Home » Мақалалар » «Адам ағашы» (Павловния) 

«Адам ағашы» (Павловния) 

Мен үшін де адам мен табиғат егіз ұғым. Адамдардың өмірі тікелей табиғатпен байланысты. Мысалы, ауа, су, жасыл өсімдіктер болмаса адамдар өмір сүре алмас еді. Жер-ананың да адам үшін атқарар қызметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр мезгілдердің кезектесіп келіп отыруы да адамның күн көруі үшін қолайлы. Қыстың ақ мамық қары көктемде еріп жерге сіңеді. Жер-анаға нәр береді. Жерге адамдар егін егіп, ағаш отырғызып, бау-бақша салып, күзде оның жемісін көреді. Біз де Жезқазған қаласы, Балалар мен жасөспірімдер сарайының «Жас эколог» үйірмесінің тәрбиеленушілері қаламыздың гүлденуі мен экологиялық тазаруына өз үлесімізді қосуды мақсат етіп, Павловния ағашының ерекшелігін естіп, арнайы тапсырыспен тұқымын алдыртып, 100 түп павловния ағашын отырғыздық. Бүгінгі таңда өз нәтижесін беруде.

Павловния суды өте жақсы көреді. Су ішкен сайын бойы өседі. Әрі жапырағы да үлкен болады. Саясы да жақсы болады екен. Одан кейін гүл шашады. Ауыл-аймақтан бастап, қаланы көгалдандыру үшін таптырмайтын ағаш. 5-6 апта бойы гүлдеп, айналасына көрік сыйлайды. Тез өседі, көп жерге бейімді. Құрт-құмырсқаға өзі тойтарыс бере алады. Жылына 5 метрге дейін өседі. 5-6 жылда 25 метр болады. Бойы өсіп болғасын жайылады. Павловнияның тағы бір ерекшелігі, басқа ағаштарға қарағанда оттегіні бірнеше есеге көп бөледі. Әсіресе, таза ауа тапшы қалалы жерде экологияға да пайдасы зор. Демек, бұл ағаш бір шетінен экологияны жақсартса, екіншіден шаһарға көрік беріп, көлеңкесі көпке сая бола алады. Осы ағашты қаламызда көптеп отырғыссақ деген арман мақсат бар.

Әр адамға өзінің туған жері – жер жәннаты. Өскен жерге, туған жерге не жетсін, шіркін! Топырағы, тау-тасы, өзен-суы, шалғын шөбі – бәрі-бәрі ерекше ыстық болып тұрады. Алыс кетсең, сағынасың, тез оралғың келіп тұрады. «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген мәтелде үлкен мән жатыр. Алтын бесік құт мекеніне қандай жер тең келсін! Әрбір тасы ыстық болады да тұрады.

Негізі адам өз туған жеріне тартады. Таулы өлкенің адамдары тау сияқты биікті сүйсе, жазық даланың адамдарының мінезі де жазық, жайдары келеді. Адам өз жеріне бейімделіп ержетеді.

Бәріміз табиғатты аялауға міндеттіміз. Оны қорғап, оған сүйсіну – зор мақтаныш. Маған қазір сол дәстүр жоғалып бара жатырған секілді. Қазір адамдар табиғатты көп ластайды. Табиғатқа зиян келтіреді.

Адам мен табиғат әрқашан да егіз. Табиғатты қорғаушың, асыраушың деуге болады. Ата-бабамыз «Жер-қазына, су-алтын, мал-байлық» деп өсиет айтып келгені тегін емес. Табиғат, Жер Ана, Отан, Туған жер, Атамекен деген құлаққа жылы естіліп, жүрекке шаттық сезім ұялататын ұлы да қасиетт, бір-бірімен мағыналық мазмұны бай сөздер. Табиғат пен Жер ананы сүйе білу, оны аялау адамның азаматтық бұрышы. Табиғат – бүкіл тіршілік атаулының алтын ұясы және аялы бесігі, құтты қонысы мен өсіп-өнер мекені.

Табиғатсыз адамның күні жоқ, Оны айтуға табиғаттың тілі жоқ деп айтқандай туған жерімізді, атамекенімізді қастерлеп құрметтейік, көзіміздің қарашығындай сақтай білейік.

Табиғат – күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя бесігі, құт-берекесі. Ал адам үшін табиғат ең қасиетті де, қастерлі ұғым.

Қорыта келе, тағдырымыз табиғатпен бірге жасаған соң, оны мәңгі аялау керек. Оны сүю, оған құрметпен қарау – адамдардың парызы. Мен де үлкен болғанда өз туған жерімнің мәртебесін көтеріп, оны көркейтуге еңбек етемін. Туған жерлеріңді – тағдырларыңды аялаңдар, адамдар!

                   Жезқазған қаласы
Балалар мен жасөспірімдер сарайының
тәрбиеленушісі
Рахимберлина Ақниет

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.