Home » Мақалалар » Зорлықтың    мәні,    даму    тарихы    және    оның қылмыстық-құқықтық аспектілері

Зорлықтың    мәні,    даму    тарихы    және    оның қылмыстық-құқықтық аспектілері

 Өмерзакова Гаухар Жортуловна
Алматы қаласы,
Д.А. Қонаев атындағы колледжінің оқытушысы

Зорлықтың    мәні,    даму    тарихы    және    оның қылмыстық-құқықтық аспектілері

Түйін:

Мақалада  зорлықтың мәні мен даму тарихы және   қылмыстық — құқықтық аспектілері қарастырылады.

Зорлық біздің еліміздің құқықтық ғылымында өте аз зерттелген кұбылыс. Бұл әсіресе психикалық зорлыққа байланысты. Себебі, заңнамаларда адам психикасы тиісті дәрежеде қорғалмай келе жатыр. Өйткені, психикалық зардап пен қылмыскер әрекетінің арасындағы себепті байланысты анықтау өте қиын.

Психикалық зорлықтың шын мәнінде орын алған-алмағанын анықтау қылмыстық-процессуалдық (криминалистік) мәселе. Ал оны анықтап, дәлелдеудің қиын екендігіне негізделе отырып, ол үшін қылмыстық жауаптылық енгізбеу, ҚР ҚК 2-бабында көрсетілген адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау міндетін орындауында мемлекет тарапынан көрсетілген дәрменсіздік деп бағаланады.

Зорлық — қазіргі кезде барлық саяси, ұлтаралық және дінаралық шиеленістерді шешуде басты әрі үйреншікті әдістердің біріне айналмақта. Мұндай әдістердің әлемдік тәжірибеде көптігіне және олардың баршаға мәлім екендігін ескере отырып оларды нақты атап өтудің қажеттілігі жоқ. Қазір әлемде терроризм, адамдарды кепілге алу және ұрлау кең өріс жаюда. Көптеген адамдар бұларды дінмен, соның ішінде «Ислам» дінімен тығыз байланыстырады. Дегенмен, бірде-бір дін зорлықты уағыздауы мүмкін емес. Мысалы, қасиетті Құран сүрелерінің бірінде «зорлық бар жерде Исламның болуы мүмкін емес» делінген. Сондықтан нағыз дін жолына түскен адам терроршылдық әрекет түгілі адамдарға ауыр сөз айтудан да аулақ жүреді. Ал дінді жамылып терроршылдық әрекет жасайтын адамдар өздерінің белгілі бір көздеген мақсаттарына жету жолындағы әрекеті деп түсінілуі қажет. Себебі терроризмді, экстремизмді және зорлықты нақты дінмен байланыстыратын болсақ, өзара ұлттар арасындағы күрделі қақтығыстың өршуіне себепші боламыз.

Сонымен қатар қазіргі кезде нашақорлық пен маскүнемдікке салыну жиі орын алуда. Мұның басты себебі оларға кез-келген адамның қолының жетуі. Яғни, елде қабылданған спирт ішімдіктерін жарнамалауға тыйым салынғанымен бұл құбылыс төмендей қойған жоқ. Маскүнемдік пен нашақорлыққа салыну өз кезегінде тұрмыстық зорлықтың, соның ішінде тонау, қарақшылық, адам өлтіру сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтардың өрши түсуіне септігін тигізеді. Француз ғалымы профессор Норбер Рулан өз еңбектерінде: «Әртүрлі қоғамдардағы өздерінің ішкі дауларын шешуде зорлық жиі қолданылады, олардың жиі қолданылуы соншалықты, біздің ойымызда «зорлық әлеуметтік  өмірдің ажырамас бөлігі шығар» деген сұрақ туындайды» — деп көрсетеді [1].

Шыныменде зорлық мәселесінің ауқымдылығы соншалықты оның бүкіл халықтың өмірінде, адамдар арасындағы және мемлекет аралық қатынастардағы ролі, өркениеттің қарқынды дамуына қарамастан жоғары болып қалмақта. Зорлық — бұл көп аспектілі құбылыс болғандықтан, ол тек қылмыстық-құқық саласымен ғана емес, сондай-ақ философиялық, әлеуметтік, психологиялық және өзге де ғылым салаларымен тығыз байланысты. Сондықтан ол аталған салалардың да өкілдерін қатты ойландыратын мәселелердің бірі. Кейінгі кезде зорлық туралы ғылым — виолентология (немесе вайоленсология, яғни латынша уіоіепсе — зорлық) туралы да жиі мәселе көтерілуде. Бұл мәселенің көтерілуі бекерден-бекер емес, себебі зорлық адамзат өмірінің бір бөлшегіне айналып кеңінен етек жаюда. Сондықтан бұл мәселенің дер кезінде жолын кесу қажет.

Зорлықтың жолын кесудің бірден-бір жолы, ол үшін заңи тұрғыда жауаптылық көзделуі қажет. Дегенмен, қазіргі біздің қолданыстағы заңнамаларда адамдардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері зорлықтық әрекеттерден жеткілікті дәрежеде қорғалуда деп айту өте қиын. Себебі біздің заңнамада көрсетілген зорлықшыл қылмыстық құқық бұзушылықтар зорлықтың қауіптілігін және адамгершілік ұстанымдарын бұзу деңгейлерін толық ашып көрсете алмайды. Осыған орай, зорлықпен байланысты проблемалардың құқықтық және әлеуметтік қырларына кешенді зерттеу жүргізу мұқтаждығы байқалып тұр.

Зорлық кез-келген адамзат қоғамына тән, әлімсақтан бар құбылыс. Жалпы зорлық, көптеген авторлардың ойынша белгілі бір тарихи даму сатысында, яғни меншік құқығы институтының пайда болуына байланысты қалыптасты. Себебі осы кезеңде қоғам өзара қарама-қарсы кластарға, топтарға бөлініп, мемлекеттің қалыптасуымен және оған тән биліктің, әскердің, соттың және заңның пайда болуымен байланысты болды [2].

Қазіргі кезде зорлық — ол ежелден қалыптасқан, жеке және топтық қатынастарда адамдардың өз мүдделерін жүзеге асырудың құралы ретіндегі жалпы адамзатқа тән құбылыс болып табылады. Себебі зорлық бір адамның екінші бір адамды бағындыру немесе билікке қол жеткізу және мүлікті иелену сияқты қатынастарда негізгі құрал ретінде пайдаланылады.

Адамзат қоғамының бастапқы даму сатысында, яғни Ф.Әнгельс анықтамасына сәйкес жабайы кезеңде, адамдар тек дайын табиғат өнімдерін ғана иемденіп, пайдаланып отырды. Дегенмен табиғат өнімдерін иемденіп және оларды тиімді пайдалану үшін, сондай-ақ өздерін жабайы аңдардан қорғау мақсатында адамдар руларға, топтарға, тайпаларға бірігуге мәжбүр болды [3].

Алғашқы қауымдық қоғамда ұжымдық меншік, яғни ру меншігі басты орында болды. Еңбек өнімдері мен құралдары ұжым мүшелерінің барлығының ортақ меншігінде болды, сондықтан бұл кезеңде ұжым мүшелерінің арасында күрделі даулар жоқтың қасында болды.

Қоғамдық еңбектің бөлінуі және еңбек құралдарының жетілдірілуі нәтижесінде, артық өнімнің тек үжым мүшелерінің ортак меншігінде ғана емес, сонымен қатар жеке адамдардың қолында шоғырлануына әкеліп соқтырды. Міне осы артық өнімнің жеке адамдардың қолында шоғырлануы жеке меншік қүқығының пайда болуын қалыптастырды.

Адамдарда артық өнімнің көптеп жиналып, шоғырлануы нәтижесінде, олар өзге адамдарға өз билігін жүргізіп, жеке өзінің менмендік мүдделерін жүзеге асыра бастады. Осындай жағдайлардың нәтижесінде адамдар арасында жеке тұлғалық қақтығыстар мен даулар сөзсіз орын алып отырды. Міне осындай артық өнімнің пайда болуының нәтижесінде алғашқы қауымдық қоғамдағы адамгершілік қүндылықтары жойылып, оның орнына қызғаныш, пайдақорлық, алдап-арбау, қорлау, өтірік айту, ұрлық, қаныпездік және зұлымдық сияқты әрекеттер байлыққа жетудегі басты адамзат игілігіне айналды. Бұлардың бәрі зорлықтың адамзат қоғамында кеңінен етек жайып, басты орынға шығуына өз ықпалын тигізді.

Зорлық адамзат қоғамының дамуының ерте сатысында пайда болып, ұзақ эволюциядан өту нәтижесінде адамзатқа тән қалыпты құбылыс ретінде кеңінен тарап, адамдар арасындағы қарым-катынастарда белгілі бір мақсаттарға жетудің негізгі құралына айналды.

И.А. Петин пікірінше «Зорлық жалпы кереғар, қиратушы күш ретінде сипатталады. Дегенмен оның жағымды жақтары да бар, себебі ол осы зорлықтың туындауының себептеріне карсы бағытталады (балағат сөздер айтқан адамды соққыға жығу) және оларды жоюға қол жеткізеді» [4].

Жоғарыда атап көрсетілген пайымдаулар Француз әлеуметтанушысы Әмиль Дюркгеймнің қылмыстылыққа баға беру туралы еңбектерінен өз бастауларын алады. Оның айтуынша «қылмыс пайдалы құбылыс, себебі онымен тығыз байланысты жагдайлар, өз кезегінде этика мен құқықтың қалыпты дамуы үшін қажет» [5].

Осыған ұқсас ойды айта келе Д.А. Ли «Қылмыстылық — қоғамға, оның басты құрылымдық элементі ретінде қажет (жауыздық болмай, әділдікті түсіну мүмкін емес) және ол құкық қорғау органдарының жұмысының нәтижелі болуына және оның жетілуіне өз септігін тигізеді» [6] — деп есептейді.

Әрине, егер адамзат дамуының басты критериі ретінде адамгершілік пен руханилылықты емес, материалдық құндылыкты санайтын болсақ, онда зорлықтың жағымды әрі пайдалы жақтарын көруге болады. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, құлиеленушілік дәуірдегі құлдарды зорлықпен еңбек еткізу нәтижесінде ғажайып материалдық құндылықтар, сондай-ақ айбынды сәулет ғимараттары тұрғызылып бой көтерген.

Зорлық құлиеленушілік дәуірде еңбекке мәжбүрлеу құралы ретінде қарастырылды. Зорлық қандай-да бір интеллектуалдық, рухани не материалдық қүндылықтар қалыптастырмайды және зорлық негізінде білімді немесе әділетті болу мүмкін емес. Сондықтан зорлық кез-келген жағдайда қандай-да бір әлеуметтік мақсатқа жету құралы болып табылады.

Зорлық мәселелеріне байланысты, сондай — ақ, Ресейлік ғалымдардың да еңбектерін атап өтуге болады. Оларға: Р.Д. Шараповтың тән зорлығының түсінігі, олардың құрылымы және зорлықшыл қылмыстық құқық бұзушылықтардағы тән зорлығының жиынтығы бойынша саралану қағидалары қарастырылған «Уголовно-правовая характеристика физического насилия» атты ғылыми еңбегін және М.М. Миненоктың негізінен кәмелетке толмағандардың зорлық мәселелері, соның ішінде кәмелетке толмағандардың зорлықшыл-қылмыскер болуының себептері мен жағдайлары және кәмелетке толмағандардың зорлықшыл-қылмыстық құқық бұзушылықтарын алдын-алу ерекшеліктері қарастырылған «Криминальное насилие несовершеннолетних» атты еңбегін көрсетуге болады.

Аталған мақалада тек тән зорлығымен шектеліп ғана қоймай, психикалық зорлық мәселелері де қарастырылады және олардың нақты түрлеріне талдау жасалады. Кәмелетке толмағандардың зорлық әрекеттерін жасауымен қатар, ересек адамдардың, соның ішінде әйелдердің де зорлық жасау мәселелері қарастырылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Ағыбаев А.Н. Қылмыстық құқық: Оқулық. Алматы: Жеті жарғы, 1998 ж
  2. Закон РК от 26.06 1998 г. «о  национальной  безопасности»  //Казахстанская правда.  1998. 30 июля.
  3. ҚР қылмыстық кодексі 2015 жыл

4.Норбер Р. Юридическая антропология. — М., 1999. — 655 с.

5.Общая теория права и государства: Учебное пособие. — М., 1994. — 367

  1. Кудрявцев В.Н., Наумов А.В. Насильственная преступность. — М., 1997. — 493 с.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.