Кудайбергенова Куралай Толеугалиевна,
Астана қаласы әкімдігінің №76
«Әдемі» балабақша әдіскері
Тәрбиені қашанда құнды байлыққа балаған халықпыз. Ал осы жолда ұлттық сипат беру- ұлт болашағын ойлаудан туған даналық. Ұрпақтың дені сау, бойында барлық құндылықтың болуы ұлттық тәрбиемен сусындағанда ғана табылары шындық. Демек, баланың болашағын қалыптастыруда – ұлттық тәрбиенің алар орны ерекше. Ана тілін, тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмей өскен талай жастың адасып жүргені бүгінгі күннің қасіреті…
Өткенге өксімес үшін балабақша қабырғасынан бастап бала тәрбиесіне өз дәрежесінде мән берсек, көшет кезінде баптап түзу өскен ағаштай өз жолын білер ұрпақ өсіп жетілмек.
Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының « Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек. Екінші баланың табиғатын біліп, көңіл-сарайын танитын адам болуы керек, баланың ісіне, түсіне қарап ішкі халінен хабар аларлық болуы керек» деген екен.
Балалық шақ әлемі – мейірімді жүрек әлемі.
Тәрбиедегі басты бағыт: « Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттық болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс».
Тәрбиенің мазмұны – ұлттық тәлім-тәрбие. Өзге халықтар сияқты, қазақ елінің де бала тәрбиесі жөнінде бұрыннан бергі жиып – терген мол тәжірибесі бар. Аға буын өз бойындағы ізеттілік, елін, жерін, Отанын сүю секілді ең асыл қасиеттерін жас ұрпаққа күнделікті тұрмыста үнемі үйретіп, қаны мен жанына сіңіріп келеді.
Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлері мен тағылымдарын оқып ,үйреніп, өнеге тұтпай, болашақ ұрпақты ізгілік пен парасаттылыққа баулу мүмкін емес. Себебі, Л.Толстой айтқандай: «Өткенді жақсы білмейінше, келешекке сапар шегу, айсыз қараңғыда сүрлеу, соқпақ іздеп, адасумен пара-пар» деген.
М.Калинин: «Тәрбие дегеніміз – тәрбиеші қалаған жақсы қасиеттерді тәрбиеленушінің бойына егу үшін оның психологиясына мақсатты да жүйелі түрде ықпал жасау» — деп көрсеткен болатын.
Баланың рухани дүниесіне көтерілуі дегеніміз – баланың дүниеге келген күннен бастап, оның дүниетанымын ақыл-оймен, жүрекпен тану. Халқымыздың әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін әрбір ата- ана салт- дәстүр, әдет- ғұрыптарды терең білумен қатар, рухани бай,жаны таза адам болуы шарт. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез- құлқы жетілген саналы адам қалыптасады.
Өйткені, бала біздің болашағымыз, жалғастырушы ізіміз. Алға қояр мақсатымыз – сапалы білім мен саналы тәрбие бере отырып, өркениетті, адамгершілігі мол, өзге елдермен тең дәрежеде бәсекелесе алатын, өрелі, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Олай болса біздің мақсатымыз бен міндетіміз айқын. Сондықтан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ата-ана мен тәрбиешілер бірігіп, еліміздің болашағы үшін жұмыс жасайық. Баланың тәрбиесі – болашақтың тәрбиесі. Елдің ертеңгі іргетасын қалайтындарда бүгінгі ұрпақ екенін ұмытпайық.