Жастар арасында сәнге айналған сленг атауы ағылшынның «slang, jargon» сөздерінен шыққан. Былайша айтқанда, әлеуметтік диалект. Мағынасы қарап тұрақты сөз тіркесіне теңеуге болады, бірақ бұл сөздер, сөздердің жиынтығы ешқандай фонетикалық және грамматикалық жүйеге бағынбайды. Тек лексикалық мағынаға ие. Әдетте сленгтер өзге тілден енген сөздер не ешбір грамматикалық заңдылықсыз қысқартылған сөздер болып келеді. Ағылшын және орыс тілдерінде сленгтер бұрыннан қолданылатын болса, қазақ тілінде мұндай сөздердің дамуына әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің көптеп қолданылуы серпін берді. Мұны жастар «сәнді сөлеймін» деп мақтаныш көрсе, аға буын «қазақ тілінің шұбарлануы» деп айыптайды. Бұл құбылыс белгілі бір ұлт тілінің жаһандануын тудырып отыр.
Тілдің жаһандануын ғаламтордың дамуы жеделдетсе, желідегі тіл тазалығын бұзатындардың басым бөлігі жастар және жасөспірімдер екені айдан анық.
Лингивистердің зерттеуі бойынша, тілбұзар сөздерді 13-23 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар кеңінен қолданады.
Сабақтарда, оқушылармен бірге ізденіс пен зерделеу барысында, қазақтілді ғаламтордағы тілдік мәселелері, ана тілін бұзатын бөгде тілдің қолданысы анықталды. Олар мынадай:
— сөйлеу кезінде жалпы қолданыстағы сөздерге орысша жалғау жалғап қолданады;
— өз тілімізде баламасы бола тұра, кірме сөздерді шектен тыс көп пайдаланады;
— орыс сөздеріне қазақша қосымша жалғап қолданады;
-тарихи қалыптасқан сөйлемнің орын тәртібін бұзып қолданады;
Жастар бұндай сөздерге өте оңай бейімделеді, әрі оларды кез келген жағдайда қолдана береді.
Кезекті сабағымызда жасөспірімдердің сленг, жаргон сөздерді қолдану себептері талқыланды. Яғни, себептері төмендегідей:
-ерекше әсер қалдыру;
-өзіне сенімділік сезімін беру;
-жаңа, өзгеше болу;
-басқа біреудің түсінбеуі;
-әзіл;
-белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету;
-тілдік қорды байыту.
Тағы бір нәтиже: іздену мен зерттеу нәтижесінде сленг сөздерді жігіттердің 50 пайызы, қыздардың 33 пайызы күнделікті өмірде қолданатындығын білдік.
Нақты айтқанда, жастар ватсабындағы тілдесімдерде, атап айтқанда, мынадай аралас лексика қолданыста:
«Каксың?»- қалайсың? Жағдайың қалай?
«Жиза» – орысша «жизнь», яғни «өмір» деген сөздің қысқарған түрі;
«Изи» – ағылшынша «easy» деген сөзді оқылуы бойынша қолдану, аудармасы «оңай» дегенді білдіреді;
«Краш» – ағылшынның сrush деген сөзінен шыққан. Біреуді сыртынан ұнату, жауапсыз жақсы көру;
«ЛП» – орысша «лучшая подруга» дегеннің қысқарған нұсқасы. МЧ – қыздың кездесіп жүрген жігіті (молодой человек), ЛЧ – сүйікті адам (любимый человек). Қазір мессенджерлерде жиі сөйлесетін болғандықтан, ұзақ жазуға ерініп, сөзді қысқартып жазу — сән;
«Хейт» – біреуді ашықтан — ашық ұнатпау, оның қаншалық жаман, нашар екенін ауызша немесе жазбаша хабарлау;
«Гоу» – ағылшынның «go» деген сөзі, «кеттік» деген мағынада қолданылады. Бұл сленгіні қолданатындар «гоу» дегеннің өзін ұзақ көріп, оны «го» деп жазады;
«Сорян» – «sorry» сөзінің қысқартылған нұсқасы;
«Ауф» – кайф, керемет;
«Рили» – ағылшынның really деген сөзінен шыққан. «Шынымен, расында» деген сөздердің орнына қолданылады;
«Олд» – ағылшынның old (кәрі) деген сөзінен шыққан;
«Инсайд» – ағылшынның inside (ішкі) деген сөзінен шыққан;
«Флекс» (икемді). Ағылшын тілінен «flex» – бүгу, майыстыру;
«Шарить» – бір нәрсені түсінуді білдіреді.
«Ботан» – зерделі адам;
«Тормоз ұстау» – бөгеліп қалу;
«Типаж болу», «блатной» – өзімшіл, өркөкірек;
«Косякқа кіру» – ыңғайсыздыққа тап болу;
«Құлаққа лапша ілу» – өтірік соғу;
«Маяк тастау» – қысқаша қоңырау шалу;
«Шпор жасау» – жауап парағын дайындау;
«Ауру» – адамға маза бермейтін адам;
«Қуғынбай» – артық сөйлеп кеткен, мылжың.
Оқушылар жаһандану заманында жоғарыда аталған бос сөздердің тілімізге залал әкелетін қауіптерін, залалдарын болжамдады, қауіптің алдын алу жолдарын ұсынды, талдады, қарастырды.
Ең маңыздысы: олар ватсап қолданбасындағы жаргон мен сленг сөздерді әдеби тілге ауыстырып, тілдесім мазмұнын сақтай отырып, мәтінді өңдеумен жұмыс жасады. Өз қателіктерін өздері түзеумен шұғылданды.
Ана тілін жаһандандыратын да жастар, жаһанданудан құтқаратын да жасөспірімдер мен жастардың өздері. Мектептің 10-11 сынып оқушыларының қоғамның өзекті мәселелерін сараптауға қабілетті екендігіне, қазақтілді ғаламтордың қиындықтарын анықтап, оны шешудің жолдарын қарастыра алатындығына көзім жетті, ендеше жас буын өкілдерін тілді қадірлеуге, тілдің қоғамдағы беделін арттыру үшін қызмет етуге, қазақша ресурстарды дамытуға үлес қосуға бағыттау қажет.
Қазақты қазақ ететін – оның тілі. Тіл тазалығын, сөйлеу мен жазу мәдениетін, заңдылықтарын сақтау- міндетіміз. Ол міндетті мектеп қабырғасынан бастау керек.
Шымкент қаласы №2 мамандандырылған
үш тілде оқытатын мектеп- интернатының
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Даулетбахова Гульнара Жарасовна