Home » Мақалалар » Кітап-алтын сандық, Іші толған қазына, құт

Кітап-алтын сандық, Іші толған қазына, құт

Оңдашұлы Ернур
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті мемлекет пен құқық,конституциялық және әкімшілік құқық теориясы мен тарихы кафедрасының оқытушысы

Кітапалтын сандық, Іші толған қазына, құт

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді,кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама. Жобаны ұйымдастырудағы басты мақсат -қара шаңыраққа оқуға келген жас студенттерге төрт жылда жүз кітапты оқып шығуы азаматтық борыш екендігін сезіндіру. Өзге жоғары оқу орындары студенттерінен ерекшеленетін басымдығы да осы болмақ. Осылайша жастар арасында кітап оқуды сәнге айналдыру қажет. Бұл – рухани, үлкен жоба. Әр университет өз түлегімен мақтанатындығын ескерсек, дайындаған кадрларымыз рухани дүниемен сусындап шықса, мықты маман болары сөзсіз.Жоба аясында ҚазҰУ студенті оқуға тиіс үздік отандық және әлемдік авторлардың классикалық шығармалары таңдалды және тізімі жасалған болатын.Жоба басталған бірнеше жылдың ішінде әл-Фараби кітапханасының ұйымдастыруымен оқырмандар конференциялары, шығарма авторларымен кездесу кештері, жаңа кітаптың тұсаукесері және студенттер арасында сауалнамалар жүргізу сынды игі іс-шаралар ұйымдастырылды. «ҚазҰУ студенті оқуы тиіс 100 кітап» ­жобасы – бүгінде ­ерекше мәнге ие жастарды көркем шығарма оқу мен кітап құндылығын арттыратын рухани шара.

Жақсылыққа бастайтын ең ізгі құрал осы – кітап. Кітаппен өскен ұрпақ қандай жағдайда да, қай жерде де өресі биік, рухани таза тұрары сөзсіз. Ақын-жазушылардың шығармаларымен танысып қана қоймай, авторлармен кездесулер ұйымдастырылады. Кез-келген ақынмен, жазушы, ойшылмен кездесу ерекше әсер берері сөзсіз. Әр ақын-жазушы, шығармашыл адам – тыңнан түрен салушы, жалпақ жұрттың ойына келмегенді айтумен, қиялының ұшқырлығымен ерекшеленеді. Сол арқылы адамның санасын оятады. Бір ғана шығарма болашақ мамандарымызды тазалыққа, отансүйгіштікке, адалдыққа, ұлтжандылыққа, руханилыққа тәрбиелеуі мүмкін. Көптеген жылдар бойы адамның ішіндегі бұғып жатқан дүние, ақынның бір шығармасымен сыртқа шығуы мүмкін. Ақын бір өлеңімен-ақ адамның өмір бойы кітапқұмарлығын ашуы мүмкін.Білікті де білімді маманмен қоса, тәрбиелі де саналы адам тәрбиелеу басты мақсат. Қара шаңырақтың ізгі бастамасын қолдай отыра, заң факультеті мемлекет пен құқық,конституциялық және әкімшілік құқық теориясы мен тарихы кафедрасының студенттерімен  БҰҰ-ның «Тұрақты даму мақсаттары 4 бағыты» аясында   «100 кітап» жобасының тізіміндегі «Ұшқан ұя» кітабін талқылады. «Ұшқан ұя» романы – Бауыржан Момышұлының мемуарлық шығармасы. Талқылау барысында студенттер кітаптан алған әсерлерімен бөлісіп, өзара ой талқы жүргізді. Батыр бабамыздың балалық шағына саяхат жасады, үлгі алар тұстары мен үйренер дүниелердің мол екенін тілге тиек етті. Шығармадан намысшылдық, турашылдық, ұстамдылық пен ізгіліктің ара жігін ажыратып, қоғам үшін мол мұра екенін түсінді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.