Жумашева Батима Айтугановна
Алматы қаласы,
Д.А. ҚОНАЕВ АТЫНДАҒЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ
Атмосфераны ластағаны үшін қылмыстық жауаптылықты жетілдірудің құқықтық аспектілері
Түйін:
Бұл мақалада-атмосфераны ластағаны үшін кылмыстық жауаптылықты жетілдірудің құқықтық аспектілері қарастырылады.
Экологиялық саясатты жүзеге асырудағы басты орындардың бірін, бұрын да аталып өткендей құқық алады, ол қоғамдағы экологиялық қатынасты жемісті реттеуші ретінде қызмет етуі тиіс. Экологиялық қауіпсіздікке жетуде қоғамды қоршаған ортаға, оның жағдайы туралы шын ақпаратқа және табиғат қорғаушы заңнама келтірген залалдың орнын төлеуге адамның құқығы туралы Конституция ережелерінің үлкен мәні бар[1]. Қылмыстық жауаптылық заңды жауаптылықтың бір түрі бола отырып, қылмыстық құқықтағы маңызды институттардың бірі. Жауаптылық-бір жағынан сезім, қоғамдық байланыс, ынта болса, екінші жағынан шара немесе санкция. Ол адамды белгілі бір әрекетке ынталандырады немесе белгілі бір әрекетті жасаудан бас тартқызады. Әрине, жауаптылық субъектіге қойылатын әлеуметтік талаптар болған кезде немесе субъектінің бұл талаптарды өзі ұғынған жағдайда пайда болады. Осыған байланысты жауаптылықты жүзеге асыру екі нысанда көрінеді: бірі-әлеуметтік талаптарды субъект өз еркімен орындайды, екіншісі-әлеуметтік талаптарды субъект мәжбүрлеп орындайды. Осы екінші көрініс қылмыстық жауаптылыққа тән келеді. Қылмыстық жауаптылық азаматтық-құқықтық, әкімшілік, тәртіптік, материалдық жауаптылықтар сияқты құқықтық жауаптылықтың ең қатал түрі. Қылмыстық құқық теориясында қылмыстық жауаптылық мәселесінің зерттелуіне көп көңіл бөлінгенімен, оның түсінігі, анықтамасы төңірегінде әлі де болса пікір-таластар жетерлік.
Қылмыстық жазаланатын әрекеттерді әкімшілік теріс қылықтан ажырату мақсатында экологиялық құқықбұзушылық құрамын сипаттайтын барлық мән-жайларды анықтауға, атап айтқанда, оның жасалу әдісіне, құқыққа қайшы жасалған әрекеттің салдарларына, келтірілген зиянның немесе шыққан шығынның мөлшеріне, өзге де мән-жайларға, егер кінәлі адамның әрекеті бір мезгілде қылмыстық, сондай-ақ әкімшілік заңдардың күшін қолдануға жататындығын ескере отырып ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 19-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырыла алмайтынына ерекше назар аударған жөн деп соттардың экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық жөніндегі заңнаманы дұрыс және біркелкі қолдануы мақсатында айқындайды [2]. Әрекет етуші заңнаманы шын өмірде қолдануының жағдайын көрсететін сот статистикасының мәліметін зерттеу оптимизмге негіз бермейді, себебі ол жоқтың қасы. Қалыптасқан жағдайды тек нашар деп сипаттауға болады.
Қылмыстық істерге келетін болсақ, қылмыстық заңнаманың экологиялық жемістілігін жоғарылатуға бағытталған нақты шараларды жедел түрде қолдану қажет.
Соттардың табиғатты қорғау туралы заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы қазіргі кездегі қаулыларда соттар жерді, оның байлықтарын, орманды, жануарлар және өсімдіктер әлемін, атмосфералық ауаны қорғау туралы заңнаманы қатал орындауға назар аударды, табиғи ресурстардың ұқыпты және ұтымды қолданылуы ең маңызды мемлекеттік міндеттің бірі болып табылады. Ол мәселе адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатымен, экономикалық және әлеуметтік жоспарды жемісті орындаумен тығыз байланысты. Қоршаған ортаны қорғау туралы Заңның 86-бабында көзделгендей, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзу салдарынан қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына, ұйымдардың, азаматтардың немесе мемлекеттің мүлкіне зиян келтірген заңды және жеке тұлғалар қолданылып жүрген заңдарға сәйкес зиянды өтеуге міндетті [3].
Атмосфераны құқыққа қайшы түрде ластаудың ерекшелігі фактілік мәліметті жинау процесінде алуан түрлі ғылыми салалардың арнайы танулары қолдана алатындығында болып тұр. Зерттеу жүргізіп отырған орган немесе адам соттық-химиялық, токсикологиялық, радиологиялық, техникалық, гидротехникалық, агротехникалық, орман-техникалық, зоотехникалық, гидрометеорологиялық, соттық-медициналық, соттық-ветеринарлық, ихтиологиялық, барлық шаруашылық және басқа сараптама түрін белгілей алады, онын өткізілуі біршама материалдық шығынды қажет ететіні сөзсіз. Осы тұста экологиялық аудит пен сараптаманың маңызы зор деп есептейміз.
Азаматтық немесе әкімшілік өндірістің тәжірибесінде істің қарастырылуын әрекет нәтижесіне терең талдау жасау қажеттілігінен туындап отыр. Табиғат қорғаушы заңнаманы бұзғандығы үшін экологиялық қылмыстық-құқықтық нормалар санкцияларымен қарастырылған ең қатал жаза түрін қолдану қажет.
Қылмыстық заң нормаларын сақтауды мемлекет мәжбүрлеу арқылы қамтамасыз етеді, себебі бұл нормалардың бұзылуы заңның басқа салаларындағы нормалардың бұзылуына қарағанда, мемлекет мүддесіне, қоғам мүддесіне немесе жеке азаматтар мүддесіне үлкен зиян келтіреді. Жаза қолданудағы мақсат-адам мен азаматтың құқығын, заңды мүдделерін, бейбіт өмір мен адамзат қауіпсіздігін, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны конституциялық құрылысты және Қазақстан Республикасының аумағының тұтастығын, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің заң қорғайтын мүдделерін қара ниет қастандықтан қорғау.
Сонымен қатар, қылмыстық заң жазаның үш мақсатын көрсетеді, қазіргі таңда көптеген ғалымдар жаза мақсаттарының мазмұнын өзгерту қажет деп санайды. Заң ғылымдарының докторы, профессор Д.С.Чукмаитовтың пікірінше: «Жазаның мақсаттары өзара тығыз байланысты және әр бір нақты жағдайда жазаны қолдану кезінде, олар жалпы мақсатқа сай болу керек» [3]
М.Д.Шаргородскийдің ойынша, қылмыскерді түзеу және қайта тәрбиелеу, олар тек ғана сақтандырудың мақсаттарына қол жеткізудің жолы, жазаның мақсаттары ретінде танылмайды. Профессор А.Н. Ағыбаевтың пікірінше: «Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру — заңдылық қағиданы қатаң басшылыққа ала отырып, жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа әділ құқықтық баға және лайықты жаза белгілеу деп біледі» [4]. Заң ғылымдарының кандидаты, доцент Д.Б. Бұғыбайқызы: Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру-жазаның жақын мақсаты, өйткені қылмыстық жаза ең алдымен жасалған қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде бұзылған қоғамдық игіліктерді қалпына келтіру үшін, яғни әділеттілікті қалпына келтіру үшін қызмет етеді, -деген көзқарасын білдіреді [5].
Экологиялық құқық бұзушылықтарда келтірілген зиян нақты адамның денсаулығына жанама түрде қоршаған ортаға зиянды тигізген салдар нәтижесінде оқшауланбай орын алады, мысалға, жеке адамның өміріне немесе денсаулығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың зардабы оқшауланып көрініс табады. Келтірілген зиян қоршаған ортада сапалық және сандық өзгерістерді тудырып, теріс зардабын адамдардың денсаулығы мен өміріне, гендік қоры мен бағдарламасына, жұмысшылардың еңбек қабылетінің кемуіне, сондай-ақ табыс көлеміне тікелей әсер етеді. Бұл мағынада экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтарда зиян екі: экономикалық және экологиялық нысанда көрінеді. Экономикалық зиян табиғат пайдаланушыларға, олардың мүлкіне, табыстары мен пайдасына келтіріледі, ал экологиялық зиян табиғи ортаның ластануы, тозуы, бұзылуы, қала берді, экологиялык жүйелердің және табиғи объектілердің жойылуы көріністерінде айқын байқалады. Қылмыстық жауаптылық туындауы үшін экологиялық зиянның келесідей маңызды ерекшеліктері болу керек: біріншіден, азаматтық-құқықтық қатынастарда экологиялық зиян келтірілген мөлшерде ақшалай (қаражат есебінде) түрде өндіріп алуға келеді, қылмыстық-құқықтық қатынастарда экологиялық зиян тек ақшалай нысанда емес, сонымен қатар туындаған немесе туындауы мүмкін экологиялық зардап сипатынан да есепке алынады; екіншіден, экономикалық зиян аз уақыт аралығында немесе лезде-ақ орын алады, экологиялық зиянның зардаптары біраз уақыттан кейін байқалады, ғалымдар ондаған жылдар бойы зерттеулер жүргізіп барып қана нәтижелерді жариялайды, ол зерттеулердің негізділігі, ғылыми мақсаттарға сәйкестігі, өзектілігін қоғам және мемлекет анықтайды, яғни зардаптардың кеңістікте таралуы, адамдардың денсаулығына теріс ықпалы ұзақ жылдар аралығына зерттеу объектісіне айналады.
Бұл шараларды жүргізу үлкен қаражатты талап етеді. Үшіншіден, қылмыстық құқықта қоршаған ортаға келтірілген кез — келген зиян емес, құқыққа қайшы, табиғат қорғаушы заңнаманы бұзған салдарлардың нәтижесінен туындаған зиян қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соқтырады. Төртіншіден, атмосфераны ластағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту негізі болып құқыққа кайшы әрекет немесе әрекетсіздік пен орын алған қылмыстық зардап арасындағы себепті байланысты анықтау табылады. Атап айтқанда, қылмыстық жауапкершілікті жекелеу, кінәлі тұлғаны анықтау, т.б.мәселелер қиынға соғады.
Қарастырылып отырған құқық бұзушылықтың қылмыстық-құқықтық аспектілерін жетілдіру арқылы осы норманы қолдануға шынайы мүмкіндіктерді туғызуға, қалыптасқан «өлі» жағдайды орнынан қозғауға болады, яғни құқық қолданушылық қызметте, сот әділдігін атқаруда, азаматтардың экологиялық құқықтарын қорғау мақсатымен атмосфераны ластау қылмыстық құқық бұзушылықтың қылмыстық құқық бұзушылық құрамы ретіндегі рөлін арттыруда деп есептейміз.
Әдебиет
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. — Алматы, 1995ж.
- 2. ҚР Жоғарғы Сотының И 16 қаулысы. — 22.12.2000.
- «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заң. — 15.07.1997.
- ҚР Қылмыстық кодексі Алматы, 2014 жыл
- ҚР Қылмыстық процестік кодексі Алматы, 2014 жыл