп жұмсау сараңдыққа соғады, ал мұның өзі адам басындағы жаман қасиет. Шектен тыс артық жұмсау және жеткілікті дәрежеде үнемшіл болмау ысырапшылдыққа соқтырады;
- Сөзге тапқырлық – жақсы адамшылық қасиет және мұның өзі әзілді өз орнымен пайдаланғанда болатын нәрсе. Адам өз өмірінде оқтын-оқтын дем алуға тиісті, ал мұнда шектен тыс кетушілік жанға рахат немесе қалай болған күннің өзінде кеселсіз;
- Доскерлік – адамшылықтағы жақсы қасиет бұл өзі адамның басқа адамдармен тиісті шамада қарым-қатынас жасауынан туады, осының арқасында ол өзінің жүріс-тұрысынан, сол адамдармен жақсы ләззат алады. Достыққа кемтар болу – тәкапарлыққа итереді. Ал енді осы ретте ол басқаны ренжітетін іс жасаса, онда бұл дүрдараздыққа апарып соқтырады, — деген мысалдардың өзі осы қасиеттің барлығы бойында бар адам барлық мақсатына толық жете алатынын анық көрсетіп тұр.
Сонымен қатар Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Қашықтасың, туған жер», «Тіршілікте құрыштай бол төзімді», «Қағаздың түсті бетіне», «Бауырын қанша сүйгенмен» атты өлеңдері де «Қайырымды қала тұрғындары» атты шығармасымен үндестік тапқандай.
Бауырын қанша сүйгенмен,
Өтеді өмір күйбеңмен.
Шындыққа бас тік алулап,
Пенделіктен бол аулақ.
Жататын ләйім жаңғырып,
Бұл ғұмыр емес мәңгілік.
Бей-опа мына заманда,
Бақыл боп кетер адамда.
Жұрт кілең күнін көп қызық,
Жіберер зая өткізіп, – шығармасында мына жалған өмір мәңгілік емес, уақытты үнемдеңдер, пенделіктен аулақ болыңдар деген ақыл сөздерін айтады. Жастардың шындыққа қол жеткізіп, өмірлерін зая өткізбеуін қалайды. Ойшыл жан құмары, жан қуаты деген қасиеттердің тек адам баласына тән екендігін айтады.
Тіршілікте құрыштай бол төзімді,
Сан мәртебе алдаса да өзіңді.
Тағдырыңды еш уақытта жазғырма
Тіпті кейде болса да әзәзіл азғырған.
Өрге жүзген өнегелі ісімен
Таңда да ал дос, өз теңіңнің ішінен.
Жүргендер көп достық атын малданып,
Алайда тек қалма оған алданып.
«Тіршілікте құрыштай бол төзімді» өлеңінде тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым, достық, сабырлылық туралы жазылған. Өмір болған соң, адамзат баласы көптеген қиындықтар мен жағымсыз жағдайларға тап болады. Сол қиындықты төзімділік пен сабырлылықтың арқасында ғана жеңуге болады. Өлеңде ақын тағдырды жазғырмауға, өмірде бәріне шыдамдылық танытуға шақырады. Адам баласының басына жақсылық бірден келмейтінін, ол үшін аянбай еңбектену керектігін, сабырлы жан қашан да арманына қол жеткізетінін жырлайды. Ақын адам баласының адал дос табуын, жақсы амалмен көзге көрінуін, төзімді де, сабырлы болуын қалайды.
Қорытындылай келе, Әл-Фараби: «Ақыл-парасат күші-адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш»,- деп көрсетеді. Фараби адамдардың өз көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. «Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып білу арқылы жетіледі»,- деп түйін жасайды. Демек, Әл-Фараби шығармалары әлі талай ғасыр ұрпақтарың тәрбиелейтіні сөзсіз.