Ұстаздық мамандық – мамандықтың ең асылы, ең қасиеттісі десем артық емес.Ұстаз- жеке тұлғаны тәрбиелеп, қалыптастырудың бағбанымен диканшысы деуге болады. Ұстаз болашақтың алтын көпірі, тірегі мен жүрегі болған өткен ғасырдағы Алаштың ардақты тұлғалары Ахмет, Әлихан т.б. сынды қайраткерлер жол бастап кетсе, сондай тұлғалардың дара жолы бойларына сіңіре білген қазіргі ұстаздарымыздың өзіндік орны мен қызметі ерекше.
Ал, «Ұстазы жақсының –ұстамы жақсы» деп ғажайып дүниенің сырын ашқан, өмірдің қыр-сырын меңгеретін де ұлық тұлға деп бағалаймын. Ендеше ұстаз білімнің отын жағып, бал-шырын нәрін шәкірт бойына сіңірудің интербелсенді әдістерін жетік меңгерген Балымбет Тайып Құрманұлы бізге сынып жетекші болып бойындағы бар қадір-қасиетін, мінездің жайлылығын, білімнің байлығын, адамдық пен адалдықтың жолын үйретті.
Балымбет Тайып Құрманұлы Кызылорда облысы Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылының тумасы. 1966-1976 жылдары Y Түктібаев атындағы №24 орта мектепте білім алған. Ең жолын өзі білім алған Y Түктібаев атындағы №24 орта мектептен ұстаздық қызметін бастаған. 1982 — 1985 жылдар аралыгында педагогикалык училищесiнiн музыка факультетін бітіріп, 1983 жылдан 2002 жылға дейін Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылы №24 opтa мектепте ән — әуез пәнінен сабақ берген. 2002-2005 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің педагог-психолог факультетін бітірген. Осы мектеп ордасында жүріп қаншама оқушысы аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындар иеленіп, оларды музыка саласында шыңдап, мамандық иесі болуына ықпалы тиді. Қазіргі таңда Тайып ағаймыз 63 жас зейнеткерлік жасқа жетіп, 40 жылға жуық қызмет жасаған білім ордасында зейнетке шығуда. Балалықтан-зейнеткерлік жасқа дейін барлық қызметін өз туған жеріне, білім алған ордасына арнаған.
1985-1986 оқу жылынан бастап Тайып ағаймыз 15 қыз бала мен 15 ұл баланы тәрбиелеуде сынып жетекшілік қызметін атқарды. Оқу- тәрибе саласында Рысбике апаймыз 1-4 сыныпта, жас жеткіншек шағымызда Тайып ағайымыз 5-9 сынып аралығында тәрбилелеп ерлі- зайыпты ұстазымыз бірлесе берген білімнің арқасында шәкірттеріне болмысындағы бар қасиетін, құрметін, өмірдегі санасына түйген байлығын бойымызға сіңіре білді. Яғни, шәкірттерінің жүрегіне су сепсе де сөнбейтін алау жағып, рухани құндылықты бойымызға дарытып үлкен биіктерден көрінуге, шыңдарды бағындыру үшін аса зор қабілеттілік қажет екендігін өмір жолымыздағы алтын көпірімізді саралап салып берді деуге болады. Шәкірттерін қиян-шыңға шарықтатып, білімнің қайнар көзімен сусындатып, бала шәкірттерін, дара, дана шәкіртке тәрбиелейтін әрине ол сыныпқа жетекшілік еткен Тайып ағаймыздың ұшқыр ойдың ұтымды тәлім-тәрибесі.
Ағаймыздың алғашқы музыка саласында үйреткен «до-ре-ми-фа-соль-ля-си» және оны «си-ля-соль-фа-ми-ре-да» деп керісінше айтқан ноталарын әлі күнге дейін ұмытқан емеспіз.Үйреткен алғашқы әндері «Ақ көгершін», «Ананың тілі», «Атамекен», «Тырналар», «Менің Қазақстаным» т.б. сол кездегі патриоттық әндері көкірегізде сайрап тұрады. Бұл әндер бізге ағаймызбен өткізкен балалық шақтың бал күндері еске түсіреді. Сонымен қатар сол кездегі өлең шумағында:
«Біздің класс мақтаулы,
Кіл өнерпаз баптаулы,
Сенбесеңдер қараңдар,
Жайдары, Орал әнші қыз,
Гүлмира, Айман биші қыз,
Асқарбек, Дулат күйшіміз,
Нұржамал, Эльмира, Асхат үздіктер,
Бауыржан біздің көрікті,
Қайрат біздің есепші,
Мейрамбек, Дәулет көшбасшы,
Гүлжанат, Еділ ақындар,
тағы басқа тағы бар,
Біз мақтаулы класпыз » -деген ағаймыздың өлең жолдары есімізде. Яғни шабытты шәкірттің санасын шарықтатып, бұлақ көрсе көзін ашқан, әлемге білім нұрын шашатын-ұстаздың орны ерекше.
Тайып ағаймыз бізді тәрбиелегенде өзгелер сияқты ұрысып, ашумен емес, сабарлықпен, ақылдылықпен, байыптылықпен тәрбие бере алды. Ең ұрысқан өзі әлі есімізде ағайдың даусы қатқыл екпінді сөзбен «Болды менің даусым қатты шықса жаман болады» біз соған иланып, ұялып қалатынбыз. Ағаймыз сыныпка кіріп келгенде қас-қабағына қарап отырамыз, көңіл-күйі жақсы болса шулап еркінситінбіз, түрі қатқыл болса қолмызды партаның астында тіземіздің үстіне алақанымызды қойып әнімізді бастап кететінбіз. Яғни, «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады»- деген ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уордтің керемет теңеуі бізді тәрбиелеген Тайып ағаймыздың бойынан ала білдік. Шыны керек, ұстаз ғалымның да, батырдың да, ақынның да білімін үйрететін, төзіммен түлететін адал жан. Осы тұста шәкірт үнін тыңдар болсақ, мына өлең шумақтарында:
Бәйтерек өсер бұтақ жайып талай,
Тыңдаңыз сөзімізді айыптамай.
Өстік біз тентектікпен бозбала боп,
Ұстаздың әрбір сөзін байыптамай.
Түлеткен бізді өмірге тәрбиелеп,
Зейнетіңіз құтты болсын Тайып ағай! деген сол кездегі бозбала, бүгінде үлкен азамат пен азаматшалар игі тілектерін ұсынуда.
Ия, сол мектептің, білім орданың бетке ұстары адамның тірегі-қаңқа болса, мектептің тірегі ол ұстаз. Ұстаз барлық адам баласына жағылған шырақ, ағып тұрған бұлақ деп бағалаймыз.
«Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ата-ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Тайып ағай мен Рысбике апайымыз әр шәкіртіне білім дәнін сеуіп оны аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатымызды қатайтып ұшырды. Ұстаздарымыздан алған үлкен сабақ «Өмірде байлықпен, қызметпен, ақшамен бәсекелеспе, тек бойына нәр беріп тұратын біліммен бәсекелес» деген сөзі шәкірттерінің ұстанымына айналды десем болады. Яғни қалай өмір сүре керек екеніне тәрбиеледі.
Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер — тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Тайып ағаймыздың бойындағы дара қасиет ақындық шығармашылығы, жергілікті компазитор. Жергілікті халық Тайып ағайымызыдң әндерін сүйіп тыңдап, халық арасында айтылып келеді. Олар: «Ак келiн», «Қарындасыма», «Бөпешім» әндері оның ата-анаға, бауырларға, бала мен немереге деген бауырмалдыққа арнаса, «Қазақстан», «Наурыз келді», «Туған жер» әндері туған жерге деген сүйіспеншілік бөлеп, жастарды Отан-сүйгіштікке баулиды. Халқымыздын салт-дәстүрін насихаттаудағы «Қазак едік» әнінің орны ерекше. Жастардың ойынан шыққан «Досыма», «Аңсағаным», «Ерке қыз» әндерінің халық жадында сақталған.
Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбек ұштасуы Тайып ағаймыздың бойында десек қателеспейміз. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тегін айтылмаса керек. Дүниедегі сыйлы да, қадірлі адам — ұстаз. Себебі, шәкірттерін өнерге, білім мен әдепке тәрбиелеп, кәсіп үйреткен ұстаздың алдында біз шәкірттері өмір бойы қарыздармыз деп санаймыз.
Ізгі тілекпен. 1982-1992 жылы бітірген түлектер