Home » Білім және тарих » Зияткерлік даму – балабақшадан басталу керек

Зияткерлік даму – балабақшадан басталу керек

        Артынып-тартынған бүгінгі «Зияткерлік даму» бағытын қамтитын, білімділер мен өнерлілер көші Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасына қарасты №54 «Нұр-Ай» балабақшасына ат басын тіреді.

Бірнеше күн бұрын уағдаласып, «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші келісілген. «Білім беруді жаңғырту орталығының» ұйымдастыруымен «Табыстылық кластері» аясында бастама бастап, «Зияткерлік даму» бағытында жұмыс жасайтын №54 «Нұр-Ай», №56 «Береке», №75 «Балалық шақ», №76 «Әдемі», №91 «Еңлік» балабақшалар ұжымы қоштап, 2020 жылғы 16 қаңтарда «Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балаларының зияткерлік дамуы» атты Республикалық семинар-практикум өткізуді жоспарлаған болатын. Бүгінгі көш сол келісімнің нәтижесі еді.

Ұйымдастырушылар  Білім беруді жаңғырту орталығы, «Зияткерлік даму» бағытындағы жұмыс жасаған  №54 «Нұр-Ай», №56 «Береке», №75 «Балалық шақ», №76 «Әдемі», №91 «Еңлік» балабақшалар мақсаты – назарға алған мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты жалғастыру болатын. Шараға қонақ ретінде Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскерлері, мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып білім беру мекемелерінің педагогтары, педагогикалық колледж студенттері  қатысты.  Осы тұста арнайы хат жібертіп шақыртқан қонақтарды да тіркегенді жөн көрдім. Мектепке дейінгі балалық шақ республикалық орталығы РММ директоры – Р.Ж.Базарбаева; Нұр-Сұлтан  қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы – Л.М.Разбекова;  Білім беруді жаңғырту орталығының директоры – Г.К.Ибраева;  «Интеллектум» қосымша білім беру орталығының академиялық  директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент – Б.К.Игенбаева;  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент – Н.П.Албытова;  Гуманитарлық колледжінің мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие бөлімінің меңгерушісі – Д.К.Хаменова;  Алматы қаласы, Түріксіб ауданы, №147 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Бейсебенова Гүлайым Жұмабаевна; Қарағанды қаласы білім бөлімінің әдіскері Бугубаева Алмагул Данияровна;  Қарағанды қаласы «Алтынай» КМҚК балабақшасының менгерушісі Серикбаева Ботагөз Серікбайқызы; Қарағанды қаласы  «Шаңырақ» КМҚК балабақшасының меңгерушісі Абдрасилова  Бахыткүл Сартайевна; Нұр-Сұлтан қаласы «Абай» атындағы жекеменшік балабақшасының өкілі Қаржабаева Раушан Тунарханқызы;  Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, №1 «Ақерке» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Қарымсақова Рабиға Көптілеуқызы; ерекше қонақ ретінде алдынғы қатарларға жайғасты.

Күмбірлеген күй болмаса да сыңғырлаған күлкінің дауысы емен жарқын естіліп тұр. «Семинардың бірінші жақсылығы күйбең шаруамен жүріп осындай да бір бірімізді көруге мүмкіншілік туып жатады» — деп мәз болысып, қауқылдасып, риасыз қуаныштарын жасыра алмаған қыз-келіншектер дауысы құлақ диктафонына жазылып қалып жатыр.

    «Нұр-Ай» балабақшасының спорт залына «Зияткерлік дамыту орталығының дидактикалық қызметі» тақырыбында балалар қандай ойыншықтармен ойнайды, не зерттейді, интеллектуалын қалай шыңдайды, кімдердің оқу құралдарын оқиды деген сынды сұрақтарға жауап беру үшін көрме ұйымдастырыпты. Ол жерге қонақтар жекелеп, топпен келіп жұмыстармен танысып, қолдарымен ұстап көріп, суретке түсіп әртүрлі жаңа тәсілдерді қызықтаумен болды.

     Семинардың ашылуы жарқыраған жұлдыздармен басталды. Тас қаранғы музыка залының ортасына қойылған интерактивті тақтаға Айжан Серікбақызының үйретуімен балалар сол жерде жарқыраған жұлдыздардың суреттерін айшықтады.  Екінші бала «Зияткер жұлдыз» — деп жазып үлгерді. Мен де қараңғылықпен жанталасып не жазғанын ұмытып қалмайын дегендей қойын дәптеріме айбақ-сайбақ етіп «Зияткер жұлдыз» деп жазыппын. Салыстырып қарасам бүлдіршіннің жазғаны менікінен әлде қайда әдемі екен. Ішімнен Айжан Серікбайқызы сізге рақмет балаларды тиянақтылыққа үйреткеніңіз үшін деп оймен рахмет те айтып үлгергендей болдым.  Қошемет соғылып ой бөлінді. Балалар ауысып ортаға сахналық қойылым келді. «Не ексең соны орасың» дегендей байсалды, салиқалы, түрлерін өте сабырлы келістірген үш сәби Ақнұр Маратқызының  тәлімгерлігімен ертегі айтуға кірісті.  «Сонау биікте, тұңғиық аспан аясында… «–мен қызыл жұлдызбын – балалардың жүрегіне ерлік ұялатамын», «–мен көк жұлдызбын – балаларға сұлулық пен әсемдік сыйлаймын», «–мен сары жұлдызбын – балаларға ақыл мен сана дарытамын», «–мен жасыл жұлдызбын – балалардың жанына мейірімділік дәнін егемін» жақсылықтан шуақ шашқан ертегіні қонақтарда ұйып тыңдады, тыңдамасқа амал жоқ еді. Бүлдіршіндер өте нәзік, асқан сенімділікпен қойылымға жандарын салып, өздеріне жүктелген тапсырманы шеберлікпен (жылайтын жерінде жылап, күлетін жерінде күліп) жасап шыққан еді.

Шебер сағаттар басталды. Бірлескен бес балабақша беске бөлініп бес жерде өздерінің шеберліктерін көрсетті.

№54 «Нұр-Ай» балабақшасы «Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балаларының зияткерлік дамуы» шеберлік-сағатына Иманбаева Зариякул Мусабаевна модераторлық жасады. Баланы зияткерлік  дамыту жолындағы физикалық, рухани, логикалық, эмоционалды интеллект түрлерін шыңдай келе танымы кең, қоршаған ортаның құбылыстарын зерделей алатын, қиялы дамыған, шығармашылық қабілеті ашылған, білімге құштар, денсаулығы шыңдалған ұрпақ тәрбиелеуде осындай шеберліктерді «Нұр-Ай» балабақшасы күнделікті  атқарып жатқандығын түсіндік.

Дәстүрлі емес кескіндеме техникаларын қолдану арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін эстетикалық дәмді, қиялды қалыптастыру. Түрі, түсі, ырғағы, композициясы, шығармашылық қызметі, сурет салуды қалайтын эстетикалық сезімдерін дамыту. Көп түрлі-түсті әлемнің сұлулығын көруге және түсінуге үйрететін бастаманы  №56 «Береке» балабақшасы «Эмбру әдіс тәсілі» арқылы шеберлік сағатын өткізді.  модераторы Алипбаева Гүлсім Азімжанқызының айтысынша  «Сурет салудың дәстүрлі емес түрімен танысу – эмбру әдісі — деп аталады. Оның міндеті жұмысты аяқтауға, жеке құрамда жұмыс істеуге қабілетті болуға икемдейді. Балаларға объектілер мен олардың қасиеттері туралы нақты ойларды жинақтауға көмектеседі.»

№75 «Балалық шақ» балабақшасы Квик баптау «Педагогикалық кинезиология» сергіту сәтіне арналған жаттығулар кешені. Модераторы Нұрмағанбетова Айман Нұрсейтқызы бірі ауыз сөзбен былай түсіндірді

– «Квик» баптау педагогикалық ұжыммен жұмыс істеудің жаңа интерактивті формасы болып табылады. Квик баптау әдісінде жағымды әсерлерді алу үшін біз аффирмацияны қолданамыз. Квик баптау педагогтың табысты жұмыс істеуіне бағытталған жылдам әсер ететін психологиялық әдістің бірі. Ал мына екінші бағыт. Педагогикалық кинезиология жаттығулары — қозғалғыш жаттығулар арқылы баланың зерделі қабілеттерін дамыту. Ұлттық билерден алынған қимыл-қозғалыстар жаттығулар жиынтығы – деп түсінуге болады.»

№76 «Әдемі» балабақшасы «Заманауи жанашыр тәрбиеші» шеберлік сағатын өткізді – модераторы Ахметова Марал Кулькеновнаны әңгімеге тарттым.

–Ең алдымен заманауи жанашыр тәрбиеші дегеніміз кім, соған тоқталайық. Заманауи жанашыр тәрбиешінің қызметін үш бағытқа бөліп қарастырайық.

  • Алдымен тәрбиешілік қызметінде қайырымды, түсінгіш, сезімтал қасиеттерінің ырғақты болуы;
  • Екіншіден, тіл алмайтын баланың өзінен жақсы қасиет таба білетін және болашағына сенетін тәрбиешілік қиялының болуы;
  • Үшіншіден, тәрбиешілік мамандығына деген өзінің психологиялық қабілетінің, дайындығының болуы.

Мұның барлығын бірауыз сөзбен тәрбиеші деонтологиясы, тәрбиеші парызы деп қарастыруға болады. Тәрбиеші деонтологиясының негізгі бөлшегі – бала. Баланың дамуында, жетілуінде, дені сау ұрпақ болып қалыптасуында тәрбиеші ең алдымен эмоциялық жайлылық пен баланың жан саулығын қалыптастыруы керек. Ал ол үшін бізге өз парызымызға адалдық керек. Бүгінгі шеберлік сағатына мен сіздерге өз тәжірибемізде қолданып жүрген бірнеше ойын әрекеттерін әкелдім.

№91 «Еңлік» балабақшасы «Арт-педагогика арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың эмоционалды интелектісі мен ойлауын дамыту» шеберлік-сағатының модераторы Мусаева Айсұлу Жақсыбекқызы

–Арт педагогика элементтерін қолдану арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық ойлауын – эмоционалды (көңіл келбеті) зияткерлік қабілетін дамыту мақсатында алып отырмыз. Қоршаған ортаның көптеген факторы балалардың  әлеуметтік және мәдени ортада интеллект деңгейінің дамуына зор ықпал етеді деген сенімдемін. Балабақшаның басты факторларының бірі – баланы жан-жақты дамыту болып келеді. Қазіргі уақытта әр педагогтың алдында жаңа қоғамның талаптары қойылған, балалармен жұмыс жасаудың  жаңа қызықты  және шығармашылық тәсілдерін табу міндеттері тұр. Сондықтан балалармен оқу қызметінде осы арт педагогиканың элементтерін қолдана отырып, үйлесімді жан- жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеу және зияткер қабілетін арттыру мақсатын көздеп отырмыз.

Шебер сағаттардың соңын ала бере тәрбиешілер ұйымдастырылған оқу қызметтеріне өтті.

Тыныштық, дыбыссызға қойған қалта телефондай еді. Ұйымдастырылған оқу қызметі кезінде сықырлап ашылған қойын дәптер парақтары мен анда-санда дем алған дауыстар ғана естілді. Қалған уақытта тек тәрбиеші мен бүлдіршіндер кезегімен сөйлескені болмаса. Байқағаным көрермен тек көру, есту үшін емес дәптерлеріне керек жерлерін түртіп, өздерімен алып кеткенді де мақсат еткен сыңайлы. Олай дейтінім көрушіден жазушының саны әлде қайда көп көрінді. Біреулері видеоға түсіріп отырса енді бірі аудиоға жазу шарасында отырды, кейбірі тіпті шұқыңдап дәптерден мойын алмағандай.

      «Мұзбалақ» тақырыбында ұйымдастырылған оқу қызметін  Нуретдинова А.Б өткізді. Бұл ұйымдастырылған  оқу қызметінде баланы ата — анамен, мектеппен қарым-қатынасты орната отырып тілдерін дамыту мақсаты көзделген. Тәрбиеші ата-бабаларымыз бекзат өнерге ұластырған, тек­тілігі мен тегеуріні мықты қы­ран құсты баласындай баулып, алақа­нында ұстаған – саятшылық өнерін ұрпақ санасына құйып дәріптеуді жөн көргендігін назарға алғандай.

     «Зияткер бала биік шыңның иесі» А.И. Жусупбекова, Ж.Б. Балбауова. Балаларға интеллектуалды ойыны арқылы олардың тілін, қызығушылығын арттыру және ой тұжырымдау мен пайымдауларын жетілдіру.  Заман талабына сай әр саладағы білім деңгейін көтеру. Ұлттық мәдениет құндылықтарын бойларына сіңіре отырып, тұлғалық тапқырлығын, шеберлігін, танымдық қабілеттерін айқындау. Ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту. Ұйымшылдыққа, топпен жұмыс істей білуге, шыдамдылыққа тәрбиелеуді мақсат еткендей.

    «Абай атамыздың әлеміне саяхат»  тақырыбында В.Ы. Жакаева  музыка жетекшісі; Қ.Б. Абдиров Музыкалық шығарманы естірту арқылы қиялын, есту, есте сақтау қабілеттерін дамыту, балалардың ертегі мазмұнын жете түсінуі, жағымды қарым-қатынас дағдыларын дамытуға баулу,  өз ойын қиялымен ұштастыра  білуге, өз халқының мәденитін, әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтай білуге тәрбиелеуді көздеген;

      «С дыбысы мен әріпі» Ж.Б. Нұрбекова («С» дыбысы мен әрпін таныту,ол арқылы берілген сөздерді оқу мен жазуға үйрету. Сөздерге дыбыстық талдау жасауға жаттықтыру. Сөздерді буынға бөлгізу.Балалардың тілін дамыту. «С»әрпінің жазба түрімен таныстыру. С дыбысын білдіру арқылы балалардың тіл байлығын, ой-өрісін, ойлау қабілетін, сөздік қорларын, сөйлеу тілін дамыту, ұқыптылыққа, тиянақтылыққа, ұйымшылдылыққа, жинақылыққа, шапшаңдылыққа, сауаттылыққа  тәрбиелеуді көздеген.

«Ғажайып аспан әлеміне саяхат» Абенова Д.А., Парида Алтайқызы, Н. Қайратқызы Балаларға ғарыш әлемі туралы мағлұмат бере отырып,  ойлау қабілеті мен зейінін  дамытуды негізге алған.

      Тәжірибені  жаңашылдықпен бастап, оны өз балабақшаларында өткізіп тиімді тұстарын аудан, қала, облыс, Республикаға таратқанға не жетсін. «Зияткерлік даму» жолдарын әртараптандырып, нормативке келтіріп, стандартқа сәйкестеп, бағдарламаға кіріктіріп, тәсіл – тәкпірді оқытуға әр түрлі құрал жабдықтар дайындап,  соны ел алдына паш ету үшінде қаншама тер, уақыт, мінез сарп етілгені бір өздеріне аян.  Балабақша жұмысының әдістемелігі мен тәрбиесіне жан тәнімен салынып кірісетін, отымен кіріп күлімен шығатын балабақшада тағы бір жанды ұмытып бара жатқандаймыз. Ол әдіскерлер әскері. Әдіскерсіз балабақша тынысын елестету мүмкін емес. Бұл іс шараның басы қасында айтарлықтай әдіскерлер бар  №76 «Әдемі» балабақшасының  әдіскері Әсімжан Сымбат Кайпбекқызы,  №75 «Балалық шақ» балабақшасының  әдіскері  Қалымбетова Жансая Жалдыбайқызы,  №91 «Еңлік» балабақшасының әдіскері  Куркенова Айзат Кайырбекқызы, №56 «Береке» балабақшасының әдіскері  Абдыкаимова Бахытгул Каракойшықызы,  №54 «Нұр-Ай» балабақшасының әдіскерлері  Хамитова Шұға Темиргалиевна мен инновация әдіскері Сыдыкова Рауан Сапарбекқызын атап өткім келді. Жоғарыда айтылған жұмыстардың елуден жоғары пайызы осы кісілердің үлесінде деп білемін.

Қонақтар пікірі:
Интеллектум бойынша білім беру орталығының академиялық директоры п.ғ.к доцент Игенбаева Бижан Құрманғалиқызы   Бұрын біз баланы жан-жақты дамыған дейтін едік. Қазір бізге нақтылап айту керек. Ақыл ойы ерекше, іс-қимылы бөлек, шығармашылық қабілеті дамыған осындай белсенді баланы көз алдымызға елестетумен жүрміз. Бүгінде сондай жағдайда отырмыз. Енді осы жерде мәселе туындайды. Жаңағы өзіміз елестеткен баланы қалай дайындаймыз.  Нормативті ретеп, стондарты жасап, бағдарламаны дайындап педагогтың қолына бердік. Педагогта бәрі бар деп есптейміз. Деседе, мен әлі сол бағдарламаны іске асыратын құрал берген жоқпыз. Осы іс шарадан тәрбиешіге керек құралдарды жаңа көрмеден  көрдім. Енді осы қолданыстағы құралды Респубикаға таратқан болса нұр үстіне нұр болар еді.

      Ата-ана пікірі; Отегенова Айкерим Жаксыкелдиновна
Мен осы жерден көп нәрсе көрдім десем болады. Оларды тек балабақшада ғана емес үйде де қолдануға болатын сияқты.  Менің екі балам бар. Кір жуып, тамақ әзірлегенде оларды көп әрекетке жұмылдыруға болады екен. Әсіресе маған  қатты ұнағаны әйнектің екі жағынан сурет салатын жоба. Осы жерде көргендерімді  үйде қолданамын деп ойлап отырмын.
Ұстаздарға мың алғыс. Ұстаз болу оңай емес оны тек оқып игермейді. Ұстаз болып туылу керек сияқты. Жүрген жерімде ұстаздарды сыйлау керек екенін үнемі айтып жүремін.

     Қарағанды қаласы білім бөлімінің әдіскері Бугубаева Алмагул Данияровна Бүгінгі кластер менің ойымша өтте сәтті, жоғары деңгейде болды. Қазіргі таңда балабақша алдына қойып отырған барлық тендецияны қамтыды. Жаңашылдық, тапқырлық, креативтілік, еркінділік (ерік жігер) Шебер сағаттарды өте керемет орындады. Тәрбиешілер ұйымдастырылған оқу қызметін жақсы көрсетті. Бір сөзбен айтқанда  4К бойынша жақсы жұмыс жасады. Алдарына қойған мақсаттарының барлығын орындап шықты.

Ұйымдастырушылардың атынан №76 мектеп-лицейінің директорының оқу – ісі жөніндегі орынбасары Ташенова Ш.М., осы мектептің бастауыш сынып мұғалімдері Жусупова С.Х., Бакирова З.А., №45 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Смагулова Ж.Ж., №69 мектеп гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Мажитова Н. атты ұстаздарға ықыласпен алғыс айтқандарын «аманатқа қиянат жасамай» жеткізейін

Семинар – практикум соңында Білім беруді жаңғырту орталығының  бөлім басшысы Ақмоншақ Нұртазақызы  орталық атынан Алғыс білдіріп хаттар және сертификаттармен марапаттады.

Қуантай АМАНТАЙҰЛЫ
«BILIM AINASY»
Нұр-Сұлтан қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.