Дайрова Фатима Даулетовна
Алматы облысы
Жамбыл ауданы
«Шиен ауылындағы орта мектеп Қоғамшыл
бастауыш мектебі және мектеп жанындағы
интернатымен» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Білім беру жүйесіндегі басты мақсат- Қазақстан Республикасының бүгінгі білім сапасының деңгейі мен болашақ бағытын анықтай отырып, әлемдік өркениетке жетудің жолын іске асыратын білімді де мәдениетті, білікті де саналы дара тұлға тәрбиелеу. Бұл- ұлттық мұраны жете меңгерген, ана тілінің сөздік қорын жетік игерген, адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды білетін, өз ұлты мен тілін қастерлейтін, Отанын сүйетін, дүниетанымы кең, ізденгіш, іскер, еңбекқор, білімді де білікті зиялы ұрпақ қалыптастыру деген сөз. Мұндай тәрбиелі ұрпақтың негізі – бүгін, қазіргі білім беру мен оқу үрдісінде қаланады. Заманауи білім беру жүйесінде дара тұлғаны қалыптастыруда басты қамтылатын мәселелер: сыни ойтаным, креативтілік, коммуникативтік, бірлестік пен үйлесім.
Сыни ойтаным- білім алушының кез келген мәселеге байланысты өз пікір- көзқарасының болуы, өмірде ұшырасатын түрлі жағдайларды бағалай біліп, өзінің дара жолын тауып, жетістікке жетуі.
Креативтілік- білім алушының өз бетімен ойлау дағдысын қалыптастыра отырып, өмірде өз шешімін білімімен, білігімен дәлелдей алуы. Креативтілік әр түрлі жағдаятқа байланысты адамның шығармашылық қабілетін дамытуды көздейді.
Коммуникативтік – қоғамдық- әлеуметтік ортада белгілі бір өмірлік жағдаятқа сай адамдардың немесе дара тұлғаның бір- бірімен тез тіл табысуы, пікірлесуі, әсерлі сөйлеу дағдылары.
Үйлесімді бірлестік- ортақ мақсат барысында білім алушылардың табысқа жетудің жолы.
Білім мен ғылымның дамуы – Қазақстанның рухани жаңғыруына әсер етуші фактор. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі өзгерістер әрбір педагогтің ойлануына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен, жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Өйткені ХХІ ғасырдың оқушысы тек тыңдаушы, орындаушы ғана емес, өздігінен білім іздейтін, өзіндік көзқарасы бар, сыни ойлай білетін, өз білімін жетілдіруге мүдделі, өзінің алдына нақты мақсаттар қоя білетін, өз білімін кез-келген ортада еркін жеткізе алатын тұлға болуы тиіс. Сол тұрғыда педагог оқушы бойына алдына қойған мақсаттарға қалай қол жеткізуді білетін, оқуға барынша қызығушылық танытатын, өз бетінше оқу қабілетін дамытатын, білім беру бағдарламасынан тыс мәселелерді үйренуге ұмтылатын дағдылар қалыптастыруы керек. Сол үшін де білім берудің мазмұнын жаңартып, озық әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы оқушыларды өз бетінше білім іздеуге дағдыландырғанымыз абзал. Ол өз бойына жинаған білімін біреуден мақтау, жоғары бағасын есту үшін емес, саналы түрде өмірде, болашақта өзіне, еліне қызмет етуі үшін жинау керектігін түсінуі, сезінуі қажет.
Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша оқушы білімін, танымын, білігін бағалау жаңа жүйеде құрылған. Бұл жерде оқушылар өзін-өзі бағалау, бірін-бірі бағалау, топтық бағалауда оқу үдерісінің белсенді қатысушысы бола алады. Бағалаудың жаңа әдісінде оқушы бағаны қандай критерийлер бойынша алғанын, келесі сабақтарда қандай критерийлерге көңіл бөлу керектігін ұғынады. Бұл жүйеде оқушының нәтижесімен бірге іс-әрекеті де бағаланады.
Бағалау – оқыту нәтижесін анықтау үшін қолданылатын тәсіл, оқушының берілген тақырыпты меңгерудегі кемшіліктерін жоюда, оның үлгерімінің нәтижелі болуына ықпал ететін фактор. Бағалау, көбінесе, баға қоюдың синтездік түрі арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, мектеп тәжірибесіндегі бағалау баға қоюмен ғана шектелетін тәсіл емес, ол материалды меңгеру, меңгермеу фактісімен қатар оның себептерін анықтауға мүмкіндік беретін оқытудың маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Атап айтқанда, тақырыпты түсінгенін бағалайтын түрлі тәсілдерді қолдану — оқушылардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып өз бетімен ізденуге шығармашылық еңбек етуге жол салады.
Бағалау критерийлеріне сүйене отырып, тақырыпты түсінгенін бағалайтын түрлі тәсілдерді қазақ тілі мен әдебиеті сабағында қажеттілікке қарай қолдану керектігі байқалды. Бұл әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, сабақ жоспарлау барысында Блум таксономиясы негізінде сабақтың оқу мақсаттарына сәйкес тапсырма құрастыру ерекшеліктерін ескеру маңызды. Өйткені таным мен ойлау деңгейлеріне қарай оқушылардың білім мен білік дағдыларын қалыптастыру оқушылардың оқудағы жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпалын тигізеді. Ол үшін білім алушылардың тақырыпты түсінгенін бағалайтын түрлі тәсілдерді қолдану маңызды екендігін тәжірибеден байқадық. Мысалы, 8-сыныпта қазақ әдебиетінен «Түсіну және жауап беру» бөліміндегі көркем шығарма мазмұны мен пішіні; әдеби шығарманың тұжырымдамасы; көркем шығармадағы образ; шығарма үзінділерімен жұмыс бөлімшелеріне сәйкес оқу мақсаттарының негізінде қысқа мерзімді жоспар құрған кезде, білім алушылардың түсінгендерін тексеретін қалыптастырушы бағалаудың тиімді тәсілдерін қолдану маңызды. Нақты сұраққа жауап беру үшін тірек сөздерді іздеу мақсатында мәтінді сканерлеп оқу; түсіну дағдыларын, атап айтқанда болжам жасау, сұрақ қою, түсіндіру мен жинақтауды пайдалана отырып, шығарманы түсінудегі кедергілерді айқындауға болады. Яғни, қолданылатын әдістерге модельдеу, көрсету, талқылау, бірге ойлау, өзінің алғашқы ойларын түсіндіру, ақпаратты шағын бөліктерге бөлу және т.б. Әдістерді қолданған кезде күшті жақтары мен әлсіз жақтары туралы ойлану қажет. Себебі, білім алушылардың тапсырманы орындау барысында қандай қателік жіберетінін анықтаудың тиімді бір тәсілі – орындау сәтінде өз ойын қадам бойынша ашық көрсетуге итермелеу. Осылайша, жіберілетін қателердің алдын алуға болады. Сонымен қатар, топтық және жұптық жұмыс арқылы білім алушылардың бірін-бірі оқытуға тарту пән мазмұны бойынша қаншалықты түсінгені туралы ойлануына мүмкіндік береді. Бұндай тәсілдерді жоспарлаған кезде мұғалім: «Оқушылар қандай тәсілдерге басымдық береді? Неге?» деген сұрақты өздеріне жиі қойғандары сәтті болатынын тәжірибе көрсетуде.
Блэк пен Уильям зерттеулеріндегі “қара жәшік” сырын білген де, оқу үшін бағалау арқылы білім алушылардың түсінгенін анықтауға болатын тың идеясы дер едік.
- Сұрақтың тиімді түрде қойылуын жіті қадағалау;
- Бағалау критерийлерін білім алушымен бірге анықтау;
- Топтағы білім алушының өздерін және өзара бағалауы;
- Кері байланыс жасай алуы.
Қарым-қатынас жасау, талқылау, түсіндіру және бір-бірін тартысқа шақыру мүмкіндігі дербес оқу шегінен шығатын әрекетке қол жеткізетінін білім алушы да түсінетін болады. Оқытушы өз мақсатына жету үшін жоғарыдағы төрт қадамдарды нақты жасауы тиіс. Дәстүрлі оқытуды оқытушы мен білім алушы арасында кері байланыс нәтиже аз көрсетілді, оқушы “үні” естілмеді, бағалау критерийлері берілмейді деп әбден айта аламыз. Тәжірибе барысында тізбектелген сабақтарды өткізгенде бағалау критерийлері ұсынылады және оны білім алушылармен бірге толықтыруға тырыстық. Осылайша, тақырыпты түсінгенін бағалайтын түрлі тәсілдерді қолдану арқылы оқушы өзі діттеген мақсатына қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық қабілеті арқылы жететінін байқадық. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын тақырыпты түсінгенін бағалайтын түрлі тәсілдерді кеңінен пайдалануымыз қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану тек сергіту немесе сабақтың қызықты өтуіне атсалысатын тәсілдерді ғана емес, барынша тақырыпты түсінгенін бағалайтын тәсілдерді қолдануды міндеттейді.
Критериалды бағалау – бұл білім берудің мақсаты мен мазмұнына негізделген оқушының оқу-танымдық құзырлығын қалыптастыруды алдын-ала белгіленген жетістіктермен салыстыру үрдісі:
- Бағамен білім алушының жұмысы бағаланды;
- Дескрипторлар білім алушыға алдын-ала белгілі болды;
- Білім алушы өз білім деңгейін анықтай алды;
- Нақты білімдік мақсат бағаланды.
Критерий сол сабақты қалай меңгергендігін, сабаққа қалай қатысып отырғанын, сұрақты дұрыс қоя білу, мағынаны аша білу сияқты сабақты меңгеру қажеттіліктеріне негізделеді. Сабақ кезінде тақырыпты қалай меңгергендігін білу мақсатында оқыту үшін бағалау және оқуды бағалаудың төмендегідей әдістерін қолдандық:
- “Ормандағы аңшы” сергіту сәтінде әр оқушының еске сақтау қабілеттерін анықтау мақсатында;
- “Қиылған қағаздарды” құрастыру арқылы тілдік элементті, бірнеше суреттерді қиып, оны құрастыру арқылы сөз тіркесін табу, сөз тіркестерін қатыстыра отырып сөйлем құрау үшін;
- “Stop-кадр” – видеофильмнің бір кадрды экранда тоқтатып қойып, сұрақтар қою арқылы оқушыларды диалогқа тарту үшін;
- “Серпілген сауал” әдісі арқылы тақырыптың түсіну деңгейін арттыруға және талқылау дағдыларын дамытуға қол жеткізу үшін;
- “Конверттегі сұрақ” арқылы әрбір оқушуға арнап конверт дайындау арқылы тақырыпты меңгергендігі туралы жауап алу үшін;
- “Құрақ құрау” бағалау парағы арқылы оқушының ойлау жүйесін дамыту үшін;
- “Ыстық орындық” әдісі арқылы берілген тапсырмаға байланысты оқушының кешегі өткен тақырыбын қайта пысықтау, қайталау үшін.
- “Суреттер сөйлейді” әдісі арқылы оқушының жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын қалыптастыру үшін,
- эссе, ертегі құрастыру, хат жазу, тест құрастыру арқылы айтылым дағдысын бағалау үшін;
- жоспар құру, әртүрлі жанрда мәтіндер құрастыру, оқылым мен тыңдалым материалдар негізінде жинақы мәтін жазу, мәтіндерді түзету және редакциялау әдістерін қолдану арқылы жазылым дағдысын қалыптастыру үшін;
- топқа бөліп 1,2,3 рольді анықтап, логикалық сұрақтар арқылы тиімді тыңдалымды қалыптастыру үшін;
- ұғынуға, егжей-тегжейлі білуге, жаңа сөздерді үйренуге, нақты нәрсені анықтауға, стильді анықтауға арналған тапсырмалар беру арқылы оқылым дағдысын қалыптастыру үшін.
Бұл әдістерді қолдану арқылы біз қандай нәтижеге жеттік? Яғни, тақырыпты түсінгенін бағалайтын түрлі тәсілдерді қолданудың тиімділігі: оқушы шығармашылық деңгейге мұғалім арқылы емес, өз іс-әрекеті арқылы жетеді. Бұның ұтымдылығы да осында. Түрлі тәсілдерді пайдалану шығармашылық тұлға қалыптастыруға алып келеді.
Бағалау білім алушы үшін маңызды ма? Ол білім алушыларға қателерді болдырмауды және оларды түзетудің жолын көрсетті. Білім алушылардың өзін-өзі бақылай алуы және өздерінің оқуын қалай жақсартуға болатындығын түсіну қажеттілігін сабақ кезінде бағалау парағын қолдану арқылы көз жеткізді. Білім алушылар өз-өздерін бағалай алуы және өздерінің оқуын қалай жақсартуға болатындығын түсінді. Жоғарыда айтылған зерттеу бағалау арқылы оқуды жақсарту бір қарағанда қарапайым болып көрінетін, бірақ оқытуға енгізілуі тиіс бес түйінді факторға байланысты екенін көрсетті: «Оқушыларға тиімді кері байланыс ұсыну. Оқушылардың өзіндік оқуға белсенді қатысуы, бұл өз кезегінде оқушыларды өзін-өзі бағалауға қатыстырады. Бағалау нәтижелерін ескере отырып, оқытуды түрлендіру. Бағалаудың оқушылардың оқуға деген ынтасы мен өзін-өзі бағалауына терең ықпал ететіндігін мойындау, себебі бұлардың екеуі де оқуға түбегейлі түрде ықпал етеді. Оқушылардың өз оқуын қалай жетілдіру керектігін түсіну үшін өздерін өздері бағалай алуын қамтамасыз ету және өзара бағалау арқылы бірге оқитын оқушылармен бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру». (МАН, 55 бет)
Қорыта келгенде, қалыптастырушы бағалауда білім алушылардың тақырыпты түсінгенін бағалайтын тәсілдерді қолданудың маңызы зор. Білім алушыларды ынталандырып, өзіне деген сенімге, өзара ынтымақтастыққа жетелейді. Сонымен қатар өмірде қолдануға пайдасын тигізетін білім дағдысын қалыптастырады.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
- Негізгі білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған
- «Қазақ әдебиеті» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы (оқыту қазақ тілінде) 3-бет
- Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. Астана. 2004 жыл
- Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана. 2004 жыл
- Мұғалімдерге арналған нұсқаулық І деңгей «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ
- Курсалды тапсырмалар. Бірінші деңгей. «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ
- Үлестірме материалдар. Екінші апта. Бірінші деңгей.
- Негізгі білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған бағдарламасы.