Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№ 4 жалпы білім беру орта мектебі»
КММ Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Ерғазиева Дидар Аманқосқызы
Әлем күн сайын жаңарып, түрлі жаңалықтар ашылуда. Бұл өмірдің бізге дайындаған сыйы артып, жаңа жобалар іске асырылуда. Сондықтан әр күнге жаңаша көзқараспен қарауға дайын болу керек деп ойлаймын.
Әлемдегі соңғы болған оқиғалар бүкіл адамзатты дүр сілкіндірді. Еліміздегі мегаполистердің карантинге жабылуы, жұмыстың тоқтауы, қоғамдық шаралардың кейінге шегерілуі – бәрі біздер үшін күтпеген жаңалық болды. Ал, ең үлкен өзгеріс – мектептердің қашықтан оқытуға көшуі еді. Әрине, бұл оқушылар тұрмақ, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де қиындау екені белгілі. Дегенмен, көкейімізде сан түрлі сауал тұрса да, іштегі қорқыныш, үрей, сенімсіздікке қарамастан алға қарай қадам жасау маңызды екенін түсіндік. Өйткені, қашықтан оқыту ерте ме, кеш пе бізге жететіні айтпаса да белгілі. Бұл – уақыт талабы. Осы орайда, «Ақпараттандырылған ғасырда озық технологияның үздік жетістіктерін пайдалану – дамыған елдердің шешімі. Сондықтан еліміз үшін бұл да бір жаңа белес, жаңа шың!» — деп, № 4 мектеп ұжымы болып біз де көшке ілесе кеттік. Орта мектепте оқушы білімінің негізі қаланатын болғандықтан, олар жан-жақты білімді болуы, әлемде болып жатқан өзгерістерден сырт қалмауы үшін, ауқымды желіге қосылу, қажетті ақпараттарды іздеп табуға дағдылануы, ақпараттарды қажеттілігіне қарай қолдана алуды үйренуі тиіс. Әрине, оқушының алдында тұрып сабақ берген мен қашықтан оқытқан екі бөлек дүние. Дегенмен, осындай сын сағатта оқушы білімсіз қалмауы, оқуы тиіс екенін ескере келе, сәуірдің 6-шы жұлдызынан бастап оқушыларға ватсап желісі арқылы сабақ өткізуді жөн көрдім. Оқыту барысында әр оқушының өзіндік қажеттілігін ұғынуына, өзіне қажетті білімді іздене отырып үйренуіне мүмкіндік мол екендігіне көзім жетті. Оқушылар қашықтан оқу арқылы өз білімдерін жетілдіре алады және ақпарат жүйелерін пайдалану мүмкіндігі артады. Бұл оқыту жүйесі көптеген оқушылардың көңілінен шыққаны да байқалады. Сондай-ақ, оқушыларда еліміздің «Балапан» және «Ел арна» телеарналарынан көрсетілген сабақтан өздеріне керекті ақпаратты алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Қашықтан оқыту, әрине, бәрімізге оңай соқпасы анық. Қазіргі уақытта мұғалімдердің де жұмысы көбейгендіктен, бұрын-соңды болмаған білім беру жүйесін қолға алып отырмыз. Осындай сәтте оқушылар мен ата-аналар да түсіністікпен қарап, өз үлестерін қосуы қажет деп санаймын. Сын сағатта үштік одақ бірлескен жағдайда қашықтықтан оқытуды нәтижелі, абыроймен жүзеге асыратынымызға, бұл тығырықтан де аман – есен шығатынымызға сенімім мол.