Павлодар жаңалықтары
ТАЛАБЫҢА НҰР ЖАУСЫН!
Жақында Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Әз Наурыз мерекесіне арналған спорттық би чемпионаты Астана қаласында өтті. Аталған байқауға «Ювенал-1» жас ерекшелігі бойынша Павлодар қаласының №5 жалпы орта білім беру мектебінің 3 «Ә» сынып оқушысы Мұхатан Мансұр қатысып, бағдарламаға сәйкес үш би орындаудан жүлделі І орынды жеңіп алып, қанжығасына байлады.
Бүгінгі марапат Мансұрдың алғашқы жеңісі емес, бұл – оның би өнеріндегі белгілі бір тәжірибені меңгеріп, шыңдала түскенін, бишілік деңгейінің жоғарылай түскенін аңғартқандай.
Мұхатан Мансұр төрт жылдан бері Павлодар қаласындағы облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени ойын-сауық орталығындағы спорттық би үйірмесіне қатысып келеді. Жаттықтырушысы Вегига Татьяна Григорьевна оны ең талантты шәкірттерінің бірі деп санайды. Мансұр елгезек, зейінді, талабы зор, тәрбиелі, шығармашыл жеткіншек. Ол мектепте де үздік оқиды. Мансұр осы төрт жыл ішінде тек І және ІІ орындар бойынша 40 медаль мен соншама Дипломның иегері атанды.
БОЛАЙЫН ДЕГЕН БАЛАНЫҢ БЕТІН ҚАҚПА, БЕЛІН БУ
Наурыз айының соңғы күндері Астана қаласында «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесіне арналған бокстан 2007-2008 2009-2010 2011-2012 2013-2014 жылғы жасөспірімдер арасындағы «Qazaq Arlany» by MToitov бокс клубының ашық республикалық турнирі өтті.
Турнир жас спортшылардың спорттық шеберлігі мен дәрежесін арттыру, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу мақсатында өткізілді. Сайыста Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 220 боксшы бақ сынасты.
Павлодар қаласынан «Жігер» жасөспірімдер спорт клубының кәсіби жаттықтырушысы Жаменкенов Ертай Хайруллинович баулитын жеті боксшы қатысты. Олар бір алтын, бес күміс және бір қола медальдарын жеңіп алды.
Жүлделі І орынға Жамбербаев Алмаз (6 сынып оқушысы, №19 ЖОББМ), ІІ орынға Жакипов Дамир (7 сынып оқушысы, №19 ЖОББМ), Баймурат Султан (4 сынып оқушысы, №27 ЖОББМ), Оразбай Азамат (4 сынып оқушысы, №40 ЖОББМ), Ерболат Дархан (3 «Ә» сынып оқушысы, №5 ЖОББМ), Жусупов Алишер (2 сынып оқушысы, №37 ЖОББМ) және ІІІ орынға Қабыш Нұрсұлтан (4 сынып оқушысы, №5 ЖОББМ) орындарға ие болып, Дипломдармен марапатталды.
Жеті боксшының алтауы үш жылдан астам уақыттан бері «Сауран» жасөспірімдер спорт клубында жаттығып келеді. Тек араларында Ерболат Дархан ғана өткен жылдың қыркүйек айынан бастап қатарға қосылған. Алайда жас жүлдегердің қарымы мықты, бағындырар асулары әлі де алда, демекпіз.
МАТЕМАТИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Биыл наурыз айының 28-30 аралығында Алматы қаласында
Қазақстандық ұлттық Ұйымдастыру комитеті ұйымдастыруымен, Леонард Эйлер олимпиадасы өз мәресіне жетті.
Олимпиаданың мақсаты: оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру, математикалық білім беруді дамыту, бәсекеге қабілетті жас математиктер қатарын көбейту болды.
Сайыста 8 сынып оқушыларымен қатар 8 сыныпқа арналған тапсырмаларды орындай алатын кіші сынып оқушыларын да қатыстыру қарастырылған.
Олимпиада үш кезең бойынша (қашықтықтан, аймақтық және қорытынды) бағаланды. Павлодар облысын дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің алты оқушысы және дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының бір оқушысы таныстырды.
Қазылар алқасының шешіміне сәйкес, дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің оқушылары үш жүлделі орынға ие болды.
ІІ дәрежелі дипломмен және 50 000 теңге көлеміндегі Сертификатқа Катунина Юлия ие болды. Ал ІІІ дәрежелі Диплом мен 25 000 теңгелік Сертификат Сәбит Ансар және Шубладзе Юрийге табысталды.
Айта кетейік, Леонард Эйлер атындағы XV Олимпиаданың өңірлік кезеңінің 1 және 2 турлары 2023 жылдың 13 және 14 ақпанында Алматы РФММ базасында өткен болатын.
«ОҚУҒА ҚҰШТАР МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА
Павлодар қаласы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде № 35 ЖОМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын енгізудің әдістемесі мен практикасы» атты қалалық конференциясын өткізді.
Аталмыш жоба 2021-2022 оқу жылынан бастап, қаланың 43 жалпы білім беретін мектептерінің 40 000 мыңнан астам оқушысының қатысуымен жүзеге асуда.
Конференция жұмысына екі жүз жетпістен астам мектеп педагогтері қатыстырылып, гуманитарлық сала (қазақ тілі мен әдебиет, орыс тілі мен әдебиет, ағылшын тілі, тарих), бастауыш сыныптар, жаратылыстану (химия, физика, биология, география, информатика) бойынша алты секцияға бөлініп жұмыс жасады.
Конференцияның пленарлық бөліміне Павлодар қаласы білім беру бөлімі әдістемелік кабинет меңгерушісінің міндетін атқарушы Нұрахметова Шолпан Саменқызы қатысты.
Практикалық бөлімде қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 25 мұғалімінің жұмыс тәжірибесі ұсынылды. Жобаны іске асыру бойынша ұстаздар шеберлік сабақтарымен, жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, коучингтер және театрландырылған қойылымдар көрсетті.
КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Ағымдағы жылдың 29 наурызында Павлодар монтаждау колледжінің педагогтары: М.О.Байгабулов, А.К.Толеуова және И.М.Оспанова кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу мақсатында Тереңкөл ауданына барды.
Ұстаздар тобы аралаған білім орындарының құрамында : Байгунус, Песчан №1, Песчан №2, Песчан арнайы мектеп-интернаты, Тереңкөл №1, Тереңкөл №2, Тереңкөл №3 гимназиясы, Береговая, Жаңабет, Бобров, Чернорецк №1 және Чернорецк №2 жалпы орта білім беру мектептері болды.
9-сынып оқушылары кәсіби бағдар берушілерді мұқият тыңдап, көкейтесті сауалдарын қойып, көптеген маңызды мағлұматтар алды. Мектептерде оқушыларға бейнероликтер көрсетіліп, буклеттер таратылды. Сонымен қатар, арнайы мамандықтар, материалдық-техникалық база, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен олардың болашағы туралы, жас мамандық иелерін жұмысқа орналастыру және т.б. мәселелер жөнінде ақпарат берілді.
«BILIM AINASY» газеті,
Айгүл МОЛДАШ.