Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№ 12 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі
Қожабай Салтанат Маратқызы
Елімізде «COVID-19» індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Осыған орай мұғалімдер төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыта бастады. Оған мұғалімдер тыңғылықты дайындалып, сабақты жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда қашықтықтан оқытудың үшінші аптасы жүргізілуде.
Төртінші тоқсан басталысымен онлайн сабақтар «Балапан» және «Ел Арна» телеарналарында 1-11 сынып оқушыларына аптасына бес күн сабақтар жүргізілуде. Онда бейнесабақтар кестеге сай көрсетіледі. Берілген бейнесабақтарда толық түсіндіру жұмыстары жасалған. Мұғалімдер және оқушылар үшін ресурстарды пайдалану бойынша біраз видеодәрістер әзірленген.
Көптеген ғалымдар қашықтықтан оқытуға анықтама берген сол анықтамаларды саралай келе «Қашықтықтан оқыту – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу формасы. Қашықтықтан оқыту ұғымын кең мағынада алсақ, бұл – оқытушылар мен тыңдаушылардың бір-бірінен кеңістікте алыстатылған оқу формасы» деген анықтамаға тоқталдым. Ендеше төменде, сіздермен қашықтықтан оқытуға арналған бағдарламалармен қалай жұмыс жүргізуге болатынын бөлісейін.
- «Bilimland» бағдарламасы
Бұл бағдарламаны компьютер арқылы қолдану тиімді. Аталған жүйеде барлық пәндер бойынша жеке тақырыпшаларға бейнематериалдар, тесттер, деңгейлік тапсырмалар және әлемдегі қызықты деректерді таба аласыз. Оқушыларға сабақты қашықтықтан оқуда тиімді бағдарламалардың бірі. Мектеп бағдарламасы бойынша жасалған 40 000-нан астам интерактивті сабаққа жол ашады, сонымен қоса мұғалімдерге арналған мыңдаған көрнекі құрал ұсынады. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жұмыс істейді. Жаратылыстану пәндері бойынша әлемдегі ең үздік виртуалды зертхананы пайдалануға мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Бұл бағдарлама өзіңізге ыңғайлы жерде және қолайлы уақытта оқуға мүмкіндік береді.
- Google Classroom қосымшасы
Бұл қосымша компьютермен де, ұялы телефонмен де кіруге ыңғайлы. Ұялы телефон үшін алдын ала бағдарламасын жүктеп алу қажет. Мұғалімдер де, оқушылар да gmail пошта арқылы тіркелу қажет. Мұғалім ретінде тіркелгеннен кейін сіз өз пәніңізге арнап арнайы курс ашу мүмкіндігіне ие боласыз. Әр курстың өзінің КОДЫ болады. Оқушылар курсқа сол код арқылы тіркеле алады. Оқушыларға тапсырмаларды тест түрінде, бейнематериал немесе презентация түрінде ұсынуға болады. Әр тапсырма бағалау критерийлерін енгізе аласыз. Оқушылардан жұмысын жібергенде сізге хабарлама келеді және олар бір-бірінің жұмыстарын көре алмайды. Сонымен қатар оқушылардан келген файлдардың барлығы Google Дискте сақталады. Кез келген уақытта қолжетімді болады.
- Telegram және WhatsApp
Иә, бұл – бәрімізге белгілі мессенджер. Барлық оқушының жылдамдығы жоғары ғаламторға шығатын мүмкіндігі жоқ. Бұл орайда месенджерлерді пайдалануға болады. Соның ішінде ең тиімдісі осы Telegram және WhatsApp деп санаймын. Компьютер арқылы да, ұялы телефонмен де кіре аласыз. Мұнда канал (топтар) ашып, оқушыларға сол каналдың (топтың) сілтемесін жіберуге болады. Каналда (топта) күнделікті сабақтарыңызды, тапсырмаларды жариялап отырасыз. Бір пайдасы оқушылар мұндай жаза алмайды, тек бақылап, көріп отыра алады. Ал сұрақтарын жеке хат арқылы жолдайды. Сонымен бірге қысқаша сауалнама ұйымдастыруға да болады.
Қорыта келгенде, қашықтықтан оқыту әрбір мұғалімнің біліктілігін көтереді. Оқушылардың өз бетімен білім алуын қалыптастырады, ата-аналардың қазіргі заманғы жаңа технологияларға деген көзқарастарын өзгертеді. Барлық оқытушыларға аталған бағдарламаларды қашықтықтан оқытуда пайдалана отырып, жоғары білім алуға және жақсы нәтижелерге қол жеткізуге шақырамыз. Еліміз үшін бұл да бір жаңа белес, жаңа шың деп білемін!