Шахарова Алия Балгашовна,
Астана қаласы
№ 60 мектеп-лицейі
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Скрайбинг – мәтінмен жұмыс жасаудың тиімді жолы
Жаңа білім беру мазмұнынының басты мақсаты – қарқынды дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті, өзін — өзі дамытуға, өз ойын еркін айта білуге, өз қалауы мен қоғам талабына сай өзін көрсете білуге бейім, жоғары білімді шығармашыл дамыған тұлғаны қалыптастыру.
Сол тұлғаны тәрбиелеу мен білім берудегі, дамытудағы басты құрал – мәтінмен жұмыс жасай білуге үйрету. Білімнің қайнар бұлағы, тұлғаның рухани болмысын қалыптастырушы – көркем шығарма. Бәрімізге аян, оқушыны мәтінмен дұрыс жұмыс жасай білудің тиімді әдіс – тәсілдерімен қаруландыра алмай, оқушыны саналы оқыта алмайсың. Себебі, білім мен білік дағдылары тек мұғалімнің көмегімен ғана емес, ең бастысы, кітап арқылы дариды.
Оқи білгенде, анығырақ айтсақ, түсініп, саналы түрде оқи білгенде ғана,
тәрбие, ақыл — ойдың дамуы дұрыс жүзеге асады.
Баланың оқу жылдамдығын арттыру қиын, ал баланы толыққанды оқырман ету одан да қиынырақ екендігі бәрімізге түсінікті. Көп жылдық тәжірибелер мен зерттеулер мектеп оқушыларының аз пайызы ғана мәтінмен жұмыс жасай алатынын көрсетті. Оқығанды түсінбеу, мәтінмен жұмыс жасау жолын білмеу, міне, осы себептер оқушының сабаққа ынтасын төмендетеді.
Жаңа білім беру мазмұнының мақсат пен міндеттердің маңызын түсіне отырып, біздер, тіл мұғалімдері, ең бірінші, мәтінмен жұмыс жасай білу проблемсын басты назарда ұстауымыз керек. Себебі, тіл және әдебиет сабақтарында педагог оқушының ақыл – сезімін тәрбиелеп жетілдіреді, өзін — өзі тани білуге жәрдемдеседі, олардың жаңашыл көзқарастарын қалыптастырады.
ХХІ ғасырдың басында мектеп оқушыларының бос уақытын өткізуге бейімділігі, кітап оқуға деген қызығушылықтары, ақпаратты қабылдау принциптері біршама өзгерді. Қазіргі таңда оқушылардың зейініне назар аударсақ, тұжырымдамалық ойлаудан гөрі, клиптік ойлаулары басым. Яғни, әлемді тұтас қабылдаудың орнына, айтары мен түйері, мағынасы жоқ ақпараттан үзінді жинап, соның деңгейінде ғана ойлаумен шектеледі. Клиптік сана баланың өзі ойланып, өзі шешім қабылдай алуына кедергі келтіреді. Ақпаратты растауды, оның шын не жалғандығына мән беруді білмейді. Өзінше ізденіп, жағдайдың мән-жайын білуді қаламайды.
Мектеп оқушылары аудиокітаптар оқуға көп бейімделген. Әрине, бұл тәсілдің тиімді тұстары да жоқ емес. Дегенмен, мәтінді тыңдаған оқушылар шығарманың басты детальдарына, шығарма тіліне, құрылысына назар аудармайды.
Жалпы, клиптік санаға тап болған адам ойлаудың шабан тартып, бір нәрсені түсінуі, есте сақтауы қиындағанын өзі де сезеді. Ой түюі, ой жинақтауы, ақпаратты толыққанды қабылдауы нашарлайды. Мұндайда ақпаратты қабылдаудың басқа жолдарын іздеген жөн.
Міне, осы кезде, біздер, мұғалімдер алдында оқушыларға ақпаратты қабылдатудың қызықты, көрнекі жолын таңдау мақсаты тұрады. Оқушыларды оқығандарын түсіне білуге, көркем шығармаға талдау жасатуға, шығармаға өзіндік интерпретация жасауға қалай үйрету керек? Осы өзекті сұрақ кез келген тіл мен әдебиет мұғалімдерін алаңдатады.
Осы қағидалар менің оқушыларға мәтінмен жұмыс жасаудың жолдарын үйрету туралы «Скрайбинг – мәтінмен жұмыс жасаудың тиімді жолы» атты оқу-әдістемелік құралын жасауыма себеп болды.
Бұл әдістемелік құралдың мақсаты – оқытудың белсенді тәсілдеріне негізделген оқушыларға мәтінмен жұмыс жасаудың жолдарын үйрету. Скрайбинг тәсілін заманауи мектептерде көркем шығарманы меңгертудің әдістемелік құралы ретінде қолдану.
Скрайбинг – оқушылардың немесе мұғалімнің белсенді қатысуымен ақпарат қабылдау әрекетін жеңілдету үрдісі. Скрайбинг – білім алушыларға психотреапия және психологиялық жәрдем ретінде пайдаланылады. Бұл әдісті қолдану барысында ақпаратты қабылдау толық іске асады. Скрайбинг — қарапайым суреттермен күрделі мағынаны визуализациялау процесі, онда ақпарат беру суреттер көмегімен жасалады.
Күрделі ақпаратты берудің өзге әдістерімен салыстырғанда, скрайбинг ерекшелігі — бір уақытта адамның есту, көру және қиялы белсенді жұмыс жасайды. Қарапайым суреттердің көмегімен алынған ақпаратты бала жақсы түсініп қана қоймай, ұзақ мерзімді жадында сақтайды.
Скрайбинг технологиясын тәжірибеден өткізу мақсатында 5,6,7-сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша түрлі тақырыптарда бірнеше сынақ сабақтары өткізілді. «Қазақстандағы жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі» бөліміндегі «Қасқыр мен тиін» мәтінін оқытуда визуалды конспект кейіпкерлер образын салыстырмалы түрде көрнекті құрастыруға ықпал етті.
А3 парағына мәтін мазмұнына сай сурет салынады. Оқушыларға мәтін мазмұнымен танысу тапсырмасы беріледі. Мәтіннен таныс сөздер жазылады. Екінші кезеңде кейіпкерлердің іс әрекеттері жазу тапсырылады. Бұл кезеңде оқушылар жағымды, жағымсыз әрекеттерді белгілі бір түспен жазады.Осы арқылы кейіпкерлерге баға беріледі. Оқушылар өз жұмыстарын қорғайды.
Ұжымдық жұмыс жасау барысында осы сұрақтарға өз тараптарынан жауап берілді. Алғашқы болжам жасау сәті сәтті аяқталған соң, оқушыларға шығарманы оқу тапсырылды. Өздерінің болжамдары мен шығарма мазмұны арасында ұқсастық болғаны оқушыларға сенімділік берді, алдағы жұмысқа, тағы да зерттеп, талдау жасауға ынталандырды. Нәтижесінде мәтінді меңгерудің алғашқы сәтінен –ақ оқушылардың қызығушылығы оянады, өзіндік ізденіс іске асады, сараптама жасау, пікірталас, тұжырым жасау жүзеге асады.