Home » Мақалалар »   МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ СӨЗ-СИМВОЛДАР

  МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ СӨЗ-СИМВОЛДАР

Мукушева Арайлым Серикжанкызы
Сәкен Жүнісов атындағы
18 мектеп — лицейінің
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

 «Символ Ахмет Байтұрсынов тарапынан  бернелеу, Қажым Жұмалиев тарапынан психологиялық егіздеу түрінде әдебиетімізде ежелден келе жатқан көне ұғым екендігі айтылғанмен, ағым ретінде Аймауытов көрсеткендей, қазақтың өз ішінен шықпайды. Мағжан мен Берниязға орыс символизмі арқылы «аударылады» және ол, бірқатар автор тұжырымдайтындай, кеңес тұсындағы тұрпайы социологияға наразылықтан тумаған. Схемалық түрде Мағжан поэзиясы ағартушы реализм, сыншыл реализм, романтизм, символизм жаңа заман әуеніне көшу сатыларын өткерген»,- деп пайымдайды Ш.Елеукенов[6, 55].

Символ – таңба. Алғашқыда бұл сөз құпиялы, шартты мағынаға ие кез-келген заттық белгіні білдірген. Сонау көне дәуірдегі символ «жеке куәлік» ретінде қолданылған. Абайдан кейiнгi қазақ поэзиясына соны әдіс-тәсіл енгізген,  сыршыл өлең әкелген Мағжан Жұмабаев болды. Мағжан поэзиясының көркі мен сұлулығы, сыршылдығы мен жыршылдығы, суреткерлiгi мен ойшылдығы талай рет оқырманын тамсандырып, талай дуалы ауыздардың iлтипатына иелендiрiп, бәрін өзiне тәнті еткен. Мағжан поэзиясының осынау құдiрет күшiн өз замандастары толық мойындап, кейi ашық, кейi жұмбақтап болса да жазып та, айтып та кеткен. Жүсiпбек Аймауытов пiкiрлерi Мағжанның сыршыл өлеңдерінің құпиясын ашып берді. Талантты ақынды Ж.Аймауытов Пушкинге теңеген. Мағжанның ақындығын нақ танып, дұрыс та әділ бағалаған.  М.Әуезов Мағжан туралы: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемiн. Бұдан соң Мағжанды сүйемiн. Европалығын, жарқыраған әшекейiн сүйемiн. Қазақ ақындарының қордалы ауылында туып Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын көрiп сезiнген боламын. Мағжан культурасы зор ақын. Сыртқы кecтeciнен келiсiмi мен күйшiлдiгiне қарағанда, бұл бip заманның шегiнен асқандай. Сезiмi жетiлмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бipaқ, түбiнде әдебиет таратушылар газетпен қосақталып, күндeгi өмірінің тepeңiн терген ақын болмайды, заманнан басып озып, iлгерiлеп кеткен ақын болады. Әдебиет үшін деген таңба айқын болмай нәрлi әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгiнri күннің бар жазушысының iшiнен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәрiмiздi күмәндi, өте сенiмсiз деп бiлемiн»[18], — деген ой айтады. Мағжанның шығармашылық өмір жолы бүгінгі таңда әдебиетші ғалымдарымыздың зерттеу тақырыбының нысаны болды.  Ақынның еңбегі, өмір жолы жайлы зерттеу еңбектер бар. Қазақ поэзиясына өзінің символдық поэзия өнеріне тән шығармасын әкеліп, қайталанбас ерекшелігімен, сырлы дүниесімен Мағжан ақын халық жүрегінен орын алды. Мағжан шығармаларына ғалымдарымыз бүгінде әділ бағасын беруде. Мысалы, ғалым Б.Ыбырайым: «М.Жұмабаев творчествосы – отаршылық кезеңінде күйзелген қазақ әдебиетін әлем әдебиетінің деңгейіне көтерген, психологиялық- көркемдік иірімдер мен әлем поэзиясына жаңа өрнектер мен бояулар қосқан эстетикалық құбылыс, көркемдік жаңалық. Ол поэзиямыздың эстетикалық әлемін тың бояулармен, күрделі сезімдік әлеммен байытып, жаңа биікке көтерді»[19, 6]. Анығында Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы лирикалық қаһарманда қазақ өлеңдеріндегі кейіпкерлерге ұқсамайды. Сезім-толғаныстарын, жан сырын, сезім арпалыстарын шынайы түрде жайып салады. Оның « Мені де өлім әлдиле», «Жел», «Ой», «Күзді күні», «Алдамшы өмір», «Альбомына», «Сағындым», «Сарғайдым», «Түс», «З-ға», «Бүгінгі күн өмір, өлім менікі» т.б. өлеңдері ақынның түңілу сарынында жазған шығармалары. «Қазақ өлеңі тарихының ХХ көгінде Мағжан поэзиясы Шолпан жұлдыздай оқшау тұр… Мағжан – қазақ өлеңіне Абайдан кейін дүбірлі өзгеріс әкелген ірі реформатор ақын. Мағжан өлеңге романтикалық өң береді. Адам мен табиғатты қатар алып араларынан өзгеше байланыс іздейді…»[20, 73-74 бб].

Символ – сөзді қолдану шеберліктің бір қыры. Символды қолдану ақынның айтпақ ойын дөп басып, шығарманың бейнелілігін арттыру үшін қажет. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде де символ жиі қолданылғандығы белгілі. Қазақ әндерінде жусан деген шөп символ ретінде жұмсалады.

Абай өлеңдерінде қыз бейнесі – шолпы символы арқылы берілген.

Абай:

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ қара қасты.

Сұлу қызды көріп пе ең мұндай түрін? [21, 156]-деген өлең жолдары «Абай жолы» эпопеясында қара сөзбен өрнектеледі: «Сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілмен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Шолпы әуелі жиі сылдырлап, аздан соң баяулай басып, тағы біраздан соң анда-санда ғана бір ғана шылдыр ете түсіп ұзап барады. Абай өз жүрегінің аттай тулап соққан дүрсілін естіді. Шолпы үнін сол басып барады. Өзгеше ыстық қымбат шолпы ең соңғы рет бір шылдыр етті де, білінбей кетті. Түн тыныштығы ұрлап кеткендей, жұтып кетті» [22, 313]-. Шолпы- махаббаттың символы ретінде танылған.

Мағжанның «Шолпы» өлеңіне назар аударайық,

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Қанымды қайнаттың құрғыр

Шық-шық жүрекке тиеді,

Күлпара талқан боп сынғыр!

Сылдыр, сылдыр, сылдыр…

Өзекті өртеді құрғыр

Әдейі іргеден жүреді

Сұлу қыз санадан солғыр [23,22]-.

Қазақ қызының бейнесін сомдауда, сүйген жүректердің сезім иірімдерін ажарлауда үш қаламгер – Абай, Мағжан, Мұхтар – шолпы сөзін қазық етіп, соның айналасында әркім өз қаһарманының образын жасайды. Сонда Абай мен М.Әуезов шолпыны қыз бейнесін танытатын, толықтыратын деталь ретінде алса, Мағжан образдың өзі ретінде қолданған. Десек те, осы үш автор да шолпыны – сұлулықтың, сымбаттылықтың символы ретінде қолданған, ол сұлулық тек сыртқы тән сұлулығы еместігін ерекше сезімталдықпен тап басып көрсетіп, сүйіспеншілік сезіммен астастырған. Қазақ әдебиетінде түлкі – қулық, алдамшы мінезді беретін символ. Қазақ халқы символ ретінде түлкіні көбіне қу деген ұғымның орнына жұмсайды. Мағжан өлеңдерінде түлкі осы мағынада қолданылған.  «Алданған сұлу» өлеңінен мысал келтірер болсақ,

Ал бүгін ол көріктің бәрі де жоқ,

Ақмарал аяғыңа дәл тиген оқ.

Өкіндің, жастық, мастық ісің өтті.

Аһ ұрдың, сыртың – жалын, ішіңде шоқ.

Тіліне қу түлкінің тез алдандың,

Ойламай таңдағаны, тез құп алдың.

Тап-таза ат, көркем көрік – бәрі кетіп,

Өміріңше құтыла алмас атта қалдың [23].

Қазақ тіліндегі «су» символы мақал-мәтелдер құрамында келіп ұлттық мәдениетті танытуына көптеп мысал келтіруге болады. «Таулы жер бұлақсыз болмас, Сулы жер құрақсыз болмас» , «Су жүрген жер береке, Ел жүрген жер мереке», «Халық қартаймайды, Қара жер қартаймайды» ,  «Көп тепкен жерден көл шығады», «Жер құтты болса,Мал сүтті болады. Мақал-мәтелдердің мазмұны көбінесе бір ғана ойды жеткізуді мақсат ете отырып, оны айқындап дәйектей түсу үшін, өзге бір дүниемен теңестіре, салыстыра бейнелеу негізінде құрылады. Мысалы, «Адам қатесіз болмас, Көл бақасыз болмас» мақалын алып қарайтын болсақ, «кез келген адам өмірде қателеседі, қателеспейтін адам болмайды» деген философиялық тұжырымды бақаның сусыз, яғни көлсіз тіршілік ете алмайтын физиологиялық ерекшелігімен салыстыру негізінде сипатталып отыр. Осы секілді мазмұндағы мақал-мәтелдердің қатарына «Жұмсақ ағаш құртқа жем, жуас адам жұртқа жем»,  «Еңбексіз ит жер, бейнетсіз бит жер» деген мақалдар жатады.  Адамның барлық танымдық әрекетіне дүниені тануға бағытталған бір дамушы үрдіс ретінде қарау керек, себебі бұл әрекеттер объектінің ұқсастығы мен айырмашылығын ажыратудан басталады. Бұл әрекеттердің нәтижесінде концепт қалыптасады. Концептіні анықтау үшін дүниенің кейбір аса ерекшеліктері мен заттық құндылықтары, олардың объектілермен қатынасы, олардың қызметі мен оларға берілген ұжымдық сананың сипаты әрі бағасы айқындалуы қажет.

Бұ ғаламға жарқ етіп нұрың келді,

Он сегіз мың, қуанып, ғалам күлді .

«Аяғымен  бір басар күн бар ма?» -деп,

Қара нәркес көзінен су төгілді.

Концептілер бақыланған, қиялдан туған бейнелерді өзара ұқсастырып,  ұқсас дүниелердің ортақ белгілерін бір ортаға жинақтайды. Бұл білім санада сақталып, субъектінің тәжірибесі ретінде оның концептуалдық жүйесінің құрылымдық элементтеріне айналады. Мысалы,

Бір гауһар  су құйылды  алтын тасқа,

Көзге түсіп көрініп айдай қасқа.

Таңдайыңды суырар,  дәмін татсаң,

Сортаң жердің суынан болып басқа. «Су» бұл жерде тазалық, мөлдір деген  қазақ танымындағы ұғымдарды берсе, «сортаң жердің суы»  дегенде дәм ерекшелігі арқылы ұғым тудырады. Екі не одан да көп әр түрлі объектілердің (бейне, дүние) әрқайсысы бір элемент ретінде категорияның құрамына ене алады. Осы белгі төңірегіне жинақталған дүниелер бір класқа ене алады. Әрбір класс топтаса келіп, категорияны құрайды немесе маңызды концептілер кодталады.Қорыта айтқанда, «от» символы – философияның маңызды  категорияларының бірі, күрделі ментальді объект. Сондықтан  ол  санада  сан  салалы  ақпараттармен репрезентацияланады. Жоғарыдағы  талдауымыз  да  оның  әмбебаптық құрылымын айқындап  көрсетті. Талдау арқылы  «от»  символының  тілдік көрінісі  әр алуан екені  байқалды:

  1. Лексикографиялық материалдар (от ағасы, от басы, ошақ қасы, т.б.)
  2. Фразеологизмдер: оты шығу,от болды, отқа түсті, оттай жанды т.б.
  3. Метафоралық қолданыс: от тұтатты, от жанбаған, от ала келу т.б. Демек концептілік құрылым ұғымның мазмұндық, ассоциативтік, эмоционалдық, вербалдық  қорын  танытады. Мағжан Жұмабаев өлеңдеріндегі «күн», «барыс», «тұлпар», «қыран», «жұлдыз» т.б. символдардың тәуелсіз Қазақ Елінің мемлекеттік рәміздері мен ел болашағын айқындайтын мемлекеттік маңызды бағдарламалардың нышанына айналуы оның ұлттық дүниетанымы мен көрегендігін, философиялық ой тереңдігімен қоса, елінің жарқын болаағына сенген оптимистік рухын айқындап тұр. Мағжан поэзиясы елімнің ертеңіне баруға лайықты қазынамыздың бірі деп айтуға толық негіз бар.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.