Абай шығармаларындағы педагогикалық иірімдер жиі ұшырасатын ұғым. Себебі, біршама өлеңдері мен қара сөздерінде ғылым мен білімге бет бұрудың маңызын мәйектеп, пайдасына кенелудің ұшан теңіз тартуы бар екенін насихат етеді. Жалпы ізденісінің көрінісін шығармаларында беріп отырады. Абай шығыс пен батыс, араб-парсы жұртының рухани нәрімен сусындап, мұқабалы жазбаларына көңіл қойып, руханият биігінен зерделегенін шығармашылық астарынан аңғарамыз.«Жасымда ғылым бар деп ескермедiм», «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге» сынды өлеңдері ғылым мен білімге субъективті адами көзқарастары мен ақындық таным көкжиегінде шуақтаған шұғылалы ойлы шумақтарында тізбектеп өтеді.
«Жасымда ғылым бар деп ескермедiм,
Пайдасын көре тұра тексермедiм
Ержеткен соң түспедi уысыма,
Қолымды мезгiлiнен кеш сермедiм» деген жолдардан тұратын әйгілі өлеңінен-ақ Абайдың ғылым мен білімге ұмтылған ынтасының қандай герцте естіліп тұрғаны. Жас буынға жас күндердің уақытын ғылым мен білімге инвестициялап, бар зейін мен пейілді оқу ізденіске бұрудың жас категориясына дейін айқындап беріп тұр. Бұл тұжырымның қазақ арасына насихат етіп, сол кездері дала аймақтарында ашылып жатқан мектептерге балаларыңды беріңдер деген нышанды ойы еді. Қазақы мектептің атасы Ыбырай мен бір заманда бір аспанның астында бір оймен ғұмыр кешкен алыптың тұжырымы, өз замандасының атқарып жатқан үлкен істеріне қолдау әрі қазақты сауаттандыруды ерте жастан қалыптастырудың маңызын маржандап, тізбектеп жазып тұр. Қазақта «қартайғанда оқып, ояз боласың ба?» деген мәтелге айналған тіркесінің өзі Абай өлеңінің құнды ойын құптап тұрған жоқ па?!
Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көк өрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойын да жоқ олардың
Шариғатқа шаласы
Орыст ілі, жазуы –
Білсем деген таласы.
Прошение жазуға
Тырысар келсе шамасы…
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?.. деп, қазақы жастардың билік үшін, қызмет пен атақ үшін ғана оқып жүргендерін қатты сынайды. Бірді-екілі орысша тіркестерді жазып алып тілмаш пен адвокат болуды ғана көксеген тапал мақсаттарының мәнді емес екендігін, оқу мен білім ол ойлардан әлдеқайда биіктен шарықтайтындығын шамалайды. Қызметке құныққан ата-аналардың балаларын сол арзан атаққа бола шала сауатты қылудың қасіретіне бойлауды меңзейді. Шариғат пен шаруасы жоқ дүние ілімдердің осалдығын тап басып келтіреді.
«Жамандық көрсең нәфритлі,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз.
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз» деген өлең жолдары ғылымның зор ықпалын, ақынның өз пікірі мен ғылым-білімге, оқуға құштарлығының сипатын нұсқап тұрғандай. Мұндағы араб тіркестері ақынның тілдік контекстінің кең екендігін аңғартады. Яғни, араб, парсы, шығыс жұртының тілдеріне еркін бойлап, еркін ой қорытып, өлеңге кедергісіз енгізе білуінің өзі Абайдың рухани әлеуетінің тек қана ғылым білімге қызығушылығы ған емес, соны жете меңгере де алғандығын айғақтап-ақ тұр.
«Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық» дегенде өлең жолдары бар екендігі мәлім. Бұл да бір ескеруге тұратын ғибратты ойдың аясындағы ауқымды көрініс. Бақпен патша атану бұрынғы тұқымымен таққа отырудың ғана қалдығы ендігі заманауи үдерістің ықпалы білімге бет бұрған, ғылыми әлеуетінің негізінен тізгін ұстағанның артықшылығын көксейтін жолдар. Яғни, гуманизмге насихат. Адами құндылықтың патша қара деп қана бөлінбей, ғылым мен білімді игерсе соның озатындығына кәміл сенімнің білдірілуі нақты жазылып тұр.
Абай оқу білімнің шырақшысы. Бұл қай қоғамның руханиятының алдында да даусыз тұратын құбылыс. Сондықтан, Абайдың шығармалары оқу білімнің, пайым парасаттың, кемел кісіліктің көрінісі ғана емес, өз жұртын сол нұрлы дүниеге жетелеуші темірқазықта іспетті. Ел призиденті Қ. Тоқаевтың өзі «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайды темірқазыққа теңеп, тіркеске тиек етуі өте заңды тұжырым. Абай оқу мен білімнің тұрақты темірқазығы әрі текті тұрағы деп дөп басып айтқан еді.
Алматы қаласы, Алатау ауданы,
№114 жалпы білім беретін мектеп
директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары
Токталиева Г.Д.