Оқу жылы… Төртінші тоқсан… Мектептен сыңғырлаған қоңырау үні мен асыр салған шәкірт үні естілмейтін өзгеше тоқсан. Төтенше жағдайдағы тоқсанның бұрынғыдан өзгешелеу болып тұрғаны – балалар үйлерінде отырып, қашықтан білім алуға көшті.Қашықтықтан оқытудың бір тетігі – теледидар арқылы білім беру. Осы орайда «Балапан», «Ел арна» телеарналары кесте бойынша телесабақтар беруде. Бұл жөнінде А.Аймағамбетов:«Телесабақтар оқу жоспарына сай əзірленген. Біз жүргізген сауалнаманың қорытындысында ғаламтормен жұмыс істеген балалардың өзі қосымша телесабақтарды қарағанын білдік. Ең бастысы, біз көбірек уайымдаған ауылдық, шалғай жерлердегі оқушылар телесабақтар арқылы уақытылы білім алып отыр. Түске таяу өзім арнайы бірнеше ауылдың мұғалімдерімен, ата-аналарымен хабарластым. Сонда олар телеарнадағы сабақтарға қатысты жағымды ой-пікірлерін жеткізді. Бұл біз үшін аса маңызды» – деді. Министрдің мəлімдеуінше, барлық білім басқармалары мен білім бөлімдеріне, сонымен қатар мұғалімдерге қашықтан оқытудың ұсынымыжолданған. Онда мұғалім қашықтан оқыту процесін ұйымдастыру барлық мектеп үшін қатаң бекітілген дəстүрлі кесте бойынша емес, икемді, жеке кестеге сай өтетіні; бір пəн бойынша сабақтың ұзақтығы көрсетілмейтіні, бұл білім алушылардың оқу мақсаттарына қол жеткізуіне жəне тапсырмаларды орындауына байланысты болатыны; телесабақтарды кез келген ыңғайлы уақытта BilimLand платформасынан, youtube арналарынан қайтадан көре алатыны; əр күнге оқу тапсырмасын алу əдістері мен құралдары жəне оларды білім алушыға ыңғайлы уақытта орындау; электронды күнделікке сабаққа қатысу туралы ақпарат енгізілмейтіні, қашықтан өткізілетін сабақтар ата-аналардың қолдауын жəне қатысуын, білім алушының тапсырмаларды өздігінен орындауын талап ететіні туралы ата-аналарды хабардар ету керектігі жазылған. Осыған қоса ата-аналардан білім алушылардың тапсырмаларды орындауын фото, бейне арқылы растауын талап етуге болмайтынын, оқу тапсырмаларының көлемі Білім жəне ғылым министрлігі ұсынған көлемнен аспауы тиіс екенін жəне мұғалімдердің журнал толтырудан өзге қосымша есеп беруге міндеттелмейтінін ескертті.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұлт басына осындай қиын сынақ түсіп тұрғанда «ұстаз- оқушы- ата-ана» үштігі жаңа оқу түрін түсініп, Мемлекет басшысының уəжі мен талабына құлақ асып, тəртіпке саналы түрде бой ұсынып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, аты жаман дертті аман-есен еңсеруді ойлайық!Күрестің ең тиімді əрітөте жолы – үйден шықпау! Ақын Сабыр Адай «Əр қазақ- менің жалғызым» деп жырлағандай, ат төбеліндей ғана, бір шөкім жұртпыз! Аман болайық! Білім кемесінде ұстаз бен шәкірт жүздесетін күнге аман-есен жетейік!
Аманшаева Аккумыс Жумабаевна
Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
Қызылтөбе селосы
«№2 жалпы білім беру орта мектебі»КММ