Чинбаева Жансая Сериковна
Астана қаласы әкімдігінің
№82 «Айару» балабақшасының тәрбиешісі
Тәрбиеші болу – бір бақыт
Неге мен тәрбиеші мамандығын таңдадым? Бұл сұраққа жауап берер болсам мен үшін бұл жай ғана мамандық немесе жұмыс емес. Бұл жанымның жайы, өмірімнің салты. Бүгінгі күні өзімді бақытты адаммын деп есептеймін, өйткені мен бар білімімді кішкентай бүлдіршіндерге арнадым. Тәрбиеші — саф таза бала жанын түсіне білетін, ортаға бейімдеп әр баланы өмірге жетелеп, жақсы көріп, еркелігін көтере білетін жан. Ұстамдылыққа, ептілікке, биік мақсаттарға тәрбиелеу жолында талмай еңбек етуші. Мен балаларды жанымдай жақсы көремін. Өйткені бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, ренжісе шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты сүймейді, не айтса да әділ, шындықты айтады.
Әр бала өзінше бір әлем… Жаны жақсылыққа құмар, арманшыл… Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс — бұлтарысы көп кедергілерден сүрінбей өтуге даярлап, қанаты қайрылмастай етіп тәрбиелеуде емес пе?! Әр күні балабақшада бөбектерді көргенде шексіз қуанамын. Балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, тәтті қылықтарымен, күлімсіреп, еркелей алдымнан шығып «Сәлеметсіз бе, қайырлы таң, апай!» деген сөздерін естігенде бойым бір серпіліп қалғандай болады. Осы бір «Періштелер әлемінің теңізіне» бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді.
Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала еш нәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым – қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан – тәнімен сендіреді.
Әрбір оқу қызметіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш уақытта есімнен шығармаймын. Оқу қызметтерім осы жас бүлдіршіндер үшін өз құпиясын ашқан сыр сандықтай болса, өзім сол тылсымы мол жұмбақ әлемнің сиқыршыдай боламын. Сөйтіп, әр күннің сәтті шығуы өзіме байланысты.
Жұмыс барысында мен мектепке дейінгі балалардың көңіл-күйін анықтап, психологиялық мотивтерді туындатып, жағымды мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруды да көздеймін. Психологиялық жаттығулар әр баланы үлкендермен және достарымен қарым-қатынастың мәдениетіне тәрбиелеп, өз пікірлерін айтып жеткізе білуге көмек береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл-ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді.
Қазақстанымда адал, Отанын жақсы көретін, қорғаушы болатын саналы ұрпақтың тәлім тәрбиесі жолында жұмыс жасағым келеді. Әріптестеріммен бірге ертеңгі елім дейді ұл қыздарымызды тәрбиелеуге үлес қосып жергенім бір бақыт.