Алматы қаласы, білім басқарамасына қарасты № 153 бөбекжай балабақшасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, бала бойына сіңіру тақырыбына арналған семинар өтті. Бұл семинар бұрынғылардан өзгерек, себебі оны аудан бойынша мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар бірігіп өткізді. Ауданаралық басқосуға Алатау ауданы білім бөлімінің бас маманы Зеитова Мәншүк Сапиновна, сонымен қатар аудандағы мемлекеттік және жеменшік балабақша меңгерушілері мен әдіскерлері қатысты.
№ 153 бөбекжай балабақшасының әдіскері Мәрзия Ілиясқызы балабақшаның тарихы мен іс-шараның мән-маңызына тоқталды.
— Ұлттық құндылықтарымыздың насихатталуына бүгінгі семинардың қосар үлесі зор. Еліміздің болашағы — жас ұрпақ санасына сіңіргіміз келген рухани ұлттық құндылықтарымыздың бір парасын ғана бағдарламамызға сыйғыза алдық. Біз әрқашан ұлтымызға, болашақ ұрпағымыздың адам болып қалыптасуына еш аянбай тер төгуге дайынбыз, — деді ол.
Іс-шара барысында аудан балабақшаларының қызметкерлері топ-топқа бөлініп, өнерлерін ортаға салды.
“Домбыра» орталығында тәрбиешілер Керимбекова Ж.Б, Бирталаева К.К ою ойса, «Торсық» орталығында Сейсенбекова А.С бастаған тәрбиешілер тасқа сурет салды. «Түйе» орталығында тәрбиешілер Имангазиева Н.С, Исаева Г.С құрақ құраса, «Қазақ үй» орталығында тәрбиешілер Боданова Г.Б, Тохтаболатова Д.К матамен (Кинусайга) әдісімен сурет салып, жұмыстарын көрсетті. Тасқа қашап сурет салу өнері ежелгі заманда пайда болған. Бірінші топ мүшелері өнер мен тарихты ұштастырып, тасқа қошқар мүйіз және тағы басқа ою түрлерін әсемдеп салды. Қатысушылардың атап өткеніндей тасқа сурет салу, құрақ құраудың пайдасы орасан зор, баланың қол моторикасын дамытатын бірден бір өнер түрі қанымызда бар баға жетпес құндылығымыз. Бірінен бірі өткен бұйымдар көздің жауын алады.
Тәнті болған қонақтар да «шебердің қолынан шыққан бұйымнан еш кемшілігі жоқ» деп жоғары бағасын берді.
Балабақша ата-аналарынан құрылған «Әжелер» ансамбілі “Сәулемай” әнін орындаса, ересек «Ботақан» тобы “Асық қызығы”әнін шырқады. “Керуен көшіп барады” тарихи көрініс көрерменді таңқалдырды. Түйе жетектеген ақсақал, қазақы кимешек киген әжелер мен ақ жаулықты аналар және шашбаулары сыңғырлаған бойжеткен қыздар мен бозбала жігіттер бүтін бір ауыл көрінісін көз алдарына әкелді. Сонымен қатар ет асылып, табақ тартудың жөн-жосығы айтылды. «Бесбармақ» «Құрақ құрау» «Шаңырақ» ойындарының авторы Оразбаева Нүрбибі Мейірбекқызы қазақтың ас дайындау, қонақ күту үлгісін көрсетті.
Нұрмаханбетова Алина Құрманбекқызы басқарып отырған балабақша ұжымының ұлттық құндылықтарды дәріптеп, осы бағытта ізденіп, ұлттық салт-сана тәрбиесіне баса мән беретіні байқалды. Балабақша табалдырығын аттағаннан-ақ ұлттық нақыштағы дүниеге көзің сүйсініп, көңілің тояды. Қазақ үй бұрышы жасақталған, оның іші ою-өрнекпен көмкерілген ыдыс аяқ, көрпе, қамшы ұлттық аспаптарға толы. Осы орайда әдікер Алжекеева М.И., тәрбиешілер Тагибаева А.Т., Имангазиева Н.С., Боданова Г.Б., Әділжан А.Ә., Исаева Г. С., Жунисакинова М.Ж. , Сейсенбекова А. С., Керимбекова Ж.Б., Бирталаева К.К., Зінәділ Г.С., Оркен С., Жумабаева Г. Ж., Керимбекова У.Б., Батырбек У.Ә. сияқты білікті мамандардың еңбегін де атап өтпеске болмас. Шара барысында ұжым болып билеген «Қымыз» биі бойдағы ұлттық рухты оятпай қоймады. Қолына тостаған толы қымызды ұстап би билеп, қонақтарға қымыз ұсынып мереке көркін одан ары қыздыра түсті.
Семинардың басты ерекшелік мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың бірлесіп тәжрибе алмасуында болды. Осындай игі үрдісті Алатау ауданының білім бөлімінің бас маманы Мәншүк Сапиновна енгізген. «Күш әрқашан бірлікте, қашанда бірігіп осындай асыл дүниелерімізді игеруге атсалыссақ алынбайтын қамал жоқ. Ұлт болашағы — бала. Сол балаларымызға балабақша қабырғасында тәлім мен тәрбие беру — бәрімізге ортақ міндет. Бәріміз бірлесіп әлі талай мерекені атқарамыз”, — деп, іс-шараны қорытындылап, үлес қосқан барша ұжымға алғысын айтты.
Ғасырдан ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы. Сол ұлттық құндылықтарымыздың арқасында біз өзіміздің ұлттық қалпымызды сақтап қала аламыз. Осыны жете түсініп, мән берген балабақша тәрбиешілерінің еңбегі ұшан теңіз. Бұл еңбек келекшекте жемісін беріп, нағыз ұлтжанды азаматтардың өсуіне ықпалын тигізеді.
“BILIM AYNASY”
Жұлдыз Смаилова
журналист
Алматы қаласы