Home » Сценарийлер » Ұстаз — ұлы есім

Ұстаз — ұлы есім

Айтжанова Анипа апайды еске алу кеші.

Мақсаты: Бүгінгі ұрпақ ертеңгі насихаттаушы – шәкірттеріміздің өмірден озған құрметті ұстазымыздың өмір дерегімен таныстыру.

Дамытушылық: оқушылардың ұлағатты ұстаз жайлы оқып үйренуде өзіндік дағды қалыптастырып және шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру.

Тәрбиелік: Ұстаздың еңбек жолымен таныстырып, үлгі-өнеге беру. Оқушыларды ұлы ұстаз есімін қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: әдеби монтаж

Тәрбие сағатының әдісі: іздену, әңгімелеу

Көрнекілігі: Айтжанова Анипа апай туралы жинақталған слайд.

Кештің сценарийін жазған: №168 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Муслимова Замира Сейдахметқызы

Мұғалім: Сәлеметсіздер ме құрметті қонақтар, ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі біздің кешіміз Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылының тумасы, ауылымыздың ардақты анасы, ауылымызға және мектебімізге ерен еңбегі сіңген ұлағатты ұстазымыз Айтжанова Анипа апай туралы сөз қозғамақпыз.. Анипа апайымыздың осы мектепте 33 жыл еңбек етіп, ұмытылмас із қалдырған өте салиқалы, абыройлы, адал еңбегінің арқасында біздің ұжымның есінде мәңгі сақталады.

Нұрлы бейнең есте қалар мәңгілік,

Дауысың да құлақта тұр жаңғырып.

Арамызда жоқтығыңды білсек те,

Келетіндей арманменен сан үміт.

Олай болса ұстазымыз, ардақты анамыз Анипа апйымызға арналған кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!

1-жүргізуші: Армысыздар құрметті қонақтар, ұстаздар мен оқушылар! Ұлағатты ұстаз, ардақты анамыз Айтжанова Анипа апайымызды еске алу кешіне қош келдіңіздер!

2-жүргізуші:Ұжымымызда 1988-2021 жылдар аралығында математика-информатика пәнінен сабақ берген, өмірін ұстаздық жолға арнаған, сынып жетекшілік қызметін де атқарып талай шәкіртті тәрбиелеп, алтын ұя мектебінен ұшырды, талай шәкірттерді  білім нәрімен сусындатып, оқушыларды республикалық, облыстық, аудандық олимпиадаларға, сайыстарға  қатыстырып, көптеген жетістіктерге жеткізген апайымыз Айтжанова Анипа Досхожақызының арамыздан өткеніне  3 жыл уақыт болыпты.

1-жүргізуші:

Қиындығы да қызығы да жетерлік ең бастысы – жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Сондықтан басқа мамандық иелерінің баршасы да ұстаздарға борыштар деп ойлаймын.

2-жүргізуші:

Осындай ұлы тұлға есімі ауылымызға ауданымызға кең танылған мектебіміздің математика және информатика пәнінің мұғалімі, өз ісінің озық қызметкері болған Айтжанова Анипа апайымыз туралы қанша сөз қозғасақ та орынды.

1-жүргізуші:

Данышпан да, дана да оқып сенен,

Атақ даңқын асырды бар әлемнен

«Ұстаз»деген аяулы, асыл жанды

Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең

2-жүргізуші

Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің  кетпес далаға

Ұстаздық еткен жалықпас

Үйретуден  балаға – деп Абай атамыз айтқандай «Ұстаз деген Ұлы есім»

1-жүргізуші:

Біреудің табиғаты  — ұстаз, біреудің кәсібі – ұстаздық. Алғашқысы туа бітті ұстаз, соңғысы жүре келе қалыптасатын ұстаз.

2-жүргізуші:

Анипа апай туа бітті мейіріммен жаралғандай шынайы ұстаз. Ұстаздықтың бір өлшемі жүрек гүлі мейірім болса, екінші өлшемі адалдық. Адалдығы жоқ адам ұстаз емес, ұстаз атын жамылған әлдекім.

1-жүргізуші:

Ал біздің ұстаз Анипа Досқожақызы шәкірт алдында адал, өзіне де өзгеге де әділ бола білген ұстаз.

Ән: Әріпхан Аида. «Мың алғыс саған ұстазым!»

2-жүргізуші: Осы кешті ұйымдастырып отырған №168 орта мектеп ұжымы. Ендігі сөзді мектебіміздің директоры Турсынов Насыр ағай мен кәсіподақ ұйымының жетекшісі Төлегенова Мадина апайға береміз.

2-жүргізуші: Осы кешті ұйымдастыру барысында Анипа апайымыздың қызы Зинара Ерланқызынан анасы туралы сұхбат беруін сұраған болатынбыз. Зинара Ерланқызының анасына жазған өмір дерегі

Видео көрінеді.

Оқитын Мұхтархан Қарақат

Анамның өмірбаяны

Айтжанова Анипа Досхожақызы Өзбекстан республикасы, Ташкент  облысы, Орта шыршық ауданы, Ақын Бабаев елді мекенінде  1966 жылы — қарапайым отбасында дүниеге келген. Анамыздың туылғанына екі ай толған кезде, атамыз бен апамыз Қазақстанға қоныс аударған.

Әкесі — Досхожа атамыз қолынан іс келетін, нағыз еңбекқор, таңның атысы мен күннің батысына дейін талмай еңбек ететін, адамдығы мен адалдығы тоғысқан диқаншы болған.

Анасы Бибіқадиша (Әндиша) апамыз от тілді орақ ауызды, әйел болса да бір сөзді, бала тәрбиесін бірінші орынға қойып, бүкіл ғұмырын балаларының бақытына арнап, үй шаруасымен айналысқан асыл ана болған.

Ол заманда оқу, сызу деген жоқтың қасы.

Досхожа атамыз бен Әндиша апамыз заман ағымына сай өзіміз оқымадық, енді 6 ұл — қызымызды оқытайық!-деп бір-біріне серт беріпті.

Сол заманда бір-біріне серт берген нағашы атам мен апамның армандары орындалып, ұл-қыздары үміттерін ақтады.

Анамыздың ағалары мен әпкелерінің айтуы бойынша анамыз бала кезінде сабырлы, ұстамды, зерек, тіл алғыш бала болған екен.

Бауырларымен ауызбіршілігі жарасқан, бауырмал, ақ көңіл, жаны жайсаң жан болды.

Кішкентай кезінен көп оқиды екен. Отырса да, тұрса да қолынан кітабы  түспейтін!- деп, бауырлары еске алады. Анамыз  мектеп  қабырғасын “өте жақсы” деген бағамен аяқтап, Қазақстандағы білімі жоғары, рейтингі әлемдік деңгейдегі үздік университет Алматы қаласында орналасқан Киров атындағы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің “Прикладная математика”, Механико-математический факультетіне өз күшімен, білімімен оқуға түскен.

Ол факультетке жылына 150  бала оқуға түссе, 5 жылдың ішінде қаншамасы оқи алмай, соңына дейін аяқтап, қолына дипломдарын алатындары 30 бала болған.

Өйткені,  ол факультет өте қиын болатын. Қазіргі РФМШ, түрлі зияткерлік мектептерден  барған бай-бағландардың балаларымен  иық тіресіп, кішкентай ауылдың қарапайым ғана отбасынан шығып, қатарының алды болған Анипа анамыздың тұлға болуына Досхожа атамыз бен Әндиша апамыздың үлесі зор.

⠀Жастық шағы мен студенттік кездерін күлімдеп еске алатын анамның асыл бейнесі, жарқын жүзі, жылы сөзі, күлімдеген көзі көз алдымызда мәңгі сақталады. Жастық шағымда “Желтоқсан” көтерілісін де көрдім. Қыздармен бірге алаңға шығып, патриот болдым деп айтып отыратын.

Анамыз университеттегі сабақтардың қиындығына   мойымай, оқу орнын 1988 жылы “өте жақсы” деген бағамен аяқтаған.

Апамыз бен атамыз балалардың сабағын қатты қадағалап, көздері  ашық, көкірегі ояу болсын !-деп білімді болуына тікелей ықпал жасаған ардақты жандар.

Анамыз ауылдағы 168 мектепті “өте жақсы” деген бағамен оқып, емтихан кезінде сүрінбей өткен кездерін Бектас атам — (әкемнің әкесі) ол кезде мектептің директоры болған. Атам сол кезде: шіркін, маған осындай білімді, саналы, ақылды, ұрпағымның ұлылығын сақтайтын текті келін бұйырса екен !- деп тілеген екен. (Атамның естеліктерінен түйгенім): Бектас атамыз Анипа Досхожаевна деп анамды ерекше жақсы көріп, қызындай құрметтеген. Анам мен әкем Ерлан Бектасұлы екеуі сыныптас, парталас болған.

Анашым оқу бітіретін жылы атамыз КазГУ ге барып, анамның диплом алу рәсімінде құттықтап, игі тілектерін айтып, іштей  осы қыз келінім болсын !- деп тілеген екен.

Бектас атам Алматыдан ауылға келе сала, әкеме осы қызды аласың, мені тыңдап осы қызға үйленсең, екі дүниеде разымын деген екен.

Ерлан әкеміз де ол кезде анамызға  ғашық, әкеме қалай айтамын деп жүрген кезі екен. Лүпілдеген жүрекке әкесінің сөзі майдай жағып, анамды алып келуге Алматыға барады. Алланың қалауымен, жастардың таңдауымен, тағдырдың  тартуымен анамыз бен әкеміз 1988 жылы бас қосып, отау құрады. Сол жылы ауылдағы 168 мектепке жұмысқа тұрады. Мектепте үлгілі ұстаз атанды. Жетістіктері мен білім саласындағы ізгі жолы баршаңызға аян.

1989 жылы 18 тамызда тұңғыш қызы (мені) Зинара, 1991  жылы 22 қарашада Гүлфайруз, 1993 жылы 28 қыркүйекте Ақбота, 1996 жылы 9 мамырда Әмина, 1998 жылы 8 шілдеде Зұлпыхар бауырларымды дүниеге әкеледі.

Анамыздың бойындағы адалдық пен байсалдылық көпке үлгі болатын. Отбасымызда әкем домбыра тартып, ән салып, анашым да қосылып ән айтып көңілді жүретін. Бізге ешқашан да ауыр сөйлемеген,

Жүрегі нәзік, біздің көңіліміз үшін қолдан келгенше барлығын жасауға тырысатын.

Оқып, білім алу ешқашан кеш емес, оқыңдар !- деп көп айтатын. Барлығымыз жоғары оқу орнында оқып, білім алдық. Біздің жеткен жетістік болса әуелі Алла одан кейін әкеміз бен анамыздың еңбегі деп білемін.

Анамыз математика мен информатика  ғана емес шет тілдерін де жақсы меңгерген жан болатын. Талант қай кезде де талант деген сөз анамызға арналғандай.

Биікке шықсақ, жетістікке жетсек  әкеміздің қанымен, анамыздың сүтімен дарыған!- деп шүкірлік етеміз. 2021 жылы Әкеміз бен анамыз жарық  дүниеде жалындай жанар шағында екеуі де мәңгілік мекеніне аттанды. Жандары жаннатта болсын деп тілейміз!

Анамыздың  ұстаздық ғұмырына бір сәтке болса да шолу жасап, естеліктермен бөлісуді жөн санаған мектеп ұжымына алғысымды білдіремін.

Құрметпен : Зинара Ерланқызы

2-жүргізуші: Сонымен қатар студенттік өмірінен естелік іздеген болатынбыз. Ол туралы естелікті студенттік өмірді бірге өткізген жақын құрбысы қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы «Болашақ » университетінің мұғалімі Мариам апайымыздың эпизодын қабыл алыңыздар.

1-жүргізуші: Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да ұстаздан білім алған.

2- жүргізуші:

Ұстазсыз Сіз жүректерге гүл еккен,

Адалдықты көкіректе түлеткен.

Сіздің биік рухыңызға бас иіп,

Еске аламыз сағынышты жүрекпен

1-жүргізуші:

Амал не, жоқсыз бүгін ортамызда,

Сағындық ұстаз сізді баршамыз да

Жан – ана ұл –қызыңның тірегі едің,

Тірі болсаң жарқылдап жүрер едің

Болмасаң да бүгін біздің жанымызда

Айтқан сөзің, тәтті күлкің жадымызда

2-жүргізуші:  Алып анадан туады демекші, Анипа апайдың ұл-қыздары да қазіргі уақытта әрқайсысы өз орындарын тауып, барлығы жоғары білімді, әр саланың нағыз маман иесі атанып, қызмет жасауда. Үлкен қызы Исмайлова Зинара Ерланқызы Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені «Жібек жолы» телеарнасы: журналист, Спец тех-контроля. Екінші қызы Исмайлова Гүлфайруз Ерланқызы №224 Өзгент орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі «Креативті ұстаз» авторлық бағдарламасының негізін қалаушы. үшінщі қызы Бектасова Ақбота Ерланқызы Түркістан қаласында орналасқан көпсалалыиндустриалды-техникалық қызмет көрсету және жөндеу мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы. Төртінші қызы Бектас Әмина Ерланқызы Астана қаласы Ілиас Есенберлин атындағы №67 гимназия мемлекеттік мекемесінде Директордың іс басқарушысы және Бастауыш сынып мұғалімі қызметін жасап жатса, ұлы Бектас Зұлпыхар Ерланұлы қазіргі таңда Америка құрама штатында Телекоммуникация саласында 5G және 5G+ интернетін жасайтын бас маман болып қызмет атқаруда.

1-жүргізуші: Әкесінің де анасының да бойындағы ақындық қасиеті, тәрбиесі осы ұл-қыздарының бойына дарыған. Осының дәлелі ретінде Зинара Ерланқызының әкесі мен анасына арнаған видео арнауын қабыл алыңыздар!

Видео көрсетіледі

ӘКЕМ мен АНАМДЫ еске аламын

Көңілсізбін — жүрмін ана жасып-ай,

Түрлі ойлар түн ұйқымды қашырды-ай.

Әке-Ана өздеріңді аңсаған,

Бір күнім де көрінеді ғасырдай.

Күңіренсем жанарыма жас тұнып,

Сағынышым  бара жатыр асқынып.

Құр сүлдемді көтеремін күнде әрең,

Қойғандай бір қара таспен бастырып.

Жеңіл емес бұл сынақтың жүгі тым,

Ойымдасыз Әке-Ана күні-түн.

Білсем-дағы мәңгі мекендеріңді,

Әке-Ана үзілмейді үмітім?!

Бар көңілім есік жаққа елеңдеп,

Күтеміз-ау күліп, кіріп келер деп.

Еркімнен тыс бағындырар еркіне,

Таңданамын:»Қиял неткен шебер!» — деп.

Әке-Ана, жанымдасыз білемін,

Ұмытпаймыз өткен күндер тізбегін,

Көпшіліктің арасынан кей кезде,

Екеуіңі көрем бе?!- деп іздедім.

Жабырқадым, көніп келем амалсыз,

Амал бар ма ?!-мына жүрек шарасыз.

Мәңгі мекен жарық болсын мәңгілік,

Тек түсімде хаттар легін жазасыз❤️

Өкпемді айтып, еркелеймін мен кімге?!

Жетімдіктің күйін демде  кештім де.

Орнындарың үңірейіп бос қалды-ау,

Толтырмайды, баса алмайды ешкім де.

Өзегіме өкініштен толып мұң,

«Жетім қалдым» деген ойдан қорықтым.

Бұл жалғаннан кетсеңіз де жадымнан,

Жүрегімнен кетпейсіздер соны ұқтым!!!

Келеді Әке, келеді Ана,

Бір  сәт болсын, бір сәт болсын,  Өздеріңмен жолыққым……..

Сағынышпен еске алушы: ұл -қыздарыңыз❤️❤️❤️❤️❤️

Ән: «Рахмет әке». Орындайтын Әділет Талғатұлы

Жетістіктері туралы

1-жүргізуші:

Ол сүйікті жар, аяулы ана,  халық сыйлаған ұлағатты ұстаз  қалпында дүниеден озды. Алайда ұстазымыздың көзі кетсе де артында қалған ұрпақтары мен бауырлары оның атын өшірмеді. Мектебіміздің талай жылдар бойы директор қызметін атқарған Анипа апайымыздың туған бауыры Әсілбек Айтжанов ағамызды және әпкесі Айтжанова Қатира апаны және қайын әпкесі Исмайлова Бақтыгүл апайды ортаға шақырайық.

2-жүргізуші: Айтылған деректермен ғана шектелмей Анипа апайымызбен бірге бірнеше жыл еңбек еткен осы мектепте еңбек сіңірген, қазіргі кезде зейнеткерлікке шыққан ұлағатты ұстаздарымыз Назым апайымыз бен Бибісара апайымызға да сонымен қатар бірге  оқып, жастайынан тай құлындай тебісіп өскен, сыныптастарына сөз берейік.

1- жүргізуші:

Ұстазсыз Сіз жүректерге гүл еккен,

Адалдықты көкіректе түлеткен..

Сіздің биік рухыңызға бас иіп,

Еске аламыз сағынышты жүрекпен– дей келе Анипа апайымызға шәкірттерінің арнаған арнауларын қабыл алыңыздар!

Арнаулар айтылады

Анипа ұстазға арналады.

Оқушы:

Бағбан күтсе ағашын

Жапырақ жаяр мәуелі

Бермесең қалай бағасын

Қастерле оны әуелі

Диқан да жерін сүйеді

Топырағы анасы

Адамзат басын иеді,

Кімнің бар оған таласы?

Ұстазды бірақ бағбанға

Диханға да теңеме

Ұстазға тең жоқ жалғанда

Тұрағы шың төбеде

Ұстаздың жасы нақ өмір

Білімді білгір кемеңгер

Жаны жомарт абзалдың

Адамдық арды сол білер

Оқушы:

Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,
Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.
Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,
Ол өзіңнің орындалған арманың.
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиеті бас иелік мәңгілік!

Оқушы:

Құрайын жібек сөзбен өлең өрнек

Шын мықтының еңбегңн елеген ек

Білімді – ұстаз, білікті – маман болып,

Қызмет еткен жансыз сіз шебер өрлеп.

Әрқашанда ісіңе адал болдың

Жемісін ертеңгі күн көреді ел деп

Сіз секілді ұстаздан үлгі алып,

Ұлтым дейтін ұландар өне бермек

Қазекем құр бекерге айтпаған ғой

Қасқадан қарағайдан төбел өнбек

Күтімі жақсы болған жас шыбықтың

Тамыры қара жерге терең еңбек

Себебі жақсылығы жақсы адамның

Ақ жауындай жабады төбеден кеп

Үйретуден балаға жалықпаған

Білім нәрін бәріне бере бермек

Қайтсе бір күн жемісін береді ғой

Отыз жылда сіңірген ерен еңбек

 

2-жүргізуші:

Ұстазымды мәңгі өлмейтін үлгі дер ем,

Өйткені орны бөлек өзгелерден .

Ұстазым еш жалықпай білім беріп,

Көңілге нұр, өмірлік азық берген

1-жүргізуші:

Амал не, жоқсыз бүгін ортамызда,

Сағындық ұстаз сізді баршамыз да

Жан – ана ұл –қызыңның тірегі едің,

Тірі болсаң жарқылдап жүрер едің

Болмасаң да бүгін біздің жанымызда

Айтқан сөзің, тәтті күлкің жадымызда

Жүргізушілер: Сіздің жарқын бейнеңіз көз алдымызда мәңгі сақталады.

Ән: «Ана»

1-жүргізуші: Құрметті қонақтар көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

 

Дайындаған: Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылы И.Әбдікәрімов атындағы №168 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі: Муслимова Замира Сейдахметқызы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.