Жуматова Калампыр Кошкинбаевна
Батыс Қазақстан облысы
Орал қаласы
Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға
арналған арнаулы мектеп-интернатының
ұзартылған күн тобының тәрбиешісі
«Басқаларды үйрете жүріп біз өзіміз үйренеміз»
Сенека.
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» — деп Сократ айтқандай әрбір ұстаздың ойы, арманы шәкірттерінің өмірден өз орындарын табуы. Бала – кең әлемдегі ең пәк, ең таза асыл жан. Оның ойының тазалығы, арының тазалығы қоршаған ортаға байланысты болмақ. Бала осы ортаны қалай қабылдап, танып білсе, оның алдынан кең әлемнің есігі де солай ашылмақ. Ал сол бала үшін мұғалімнің сөзі – жан азығы. Ол жаныңды өсіреді, жалындатады, қанаттандырады, өмірге қызықтырады, шаттыққа бөлейді, өмір жолын нұрландырады, рухани биікке көтереді.
Міне, қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің жаңа инновациялық оқыту негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі. Бұл өз қызметіне шығармашылықпен қарайтын, жеке басының белгілі іскерлік қасиеті бар адамды қажет ететін жұмыс. Жаңа инновациялық технологияны меңгеру барысында әрбір педагог өзін-өзі дамытады және өзін-өзі қалыптастырады. Шебер ұстаз оқушыға өз бойындағы қабілетін ашудың тиімді жолдарын көрсете алса, бала да бүршіктей ашылып, баршаны таңғалдырып, сүйсіндіре алады.
Оқушы – біздің болашағымыз. Егер ұстаз тек сабақ беруші ғана болса, мектепте жұмыс істеуі қиын болады. Себебі, баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру, білім нәрімен сусындату мұғалімнен басталады. Білімнің кәусар бұлағына ауызданбаған бала уызы жарымаған көтерем қозыдай болады. Оқушының қабілетін аша білмеген мұғалім туған халқының жанын түсінбейді. Ал, халықтың жанын түсінбеу деген – ағаштың тамырын шабумен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып, сая да болмайды, жеміс те бермейді. Міне педагогикалық шеберлік те үнемі жетіліп отыруды қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу өнері. Осы өнерге балаларды сүйетін және өз қалауымен жұмыс істейтін педагогтың қолы жетуі мүмкін. Педагог – өз ісінің шебері, жоғары мәдениетті, өз пәнін терең меңгерген, ғылым мен өнердің тиісті салаларынан хабардар, жалпы, әсіресе, балалар психологиясының мәселелеріне қанық, оқыту мен тәрбиенің әдістемесін жетік игерген маман. Өркениеттің прогрессивті дамуының негізгі қозғаушы күші шығармашыл тұлға екені белгілі. Біздің заманымыздың электрондық, атомдық, ғарыштық деп аталып жатуының өзі адамның ақыл-ойының, санасының жетілгендігінің нәтижесі, бір сөзбен айтқанда, осының бәрі адам шығармашылығының, жетістіктерінің көрінісі.
Жаңа технологияның да алдына қойған мақсаттарының бірі әрбір баланың өз бойындағы шығармашылық әлеуетін тани және аша білуге, өзінің эмоциялық көңіл күйі мен мінез-құлық мотивтерін ұғына білуге, бағалай білуге мүмкіндік туғызу. Мұғалім балалармен жеке тұлға ретінде қарым-қатынасқа түсе отырып баланы өзі туралы айтуға, баға бере білуге, өзінің сезімін, мінез-құлқын, әдет дағдысын бақылай және басқара білуге, сонымен бірге жанындағы адамдарды табиғи болмысымен қабылдау, ізгі ниет, ықылас таныта білуге бағыттайды.
Жаңа технологияны қолдана отырып, оқушы бойына мейірім мен рахымшылдықтың, адамгершіліктің, әділдіктің, шынайылықтың дәнін себуге болады. Болашақ ұрпақтың бойына рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыру әбден мүмкін. Сонымен бірге жас ұрпақтың қабілеті мен мүмкіншілігін жан-жақты ашып, адамгершіліктің биігіне көтеретін, ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен өткізуге жетелейді.
Әр баланы керемет рухани күш иесі деп қарап, оның шетсіз шексіздікті үйренсем деген ұмтылысына уақытында көңіл бөліп, демеу жасасақ, қуаттандырсақ жүрегі нұрға толы, жан-жағына шуағын шашып тұрған мейірімді, адамгершілігі мол, үнемі талпынып тұратын, өз елін, жерін, тілін отбасын сүйетін, еңбекқор, адал адам тәрбиелеп шығаруымыз сөзсіз.
Жаңа технологияны меңгерген мұғалім жанарынан шуақ тамған, жалындай лаулап, балаларды баулап алуы керек. Сонда ғана бала жүрегі шешек атады. Басқаға жан жылуын жеткізе алады. Бойында барын ортаға салады. Өзін танытады, өзгені де бар күйінде мойындайды, кешірімді болады.
Міне, осындай үйлесімділік болған жағдайда бүгінгісін ғана емес, болашағын сәулелі күйде елестетіп, алға ұмтылатын, арманшыл, қиялы асқақ, рухы биік азамат тәрбиелеуге болады. Жаңа технологияны меңгеру – сол көздеген нысанаға жетелейтін шамшырақ іспетті деп түсіндім.
Сондықтан, оқушылардың білім алу кезіндегі шығармашылық белсенділігі, өз беттерімен білімді игеру дәрежелері мұғалімнің шеберлігімен байланысты. Еліміздің әрбір жеткіншегін дара тұлға ретінде жетілдіру, оның шығармашылық қабілеттерін құзыреттілік тұрғыда дамыта отырып, нағыз ел азаматы етіп тәрбиелеу – біздің қолымызда.