Home » Мақалалар » Тәрбие басы –тіл

Тәрбие басы –тіл

Жумина Бахыт Сериковна
Астана қаласы
№ 60 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Тәрбие басы –тіл

Жатқанда елің еркін, азат болып,
Әркімге жүрмеу үшін мазақ болып.
Халқыңның өткенін біл, жұртын таны,
Сен сонда көгересің ҚАЗАҚ болып. 

Адам баласы тәлім-тәрбиесіз, өнер-білімсіз, іс-әрекетсіз өмір сүре алмайды. Ол үшін, ең бірінші, өз тілін білуі қажет. Дүниеге келген нәрестенің құлағына алдымен анасының сөзі естіледі. Сол себептен ана сүтімен баланың қанына тарап, ананың сөзі баланың сезімін оятады. Есейген сайын  тілі шығып, ата-ананың, бүкіл отбасының , халықтың салт-дәстүрін меңгере бастайды. Сүтпен еніп, миға сіңген сол тіл – адам баласының саналы өмірнің аса көрнекті рухани байлығы, адамның адамдық белгілерінің бірі болары анық.

Адамды саналы ойға баулитын да — осы қасиетті ана тілі.  Жас ұрпақ білім мен тәрбиені тіл арқылы алып, мәдениет пен өнерді, ғылым мен техниканы меңгереді. Тіл-ұлт ерекешеліктерінің бірі, ұлт мәдениетінің өзегі. Онда халықтың бар болмысы жатыр. Олай болса, жас ұрпақтың болашағын ойласақ, оларға тіл арқылы тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтатуымыз керек. «Тіл білмеген – түбін білмейді» деген сөз бар.  Адамның дамуы, өсуі тікелей тәрбиенің жетістігіне, адам табиғатына байланысты. Осы орайда ғұлама Жүсіп Баласағұнның мына бір сөздері ойыма оралады:

«Бейбастық қып өсірсе ұлдың қылығын:

Кінәлі – әке, жазығы жоқ ұлының» деген ғибратты ойда  ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі – отбасы өнегесі екенін ескертеді.

Иә, жас ана құрсағына сәби біткеннен бастап онымен тілдесуі керек. Туылғанда бесікке бөлеп, бесік жырын айтуы қажет. Ал бесік жырынсыз өскен баланың жүрегі мейірімге толады деу қисынсыз. Кішкентайынан ана сүтімен бойына дарыған қасиеті мен қазақы тәлімі ұштасса – нағыз текті ұрпағым өсті дей беріңіз. Оның бойына ана тілімізді құрметтеуді сіңіре білсек, бала өскенде мұндай тәлімнен аттап өте алмайды. «Жас шыбықты қалай исең, солай өседі», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, дұрыс білім алуына жағдай жасау – бұл тәрбие. Ана тіліне деген жанашырлық пен сый-құрметтің бастауы – ата-ананың тәрбиесінде. Себебі, ұлт тілінің ұясы – отбасы болып қала бермек.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.