152 мектеп-гимназиясы
тарих пәнінің мұғалімі:
Ныгыманова Алтынай Сагимовна
Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы – жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі – жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады.
Болашақта ел тұтқасын ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі – бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Олардың отансүйгіштік сезімін, білім мен біліктілігін, дағдысы мен шеберлігін, асқақ адамшылық және адамгершілік қадір-қасиеттерін, жаңа дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, ұнамды мінез-құлық нормаларын рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру – үлкен қажеттілік екендігін анық жеткізе білу керек деп ойлаймын.
Әр ғасырдың, әр дәуірдің жарық-сәулелі кезеңдерімен қатар қоңырқай-көлеңкелі тұсы да аз емес. Өткенің мен бүгінің, ертеңің – бәрі мидай араласып жатыр. Алайда, тарихтың кестелі шежіресіне кез келген пенде өз өрнегін қалауымен ойып сала алмайды. Тарихта аты қалатындар –топтан озған тұлғалар. Біреулері бүкіл империяны шеңгеліне ұстап, қаталдығымен есте қалса, екіншілері ұлы қырғын соғыс ашып аты шығады. Ал, өркениет атаулыны өрлетіп, жер бетіне игілік әкелген ұлылар қаншама? Міне, сондай ұлы тұлғаларымыздың бірегейі, халқымыздың аяулы перзенті, геология ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан белгілі ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.
Қазақтың Қанышы. Тұңғыш академик.
Аса көрнекті ғалым, геолог, мемлекет қайраткері Қаныш Имантайұлы Сатбаев -1899 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған.Қаныштың балалық шағы ауылда өтті.Сол кездері Семей обылысы, Павлодар уезінде бір де бір қаззақша мектеп болмаған. Омбыда орналасқан пансионатта білім алады.Қаныш ауылдағы құрбы-құрдастарының арасында ерекше бала болып өсті.Оның бойы аласа, ойы терең зерделі, зейінді бала болды. Ауыл басшысы болған әкесі Имантайдың басты мақсаты –адал еңбек, маңдай тер еді.Сондықтан Қанышты бала күнінен еңбекке баулып өсірді. 1914 жылы Қаныш Семей педагогикалық семинариясына түсті.Ол кезде Семей қырық мыңдай тұрғыны бар ірі шаһар еді. Оқытушылар семинариясында да Қаныш үлгілі, әрі озат болды.
1917жылы қазан айында Қаныш ауруханаға түсіп, семинариядағы оқуы үзілді. Сырқатынан айыққан соң Баянауылға қайтты.Дерті-суық тиген,көкірек ауруы меңдеп кетпес үшін дәрігердің ауылға қайт деген кеңесімен, ауылдың таза ауасын жұтып, бал қымызын ішіп, оқуының соңғы жылын қимаса да, денсаулығы үшін көнеді. Келесі жылы көктемде өзін сергек сезінген Қаныш Семейге оралды. Емтиханды жақсы тапсырып, семинарияның толық курсын аяқтады деген аттестат алды. Жоғарғы оқу орнына бұл аттестатың жарамсыз екенін білген соң бір жылдық мұғалімдер курсына оқытушылыққа орналасалып, институтқа түсуге даярланады. 1926 жылы Томск каласындағы политехникалық институттың таукен инженері мамандығын мамандығын алып шығады.
Қаныш Сатбаев өзінің еңбек жолын Атбасардың түсті металдар тресінде бас геолог болып бастады.Атбасардағы түсті метал тресіне Успенск мен Спасск, Қарағанды мыс және көмір кен орындары қарайтын. Жас геолог Ұлытаудың даласын аралап жер мен өзендерін зерттеді және Жезқазған жаңа мемлекеттің мыс таулы қазынасы болатынына үлкен сеніммен қарады және 1928-1929 жылдары мыстың алғашқы көздеріосы өңірден табылды. Оның аса маңызды туындыларының бірі үлкен Жезқазған кенін зерттеу,Сарыарқаның геологиялық картасын жасау.Сәтпаевтың басшылығымен Қазақстанда түсті және қара металлургия ошақтары зерттеліп, іске қосылып, ел игілігіне айналды. Қарағанды металлургия заводының құрылысыда Қаныш Имантайұлының бастамасымен бастлып, Жезқазғанның кенді қазбаларын одан ары байыту істері қолға алындып, өндіргіш күштерді өсіруге, минералдық шикізаттарға бай аймақтарды зерттеуге көп көңіл бөлді. Атасу темір марганец кендерінің негізінде Қарағанды обылысында қара металлургия дамыту жөнінде мәселе көтерді.Жезқазған-Ұлытау аймағында мыстан басқа темір, жез, марганец пен көмір кендерін ашты.Ол өз еңбектерінде «Жезқазған мысқа бай ауданның бірі атанып, болашақта игілік жолында Американың атақты мыс провинциаларының көбінен даңқы асып түседі» деп жазды. 30- жылдардың басында Ұлытау айналасында ірі мыс кені бар екенін біліп, оны дәлелдеді.Бұл өте ірі жеңіс болды. Ғалымдар үлкен Жезқазғанның болашағын мойындату үшін көп тер төкті.Ол КСРО ғылым академиясының күн тәртібіне енгізілді.Өзі осы тақырыпта Академия сесиясында баяндама жасап қорғап шықты.
Екінші дүнижүзілік соғыс жылдарында түсті металдар өте қажет болды. Осы кезде Сәтбаевтің жетекшілігімен жезді марганец кені ашылып, қысқа мерзім ішінде зерттеу жүргізіп, іске қосылды. Себебі соғыс жылдары танк бронын қою үшін марганецке тапшылық туды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға тақанғанда, елдегі жағдай аса қиын болды,соған қарамастан Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласып, ұлыларға тән көрегендік көрсетті. Жезқазған кені туралы зерттеулері, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектері оның қалдырған ғылыми бай мұраларының бірі. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатады.Оны кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Соғыс басталғаннан бастап Сәтбаев басқарған институт кең көлемді жұмыстар атқарды.Ел басына түскен ауыр күндердің өзінде институт өз күшімен 160 ғылыми экспедиция ұйымдастырып,жаңа кен орындарын ашты.Сонымен қатар Сәтбаев мамандар даярлау ісіне де көп көңіл бөлді.Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, Қарағанды, Қаратау, кенді Алтай секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеген. Сарыарқаның металлогендік және болжам карталарын Қаныш Сатбаев тәжірибелі мамандарды қатыстыра отырып,бірнеше жылдар бойы үздіксіз жүргізілген жұмысының нәтижесінде жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың бірнеше жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді.Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуға, Қостанай, Алтай темір және марганец, Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми зерттеу институттарының ашылуына тікелей қатысып, өзінің көп еңбегін сіңірді. Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі көптеген комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі; бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты; СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиумының мүшесі. Ол төрт ретЛенин орденімен, Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері атанған.Оның есімі институттар мен кен-металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай-ақ, Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар.
Қаныш Имантайұлының маңызды еңбектерінің бірі «Алгебра» оқулығының жазылуы.Ол оқулық негізі 1919 -1920 жылдары мұғалім болып жұмыс жасай жүріп мектеп оқушыларына арналып жазыла бастаған екен. Бірақ түрлі себептерге байланысты 1924 жылы 25 жасында жарыққа шыққан.Ол оны жоғарғы оқу орнына түсуге даярланған жылдары, студенттік өмірдің қиын кездері және тұрмыстағы ауыртпалықтармен күресе жүріп жазған. Бұл ана тілінде алғаш жазылған алгебра оқулығы еді.
Оқулықтың құрылымы | 11 бөлім
|
40 баптар | |
314 праграф | |
220 терминдер |
Қаныш Имантайұлының «Алгебра» оқулығы
Томскінің политехникалық институтында үздік студент атанып, мемлекеттік степнендия алды.Математика оқулығының авторы атанып, қаламақы алды.
Қаныш Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстары мен рудалық кендерін зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа ғылымдардан да; мәдениет саласында да; тарихтан да қалдырған ізі сайрап жатыр.Соның бірі музыка саласына қосқан үлесі.
Қаныш Имантайұлы өз естеліктерінде Семей семинариясында оқып жүрген кезінде (1914-1918), Мұхтар, Жекей деген бала үшеуі бір пәтерде тұрып, бір кезде бітіріп шыққанын жазады.Мұхтар Әуезовпен бірге оқыған. Оқумен қатар олар география қоғамына үздіксіз барып, онда қазақ тарихы, Абай, Шоқан, Ф.М.Достаевский туралы оқыған лекцияларын тыңдайды. Екінші жағынан география қоғамымен бірігіп, қалалық театрларда қазақша сауық-кешін өткізеді. Сондай үлкен кештің бірін 1915 жылы 13 ақпан күні өткізген. Оны бастап қоюшы – семинарияның оқытушысы Назифа Құлжанова болған.Кеш төрт бөлімнен құралады.( Біржан мен Сараның айтысы; Батырлардың айтысы; Қазақ әндері; Абай әндері).Бұл кеште Қаныш көптеген рольдерде ойнаған.Соның бірі Қобыланды батыр болып ойнаса, әндер бөлімінде Жарылғапбердінің әні, Мұстафаның әні, «Топайкөк», «Баянауыл», «Көзімнің қарасы», т.б. әндерді шебер орындап шыққан.
Қаныш Сәтбаевтың Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде екі жыл дәріс берген. Ол кісінің хатшысы болған Сіламхан Жаппархановтың өз естеліктерінде «Қанекең сегіз қырлы, бір сырлы болатын. Павлодар, Семей жақтың әндерін керемет орындайтын» деп жазды. Қаныш Имантайұлының әнге әуестігі де атаның қанымен берілген қасиет болса керек. Атасы Сәтбай да, әкесі Имантай да өнерге өте жақын адамдар болған.Сондықтан болар бала, бозбала күнінде қазақтың ән-жырын құлағына сіңіріп өскен. Жаяу Мұса мен Естайды бала күнінен білген. Жаяу Мұсаның әндерін өзінен тікелей үйренген. Баянауыл әндерінің жан сергітер ғажап әуенін бойына сіңірумен есейген Қаныш Имантайұлы домбыра шертіп, сүйікті әндері “Шама”, “Бір бала”, «Мақпал», «Салайын», «Қорланды» әуелете шырқаған. Кейіннен сол әндерді қазақтың ән мұрасын жинаушы, әйгілі музыкатанушы Александр Затаевич 25 қазақ әнін жазып алып, өзінің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына енгізген. Затаевич қазақтың халық әндерінің білгірі әрі жақсы орындаушысы ретінде Сәтбаевтың дарынын жоғары бағалаған. Қаныш Сәтбаев әндердің тарихын да өте жақсы білген және шебер әңгімелеп айтып бере алған. Сондай әндерінің бірі Едіге бидің ұрпағы Мұсаның әні «Бүркітбай». Бозбала шағында Қаныш Сәтбаевтың ұнатып айтқан әндерінің бірі.
Қ. И. Сатпевтың музыка өнерінің тарихына қосқан үлесі А. Жұбанов, Б. Ерзакович сияқты ғалымдардың мақалаларында, сондай-ақ, « Қазақ театрының тарихы» атты еңбекте жан-жақта айтылған. Төмендегі кестеде Қаныш Имантайұлы туралы қысқаша мәліметтер бар.
№ | Қ.Сәтбаев туралы қысқаша мәлімет |
1 | Менделеев кестесіндегі барлық элементтер Қазақстан жерінде ғалымның арқасында, табылды |
2 | Қаныш Сәтбаев 1961 жылы «Ертіс-Қарағанды» арнасының жобасын жасап, жобаның құрылысы 1967 жылы аяқталды. Нәтижесінде, Орталық Қазақстан толығымен сумен қамтамасыз етілді. |
3 | 1940 жылы Ұлытау-Жезқазған кен орнын ашқаны үшін Ленин орденімен марапатталды. |
4 | Мұхтар Әуезовпен студент кездерінде бір бөлмеде тұрған. Жақын досы болған. |
5 | Әр түрлі салаларда жазған 800-ден астам ғылыми еңбектері бар. |
6 | Қазақ тіліндегі мектептерге арнап «Алгебра» оқулығын алғашқы боп жазған. |
7 | Алматыдағы Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылуына көп күш жұмсап, 1946 жылы оны басқарды. |
8 | 1935 жылы Жезқазғанды зерттеу кезінде, Қаныш Сәтпаев 14-ғасырда Әмір Темір қалдырып кеткен, жазуы бар тасты тауып алды. |
9 | Ең тұңғыш – қазақ академигі. |
10 | Қазіргі таңда, Сәтбаевтың атымен қала, көше, университет және кен орындары аталған. |
11 | Ұлы ғалым 1964 жылы туберкулез ауруынан көз жұмып, Алматыда жерленді |
Қаныш Сәтбаев ерекше туған дарынды да, талантты еңбекқор тұлға.Ол өзінің өмір жолында ХХІ ғасырда халқына үлгі өнеге болды.
Ғалымдығымен, жан-жақтылығымен халықтың сүйген ұлы, біртуар дара азамат, ел игілігі үшін білімін сарп еткен-ірі дарын иесі. Сондықтан оның күлімдеген жүзі мен жарқын бейнесі жас ұрпақтар үшін аса қадірлі қазына.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Академик Қ.И.Сатпаев. Естеліктер мен мақалалар жинағы.Алматы «Ғылым»,1995.
2.Қ.И.Сатпаев және Қазақстан қоғамдық ғылымдары.Алматы. «Ғылым».1999.
3.Медеу Сарсекеев.Планета Сатпаева-Алматы. Өнер, 2002.
4.Оразов Т.Қаныштың жастық шағы. Алматы, Жазушы,1971.
- М. Нұрпейісова.,Тұңғыш Академик. Ана тілі №10.2022 .
6.Марғұлан А.Х. Қаныш бейнесі біздің жүрегімізде.Алма-ата,1965.
altynainygymanova@gmail.com