Home » Мақалалар » Оқушылардың зерттеу мәдениетін қалыптастыру

Оқушылардың зерттеу мәдениетін қалыптастыру

 Тажибаева Гульжахан Ботабаевна
ҚазҰӨУ-нің дарынды балаларға арналған
мамандандырылған мектеп интернатының
бастауыш сынып мұғалімі

 Оқушылардың зерттеу мәдениетін қалыптастыру

 Әлем қауымдастығында жаңа тенденциялардың қарқынды дамуы білім беру индустриясының өзгеруіне әсер етті. Өркениетті елдердің даму тенденциясы еліміздің білім беру жүйесіне жаңа міндеттер жүктейді. Бұл еліміздің нормативті құжаттарында көрініс тапқан болатын.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «…қазіргі қоғамның басты талаптарының бірі — зерттеушілік құзыреттілігі дамыған жаңа тұрпатты адамды қалыптастыру» — делінген. Еліміздің жаңа тұрпатты тұлғасы бірнеше тіл меңгерген, логикалық ойлау дағдысы қалыптасқан, жаңаша ойлайтын, зерттеумен айналысатын зиялы азамат болуы қажет.

Айтылған ойлар,  заманауи  білім беру үдерісінде туындайтын тың өзгерістер жағдайында шығармашыл, қабілетті  оқушының жаңа түрін қалыптастырудың өзектілігін айқындай түседі.

Осы қажеттіліктерге байланысты, білім берудің жаңа парадигмалық жағдайында бастауыш сынып оқушыларының  зерттеушілік іс-әрекетін қалыптастыру оны тиімді дамытуға деген сұраныс артуда.

Кез-келген баланың табиғатынан зерттеуші болуға, танымдық мүмкіндіктерін жүзеге асыруға ұмтылысы жоғары болатыны сөзсіз. Оқушының  қабілетін ашудың және дамытудың жолы зерттеушілік іс-әрекет болып табылады.

Бастауыш сыныпта мұғалім оқушының зерттеушілік дағдысын дамыту барысында әртүрлі әдістерді қолданады. Пән мазмұнына байланысты зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Білім, ақпарат дайын күйінде берілмейді, оқушы үнемі ізденеді, сондықтан да  зерттеушілік жұмыс оның күнделікті іс-әрекетіне айналады.

Бастауыш мектеп бала тұлғасының қалыптасуында, оның ойлау үрдісінің дамуында, танымдық белсенділіктің қарқынды қалыптасуында, оқу іскерлігінде өте маңызды кезең болып табылады.

Зерттеу барысында  оқушылар өздеріне сұрақ қояды, ал мұғалім тиісті сценарий жасай отырып, оқу үйлестірушісі рөлін атқарады. Оқушылар тақырыпты зерттеу үшін ресурстарды пайдаланып, өз қорытындысын тұжырымдайды. Бұл терең білім алуға және пәнді түсінуге қажетті жоғары деңгейлі дағдыларды шыңдауға көмектеседі. Зерттеу жұмысы жаңартылған білім мазмұнының негізгі нысаны болып табылады.

А.Н. Леонтович өз еңбегінде оқу үдерісіндегі зерттеу іс-әрекеті нақты оқушы орындайтын әрекет екенін атап көрсетті. Оның пікірінше, кез-келген белсенділік зерттеушілік әрекет бола алмайды. Оқушыда мотив, мақсат, болуы қажет.  А.Мұхаметжанова  бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік іс-әрекетіне теориялық талдау жасай отырып, былай дейді: «Алған білімін өздігінен толықтырып, өз идеясын дәлелдей алатын, саналы түрде әрекетке түсетін, өзі үшін жаңа болып табылатын, нәтижеге жету» [5].

Зерттеушілік іс-әрекетке бейім оқушыда төмендегі қабілеттері болады:

  1. Жұмысты орындауға деген талпыныс
  2. Жаңа білімді іздеуге деген мотивация
  3. Өз көзқарасын дәлелдеуге ұмтылу.

Автордың ойын тұжырымдайтын болсақ, зерттеушілікке бейім оқушының бойында ерекше шығармашылық мүмкіндіктері жоғары болады.

Педагогикалық үдерісте бастауыш сынып оқушыларының  зерттеушілік мотивтерін туындату үшін,   мұғалім оқытуды ұйымдастырудың формалары мен әдістерін меңгеру қажет. Олар:

  • мәселені көре білу;
  • сұрақтар қою;
  • болжамды ұсына білу;
  • дағдыларын анықтау;
  • топтастыра білу;
  • бақылау ;
  • эксперимент жүргізу;
  • қорытынды жасау;
  • материалды сұрыптау;
  • өз көзқарасын дәлелдеу және қорғау.

1-2-сыныпта зерттеу жұмысы  ұжымдық сипатта болады, тақырыпты мұғалім өзі анықтайды, әрбір оқушы зерттеу жұмысына өз үлесін қосады, бұл балаларды,  ұжымда жұмыс істеуге, ортақ мүдделерді өздерінен жоғары қоюға үйретеді. 3-4-сыныпта оқушы жеке жұмыс жасауға әрекеттенеді. Өзіне пән таңдау арқылы, оның белгілі бір ғылымға деген қызығушылығы мен зерттеушілік дағдысы қалыптасады.

Жаратылыстану пәні оқулығында оқушылардың зерттеушілік  дағдыларын дамытуға  ерекше назар аударылған.   Пәннің мазмұны биологиялық пәндердің кіріктірілген негізін құрайтын болғандықтан, сабақ беру барысында тәжірибе жасау, зерттеу жұмысын жүргізу, сарамандық жұмыс түрлері басым болады. Сабақта бақылау, эксперимент әдістерін қолдана отырып, зерттеу жұмысының қағидаларын игереді. Қандай топырақ құнарлы? тақырыбы аясында зерттеу жұмысын жүргізуге болады. Топырақтың құрамында не бар? Құнарлы топырақ туралы не білеміз? Құнарлылық дегеніміз не? сұрақтарды қоя отырып, оқушыларды ізденуге, ақпараттар жинауға, рессурстармен жұмыс істеуге үйретуге болады. Оқушы топырақ туралы білімін тереңдеті. Табиғаттың сырларын ұғынуға деген қызығушылығы пайда болады.

Зерттеу жүргізіп, оның нәтижелерін пайдаланған кезде оқушылар жаңа білім алып, дағдыларды игереді, құбылыстардың табиғи сипатына және олардың материалдық тұрғыдан шартты екеніне көз жеткізеді, теориялық білімнің дұрыстығын тәжірибеде тексереді, қадағаланатын затты, құбылысты талдап, салыстырып, тәжірибеден қорытынды жасап үйренеді. 

Мен зерттеушімін, Тірі табиғат, Заттар және олардың қасиеттері, Жер және ғарыш, Табиғат физикасы сияқты оқу бөлімдерін зерделеу барысында оқушылар қарапайым да қызықты тәжірибелер жүргізіп, табиғат құбылыстарының даму үдерістерін сипаттап, болжап,  түсіндіреді. Осындай тәжірибе түрлері зерттеу қызметінің бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Зерттеу бірнеше кезеңдерден тұрады. Олар:

  1. Тақырыпты таңдау
  2. Мақсаты мен міндетін анықтау
  3. Болжамын жоспарлау
  4. Әдістерді іріктеу
  5. Тақырыптың өзектілігін айқындау
  6. Дереккөздерін жинақтау, талдау
  7. Интернет ресурстарын сұрыптау
  8. Жоспар құру

Бастауыш мектептің оқыту үдерісінде зерттеушілік қабілетті дамыту үшін дәстүрлі емес әдістер кеңінен қолданылады. Зертханалық сабақ, жоба сабағы, сараптама сабақ, саяхат сабақ, іскерлік ойын сабағы т.б.

Оқушылардың зерттеу қызметін дамытудың ең жиі қолданылатын әдістерін талдап көрейік. Педагогикалық әдебиеттерде ең жиі қолданылатын әдістердің бірі -жоба.

Жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу іскерлігін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес өзінің кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі. Жоба әдісінде мына міндеттер  жүзеге асады.

  1. Оқушылардың танымдық іскерліктері мен дағдыларын дамыту;
  2. Ақпараттық кеңістікте бағдар ала білу;
  3. Өз бетінше жоспар құра білу;
  4. Ғылымның түрлі салаларынан білімді біріктіре білу;
  5. Сын тұрғысынан ойлау қабілеті.

Келесі әдістердің бірі — саяхат. Саяхат сабағы көбіне Жаратылыстану пәнінде жүргізіледі. Жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін, табиғатта болатын әр түрлі құбылыстардың өзгерістерін анықтау барысында «Күздің белгілері», «Күз мезгіліндегі өзгерістер», «Жыл мезгілдері» т.б тақырыптарда саяхат өткізуге болады. Оқушылар тақырып барысында ақпарат ресурстарын жинау арқылы белгілі бір сұрақтарға жауаптар табады. Бақылау нәтижелерін қағаз бетіне түсіреді. Оқытуды ұйымдастырудың бұл формасы ұжымдық қарым-қатынасты дамытады. Саяхат сабағының нәтижесі оқушылардың шығармашылық жұмыстарында жалғасын табады.

Математика сабағы оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамытатын негізгі интеграциялық пән болып табылады.

Зерттеушілік іс-әрекет арқылы оқушылардың ғылыми дүниетанымы дамиды. Ғылыми дүниетаным тек теориялық білім алу арқылы емес, сонымен қоса, дәйекті дәлелдер және зерттеушілік іс-әрекет нәтижесінде қалыптасады. Оқушылар өздігінен жүргізген зерттеушілік іс — әрекет нәтижесінде нақты шындыққа көз жеткізеді.

Қорыта айтқанда, зерттеушілік бүгінгі заманауи білім беру жүйесінде  оқушының танымдық іс-әрекетін, оның табиғи мүмкіндіктерін негізге алатын оқытудың жаңа моделі болып табылады.

 

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Назарбаев Н.Ә. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы. — Нұр-Сұлтан, 2016 //www.akorda.kz/
  2. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. -Нұр-Сұлтан, 2019 //adilet.zan.kz/
  3. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қaзaқcтaн xaлқынa Жoлдaуы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. — Астана, 2012 //http:akorda.kz.
  4. Леонтович А.Н. Концепция развития исследовательской деятельностиучащихся М:Образование, 2014. -152с

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.