Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№1 жалпы білім беру орта мектебі»КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Абдраимова Маржан Турисбековна
Әлемдегі соңғы болған оқиғалар бүкіл адамзатты дүр сілкіндірді. Коронавирус бойынша карантин енгізілуіне байланысты елдің білім беру жүйесі мен қоғам алдында бұрын соңды болмаған сынақ тұрғанын, қысқа уақыт ішінде қашықтан білім беру форматына көшу керектігін білім министрі А. Айтмағамбетов онлайн-брифингте айтқан болатын. Аз уақыт ішінде мектеп басшылары мен орынбасарлары жедел іс-шаралар жасап, мектеп мұғалімдері мен оқушылардың қашықтықтан білім алу мүмкіндіктерін зерделеді. Әл-ауқаты төмен және ғаламтор желісіне қосылуға мүмкіндігі жоқ оқушыларға техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге қол ұшын соза білді. Арнадан көрсетілетін сабақтың уақытына сәйкестендіре отырып, сабақ кестесін инклюзивті оқушылар мен үйден оқитын оқушылардың мүмкіндіктеріне орай кесте жасақтады. «Шын батыр сын үстінде танылар» демекші ұстаздар қауымы да — төтенше жағдайға байланысты білім беруді қашықтықтан оқыту арқылы жалғастыру үстінде. Техника тетігінің қыр-сырына толық қанықпаған ұстаздар бұл қиындыққа қарамастан алға қарай қадам жасау маңызын сезіне түсті. Білім беру — бұл ел болашағы үшін аса жауапты үрдіс екені мәлім. Сондықтан жауапкершілікті терең сезіне отырып, ұстаздарымыз тағы бір белесті бағындыруға атсалысып та кетті.
Түрлі компьютерлік бағдарламалармен жұмыс жасауды үйреніп, бейнесабақтар әзірлеп, әдістемелік көмектер, әріптестік қолдаулар білдіруде. Нәтижесінде, мектебіміздің ұстаздары бейнесабақ байқауларына қатысып, республикалық байқаудың жеңімпазы атануда. Сапалы сабақтарын «You tube» каналына жүктеп көпшілікке қолжемді етсе, «мектеп еду» білім платформасына материалдарын жүктеп, оқушылардың кері байланыс жасауына жағдай тудыруда. «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана нәрсе емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер»,- деп Ж. Аймауытов айтқандай, мұғалімдер жаңадан жаңаны тауып, ізденістерін арттып жатыр.
Сонымен қатар, ең маңыздысы – оқушылардың қашықтықтан оңтайлы әрі сапалы білім алуы. Білім алушылар қашықтықтан оқыту үрдісіне тосырқаған жоқ, ең алғашқы сынама сабақта-ақ белсенділік танытқан болатын. Олар үшін бұл сабақтар жаңа формат және қызығушылығын тудырған нысан болғандығына куәміз. Әрбір оқушымен жеке жұмыс жасалынып, жұмыстарына қолдау, арнайы бағыт-бағдар беру мүмкіндігі туындады.
Оқушы мен ата-ананың, ата-аналар мен мұғалімнің арасында тығыз қарым –қатынас орнады. Ата-ана балаларының үйінде білім алуына ат салысып, қолайлы жағдай тудырып қана қоймай, қадағалаудың нәтижесінде оқушылар жауапкершілік жүгін сезінді. Ата-аналарымен бірігіп шығармашылық жұмыстармен айналысып, пәнге қатысты көлеңкелі театрмен, қуыршақ театрымен әңгіме, ертегілерді баяндаса, бірқатар оқушылар колөнер бұйымдарын жасап, жұмыстарын желіге жүктеуде. Ата-аналар тарапынан мұғалімдердің еңбегін бағалап, жылы лебіздерін жолдауда. Дегенмен, кей олқылықтар да ішінара бой көрсеткені де шындық. Оқушылардың ата-аналарының қадағалауынан тыс қалған сәтте телефон ойындарына берілуі, тікелей «онлайн» байланыста отырмағандықтан кері байланыстың аздығы аздап көңілге кірбің ұялатады. Бұл тікелей ата-ана жауапкершілігіне байланысты екенін түсініп, қажырлы еңбекпен беріліп отырған мүмкіндікті дұрыс пайданалана білсе, оқу жылын жақсы қорытындылар едік. «Көш жүре түзелер» демекші олқылықтың да алдағы уақытта жойыларына сенеміз.
Бұл уақытша қиындықты да үреймен, қобалжумен емес, білім көкжиегін кеңейтумен, шығармашылық ізденіспен, тағы бір белесті бағындырумен өткізіп жатқан ұстаздар қауымы –«бүгінгі күннің батырлары» дер едім.