Home » Мақалалар » Жер-су атауларының шығу төркіні турасында

Жер-су атауларының шығу төркіні турасында


Тілдің негізгі қызметінің бірі — кумулятивтік қызмет. Ол ұлттық ақпаратты сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізушілік қызмет атқарады. Оның тілдегі айқын көрінісі жер-су атаулары. Әрбір атаудың сол ұлт үшін тарихи, әлеуметтік маңызы зор. Сондықтан әр атауда жасырынған ақпаратты анықтау, әр атаудың бойында сақталған хабарын тану ұлтымыз үшін игілікті іс болмақ. Әрбір ауыл, өзен-көл, тау-тастың атаулары қазаққа ғана тән таным мен талғамнан, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі мен тарихынан сыр шертеді. Мәселен, Қойтас атауының қойылуына сол өңірдегі қойдың үлкендігіндей ірі-ірі тастардың болуы себеп болған. Егер де тауға шығып етекке көз салсаңыз, жайылып жатқан қой секілді тастарға көзіңіз түседі.
20 ғасырдың екінші жартысында ономастика саласында Т.Жанұзақ, А.Әбдірахманов сынды ғалымдар жемісті еңбек етті. Телғожа Жанұзақ қазақ жер-су атауларының этимологиясын ашып, олардың шығу тарихына бойлаудың жарқын үлгісін көрсетті. Мәселен, Хан Тәңірі атауының шығу тегі жайлы былай делінеді. «Хантәңірі – жер жүзіне белгілі көне түркілерге ортақ тау. Ол таудың хан және тәңір деген екі сөзден жасалғаны белгілі. Түркі-моңғол тілдеріне ортақ хан термині атам заманнан бері қолданыста болды. Оның б.з. V-VІІІ ғасырларында-ақ Qan тұлғасында қолданылғанын түркі жазба ескерткіштерінен оқимыз. Оның әмірші, билеуші, басшы мағынасы барлық түркі халықтарында бар екенін, оның ерте орта ғасырдан, тіптен әріден келе жатқанын көреміз. Ал атаудың құрамындағы тәңір сөзі де бұдан 7000 жыл бұрын айтыла келе біздің дәуірімізге жетіп, әлі де қолданыс тауып отыр. Теңгір, тәңірі ежелгі шумер тілінде дингер  – «құдай», «аспан», ғұн тілінде ченли «аспан», көне түркі тілінде «аспан», «құдай», «әмірші», «билеуші» деген мағыналарға ие. Қорыта келе, зерттеушілер Хантәңірі – «аспан әміршісі», «аспан тау», «құдайлар тауы» деген мағынаны білдіреді деген шешімге келді.

Сейтбатқал Әрлен Берікұлы
Ономастика бөлімінің аға лаборанты

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.