Home » Мақалалар » ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ АРҚЫЛЫ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ИДЕЯСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ АРҚЫЛЫ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ИДЕЯСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ

Акмамбетова Нургуль Аргынбековна
 Қарағанды қаласындағы
№102 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 Рухани жаңғыру – адам баласының оның ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білуі. Рухани жаңғыруды өркениеттің өрге жүзуімен байланыстырамыз. Тарих сахнасына көз жүгіртсек, өскен ұлттың өрби түсуіне осы «рухани жаңғыру» дәлел.
Тұңғыш президентіміздің мақсаты – ұлттың ұлы мұраты. Ол – Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен тұтастай арылту. Мемлекет басшысы қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырады: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі –ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» [1, 1-б.]. Мемлекет басшысы нұсқап отырған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту, «білім культін» қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды революциялық емес, эволюциялық жолмен дамыту, ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алады.
Ұлан-ғайыр қазыналарымызды қалпынша қолданып, қорғау, бір мақсатпен межелеген межеге жету арқылы түрлі саяси радикалды идеологияларға тосқауыл болудың бағдарын ұсынды. Ұлттық бірегейлікті сақтау. Білімнің салтанат құруы. Қазіргі таңда білім бағдарламаларының елімізге ұтымды үлес қосып келе жатқанын айта келіп, табыс тізгіні – білімді болашақ жастардың қолында екеніне баса назар аударды. Оның ішінде халықтың өзінің ұлттық сана-сезімі мен қалыптасқан кодын сақтай отырып, жаңғыруы бүгінгі заман талабы. Жаһандану үрдістері, өркениеттер тайталасы шарықтаған заманда халықтың халық болып қалуы, мемлекет іргесінің беріктігі осындай кешенді қадамға байланысты болмақ. Осы тұрғыда Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың бастауына айналарына күмән жоқ.
Қазіргі таңда әлеуметтік, экономикалық сұранысқа сай, рухани бай, шығармашыл тұлға тәрбиелеу ұстаздар алдына қойылған үлкен мәселе деуге болады. Тұлғаның қалыптасуы мен дамуы тегіне, ортасына, тәрбиесіне, алатын біліміне байланысты. Оқу әрекетін ұйымдастыруда тұлғаның өзін-өзі таныту тетіктерін, ғылыми ойлау әдістерін, жобалаушылық мәдениет негіздерін игеруді, кәсіби мақсаттарын қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі кезде әдебиет пен тілді оқытуда оқушының шығармашылық қабілетін, құзыреттілігін қалыптастыратын тиімді жоспарлау,тапсырмалар жасау қажеттігі туындайды. Оған себеп, оқушы азаматтық,мәдени құндылықтарды игеруді ана тілі және туған әдебиетіміздің рухани құндылықтарын түйсіну арқылы бойына сіңіреді.
Ұрпақты адамгершілік, әділеттілік, патриоттық, эстетикалық жағынан қабылдаған ең көрнекті, еліміздің рухани әлемін дамытуда сүбелі үлес болып табылатын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ұлт келешегі ұрпақтардың рухани жалғастығы үшін маңызды бағдарлама екенін білеміз. Мәдениет — ұлттың бейнесі, рухани болмысы, тарихы мен мәдениеті. Осы құндылықтарды бұрын тек тәрбие сағаттарында айтсақ, қазір жаңа мазмұнды бағдарламаларға еніп отыр. Сондықтан біздер, мұғалімдер, сабақ үрдісінде біржақты теория, грамматикамен шектеліп қалмай, оқушының тақырыпқа қызығушылықпен қарап, әрі қарай ізденушілік-жобалаушылық жұмыстары арқылы терең тануына жол ашуымыз керек.
Ұлттық жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағының негізі. Рухани жаңғырудағы бір міндет — «Туған жер» бағдарламасы. Бағдарламаның негізгі идеясы — туған елге деген сүйіспеншілік, оның тарихы мен әдеби мұрасын білу. «Туған жерге туыңды тік!» — деген дана халқымыз. Әр баланың бойында патриотизм кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Туған жерге,оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша қарау, білу, құрметтеу-патриотизмнің жарқын көрінісі.
Жаңа білім беру мазмұны бойынша бағдарламада мұражайларға баруға да сағат қарастырылған. Сол мүмкіндікті пайдаланып, 5 сынып оқушыларымен Қарағанды облыстық өлкетану мұражайына саяхаттап бардық. Мұражайда өңірдің ерте заманнан қазіргі заманға дейінгі тарихын баяндайды. 1932 жылы ашылған мұражай 16 экспозициялық залдан тұрады. Мұражайда 145000 астам жәдігер бар болып шықты. Қазақстан Республикасындағы қуғын-сүргінге ұшырағандар, мәдениетке үлес қосқан тұлғалар залынан да тың дүниелер табуға болады. Тұңғыш ғарышкер Т.Әубәкіровке де қатысты ақпараттардың мол екенін байқадық. Сонымен қатар, төртінші «Алтын адамның» да алтын бұйымдарына куә болдық. Мұражайға алғаш келген оқушылар мұражай қызметкерінің әр сөзін мұқият тыңдап, үлкен қызығушылық танытты. Оқушылар әдебиет сабағында мұражайда алған әсерлерімен «Менің сүйікті қаламның тарихы», «Жәдігерлер сыр шертеді» тақырыптарында эссе жазу арқылы бөлісті. Эссені жазуда алдын ала ұсынылған критерийлер басшылыққа алынды. Оқушылар туған жерлеріне қатысты тарихи деректерді мақтаныш сезіммен бере білді.
Аталған бағдарлама аясындағы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қамтамасыз етумен қатар жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болатыны сөзсіз. Бұл тапсырмалар мемлекеттің және азаматтық қоғамның барлық идеологиялық жұмысының орта мерзімді перспективадағы негізі болады.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының аясында оқушыларға  тәуелсіздік жылдарындағы кезеңде елдің көркеюіне өзінің үлесін қосып жүрген жаңа есімдерді де тарихта қалдыру керек деген мақсатпен «Туған өлкемдегі жаңа есімдер» тақырыбында шағын ғылыми жоба қорғаттым. Оқушылар өз өңіріміздегі жаңа есімдерді тауып, бір-біріне айтып жатты.
9-сынып оқушысы Айтжанова Медина «Серік Ақсұңқарұлы — найзағай ақын» тақырыбындағы ғылыми жобасын сыныптастарының назарына ұсынды. Серік Ақсұңқарұлының отты өлеңдеріне талдау жасай отырып, оның рухты ақын екендігін дәлелдеді. Ол Серік Ақсұңқарұлының «Мендігі», дәлірек айтсам, поэзиядағы «Мендігі» — өзін-өзі әспеттеген «Мендік емес» түркіге тән өр мінез бен асқақ рух! деп ақын бойындағы өршілдікті ерекше басып айтты. «Алаштың азаттығы, түркі рухының биіктігі — Серік ақын арманының өлшемі. Оның өлеңдерінің бәрі осылардың беріктігі үшін күресті бейнелейді»-деген Серік Қирабаевтың пікірімен сөзін аяқтаған болатын. Ақын шығармашылығын аз уақытта түгел зерттеп болмаса да, оқушымның ақынның бейнесін, ұлттық болмысын,өткір ойын көз алдымызға әкеле алуының өзі үлкен жауапкершілікті, ақынға деген құрметті танытты деп білемін. Ақын шығармашылығынан шабыт алған оқушымыз «Көк бөрі» өлеңін оқып берді. Бір уақыт сынып бөлмесінде поэзияға деген қызығушылық туып, «Көк бөріден» қуат алғандай болдық. Рухани жаңғыруды армандайтын қазаққа, қазақ әдебиетіне Серік Ақсұңқарұлының рухы мен жүрегі керек десек артық айтқандық болмас.
10-сыныпта Абай шығармашылығы туралы сөз болғанда, Қарағанды облысы ақындарының Абайға деген арнау өлеңдерін жинақтау, іздену тапсырмалары берілді. Осы тұста оқушылар Жезқазғандық ақын, филология ғылымының кандидаты, доцент, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» Ғазиз Ештанаевтың «Жалғыз арша немесе Ұлы Абайдың рухымен сырласу», сондай-ақ Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, драматург, аудармашы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Қарағаш ауылының тумасы Кенжебай Кәрбозұлы Ахметовтің «Абыз Абай» және де Ұлытаудың ұлы, ақын, журналист, Қазақстан Республикасының жазушылар одағының мүшесі Батырбек Мырзабековтің «Қарауылдың басында» өлеңдерін жатқа оқып, қазақтың бас ақыны атанған Абайды өз өлеңдерінде өрнектеген ақындар шығармашылығынан сусындап қана қоймай, осындай жерлестерінің әдеби мұрасын насихаттау арқылы да Елбасы бағдарламасының орындалуына өзіндік үлес қосты. Оқушылар қазақ поэзиясындағы аға буын өкілі мен бүгінгі күннің ақындарының арасындағы үндестіктің әлі күнге жалғасын тауып жатқанына куә болды. Сонымен қатар, өздерінің білім қоржындарын толықтырып, шешен сөйлеуге тәжірибе жинақтады.  Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әр оқушының терең түсінуіне жол көрсете отырып,оның ішінде қазақ тіл мен қазақ әдебиеті пәндерінің ұлттық құндылықтарымыздың шежіресі екеніне көздерін жеткізуіміз керек. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Қорыта айтқанда, Тұңғыш Президентіміз өз сөзінде: «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», -деп ел келешегіне үміт артады [1, 2-б.]. Ендеше, көкжиектен ауытқымай, ұлт көшбасшысының өскелең ұрпаққа меңзеген дара жолымен биік шыңдарды бағындырайық. Сонда ғана біздің Тәуелсіз елдің тарихы, келешегі жарқын болады.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.